Жеңіл автокөліктің 65%-і ескі
Жеңіл автокөліктің 65%-і ескі
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 3 870 318 жеңіл автокөлік бар. Бұл көрсеткіш елдегі әр бесінші адамда жеңіл автокөлік бар дегенді білдіреді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, әр 100 адамның жиырмасының атына жеңіл автокөлік тіркелген. Елде тіркелген жеңіл көлік саны жыл сайын шамамен 100 мыңдап көбейіп жатыр. 2020 жылдың қаңтарынан бері 232 125 дана көлік тіркелсе, 130 700 дана көлік тіркеуден шығарылған. Тіркелген жеңіл автокөліктердің 65%-і ескі, яғни зауыттан шыққанына 10 жылдан астам уақыт өткен. Эколог Азаматхан Әміртайдың айтуынша, елде ескі көлік саны көбейген сайын оның экологияға зияны да көбірек тиеді. Маманның айтуынша, зауыттарға қарағанда ескі көліктердің зияны көп. Автокөліктер ауаны ластап қоймай, қоршаған ортаны ауыр металдармен, улы сұйықтықтармен және тотпен ластайды.

Жеңіл автокөліктің 88,5%-і бензинмен жүреді

Қазақстандағы автокөліктердің 88,5%-і тек бензин қолданады, 7,6%-і аралас жанармай (бензин, газбаллон мен электр жанармай), ал 2%-і дизель жанармайын пайдаланады. Ал Ұлттық статистика бюросы Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйеніп, 2021 жылдың қаңтарына дейін Қазақстанда электр энергиясының көмегімен жүретін 550 дана автокөліктің бар екенін жазды. Бұл елдегі барлық көліктің 0,01%-і. Электр энергиясын қолданатын көліктің 51-і Алматыда, 43-і Нұрсұлтанда, ал 423-інің қай жерде тіркелгені анықталмаған.  width=

"Қазақстандағы бензиннің сапасы нашар"

Қазақстан Үкіметінің азаматтарға жаңа көлік алуына мүмкіндік жасауына бірден бір себеп – экология мәселесі. Экологтардың айтуынша, Қазақстан әлі бұл мәселені оңтайлы шешіп жатқан жоқ. Қазірдің өзінде елдегі жеңіл көліктердің 90%-ке жуығы бензинмен және дизельмен жүреді. Эколог Азаматхан Әміртайдың пікірінше, Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан жаңа көлік алуға шамасы жетпейді. Сондықтан олар шетелден, әсіресе Ресейден ескі жеңіл автокөлік сатып алуға мәжбүр. Маманның айтуынша, ірі қалалардағы ауаның ластануына автокөліктен шығатын улы газдың үлесі басым. "Сонымен бірге Қазақстандағы жанармай еуростандартқа сай емес, бензин сапасы нашар. Ал нашар жанармай экологияға 2-3 есе кесірін тигізеді. Ең аз дегенде елдегі көліктерді, сонымен қоса қоғамдық көліктерді де газбен жүретін ету қажет", – дейді эколог.

Қазақстандағы 2,5 миллион автокөлік ескі

Қазір елдегі 3 870 318 жеңіл автокөліктің 64,5%-інің зауыттан шығарылғанына 10 жылдан астам уақыт, 14,8%-іне 3-7 жылға дейін, 12%-іне 3 жылдан аспайтын уақыт өткен. Ал 6,9%-інің зауыттан шығарылғанына 7-10 жылға дейін мерзім болған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, 10 жылдан асқан автокөліктер Алматы облысында ең көп тіркелген. Қазақстандағы барлық ескі автокөліктің 15,5% немесе 385 720 данасы осы өңірде. Ал ең азы – Атырау облысында (1,5% немесе 36 945 дана).

Ведомство мәліметінше, шыққанына 3 жылдан аспаған жаңа автокөліктердің 30%-і Нұр-Сұлтан мен Алматыда тіркелген.

Нұр-Сұлтан (барлық жаңа автокөлік санынан 13,7% немесе 63 266 дана) мен Алматыда (16,9% немесе 78 079 дана) тіркелген.

Жаңа автокөліктер Жамбыл (1,8% немесе 8 111 дана) және Түркістан облыстарында (1,9% немесе 8 877 дана) ең аз тіркелген.

 width=

Әр бесінші қазақстандықтың жеңіл көлігі бар

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, әр өңірдің халқын 100 адамға шаққанда ең көп көлік Алматыда (23,6), СҚО-да – 23,3 дана, Нұр-Сұлтанда – 23,1 дана.  width=

Қазақстан ескі автокөлік санын қалай азайтпақшы?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, елде 2015 жылы ескі көліктердің үлесі 72,5% болған. Содан бері бұл көрсеткішті төмендету үшін қайта өңдеуге төлем енгізу және жеңілдетілген автонесие түрінде мемлекеттік ынталандыру шаралары қолданылған. Нәтижесінде бес жылда ескі көліктер саны 8%-ке азайған. Жаңа көлік сатып алуға сертификат 2017 жылы 26 маусымда Қазақстанда ескі көліктерді тапсырушыларға жаңа көлік сатып алуына жеңілдік беретін сертификат бағдарламасы іске қосылды. Қазір бұл бағдарламаның орындалуына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «ӨКМ (Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) операторы» жауапты. ӨКМ қызметкерінің айтуынша, жеңілдік сертификаты атаулы, бірақ оны өзгенің атына тіркеуге болады. Бұл ретте басқа біреуге тіркеу екі реттен артық жүргізілмейді. Сертификатты мемлекетке қайтарып беруге және қолма қол ақшаға ауыстыруға тыйым салынған. Ол тіркелген күннен бастап 12 айға дейін жарамды. Сол мерзімде автокөлігін қайта өңдеуге тапсырған азамат мемлекет берген сертификаттағы қаржыны пайдаланып, жаңа автокөлік сатып алып үлгеруі қажет. ӨКМ операторының Aikyn.kz-ке жіберген хабарламасы бойынша, былтыр қазақстандықтар тозығы жеткен 8 651 техниканы жеңілдік сертификатына айырбастаған. Осы бағдарлама бойынша 2020 жылы 5 352 жеңіл автокөлік, 415 дана жүк көлігі, жолаушылар тасымалдайтын 12 көлік және 2 дана агротехника сатып алынды. Осы машиналарды сатып алу үшін 11 076 жеңілдік сертификаты қолданылған. 2020 жылы жеңілдік сертификаты арқылы саудаланған көліктердің көшін Hyundai маркасы бастап тұр. Одан кейінгі орында Ravon мен Lada маркасы. Kia мен Chevrolet  үздік бестікті түйіндеген. "Жеңілдік сертификатын отандық автоқұрастырушыдан жаңа ауыл шаруашылығы техникасын немесе елімізде шығарылған жеңіл, жүк және жолаушылар көлігін сатып алатын кезінде пайдалануға болады. Бір көлік сатып алғанда 2 сертификатты біріктіріп қолдануға болады", - делінген хабарламада.

Жеңілдік сертификаты арқылы жаңа көлік сатып алуға болатын автокөлік маркасы мен модельдер тізімі

Автоөндіруші Марка Модель түрі
Hyundai Trans Kazakhstan Hyundai Santa Fe, Palisade, Elantra, Sonata, Tucson ix35, Creta, Accent
Daewoo Bus Kazakhstan   ЛиАЗ 5292, 4292, 5293
ПАЗ 3203, 3204
ГАЗ 3221, А6, 2217
Daewoo BH 120
«СемАЗ» ЖШС Газ 3302, 2705, 2310, 2752, А, А6, 3308
Shacman SX3258, SX5258
Dong Feng BWC6665GA5
УРАЛ 6929Z, 6929M, 6929H, 6929V, 5701,5702, 5703, 5704, 6701, 6702, 6703, 6704, 5301, 5302, 6301, 6302, 6401, 6402, 5705, 6705, 6706.
«Сарыаркаавтопром» ЖШС   Chevrolet Tracker, Tahoe, Trailblazer, Traverse, Malibu, Cobalt, Nexia (R2,R3,R4), Labo, Damas DLX, Damas VAN, Spark, Niva
Hyundai Tucson, Elantra, Santa Fe, Sonata, Creta, Accent
JAC S3, S5, S7, J7, T6, N721, N350, X200
Ravon Nexia (R2,R3,R4)
УАЗ 3163, 2206, 3962, 2924, 2363, 3303, 3741, 3909
Қостанай Трактор Заводы Кировец К-730, К-735, К-739, К-742
АгроМашХолдинг Lovol TE-354, TB-604, TD-904, TD-1304  
Кировец  К-730, К-735, К-739, К-742
Essil КЗС-730, КЗС-740, КЗС-750, КЗС-760, КЗС-790
КСК 600-03
Композит Групп   Беларус  112-Н-01, 132-Н-01, 132Н, 132МТ, 152, 320.4, 422, 422.1, 622, 80Х, 80.1, 82.1, 892, 892.2, 920, 920.2, 921, 921.3, 952, 952.2, 1025, 1025.2, 1025.3, 1221.2, 1221.2Т, 1523, 1523В, 2022.3, 2103,  3522
КАИК ЖШС  Беларус  80.1, 82.1, 892, 892.2, 952, 952.2, 1221.2, 2375, 2400
ACROS (комбайн)  585, 595 Plus
TORUM (комбайн) 750
Ескі көлік құралдарын жою бағдарламасы қазақстандық автоөндірісті ынталандыруға және утилизация саласының инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. ӨКМ операторы жаңа өндірістік кезеңге көшті: бұдан былай автокөліктер қабылданатын бекеттерде олар бірден жоюға әзірлене бастайды. ӨКМ операторының ресми сайтында 2021 жылдың 11 қаңтарынан бастап істен шыққан көлік құралдарын қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы жалғасатыны хабарланған. 11 қаңтардан бастап Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Семей, Талдықорған, Тараз, Өскемен және Шымкент қалаларындағы қабылдау бекеттері жұмысын бастайды. Ал 18 қаңтардан бастап Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Петропавл және Орал қалаларындағы қабылдау бекеттері жұмыс істейді. 1 ақпаннан бастап Алматы мен Шымкент қаласындағы екінші қабылдау бекеті жұмысын жалғастырады. 2021 жылы АЕК мөлшерінің өзгеруіне байланысты толық жиынтықтағы ескі көлікті тапсырғандарға берілетін ақшалай өтемақы ұлғайды. Жеңіл көліктің толық жинтығына 72 АЕК (210 024 тг), толық емес жиынтыққа 54 АЕК (157 018 тг) өтемақы беріледі. Басқа көлік түрлеріне берілетін өтемақы мөлшерін мына сілтемеден көре аласыз. "Көлік қабылдау бекеттерінің мекенжайын Recycle.kz сайтынан білуге болады.  Ескі көлік тапсыру тәртібі туралы ақпарат «Қалдықтарды басқару», «Ескі көліктерді қабылдау» бөлімдерінде жазылған. Кеңес алу үшін төмендегі нөмірге хабарласа аласыз +7 707 772 79 62. Істен шыққан ауылшарушылық техникасын кәдеге жаратуға қабылдау туралы ақпарат қосымша хабарланатын болады", – делінген ӨКМ операторы сайтында. Жеңілдетілген несие Кейінгі алты жылда мемлекет екінші деңгейлі банктерге 82 млрд теңге бөлген. Ал екінші деңгейлі банктер сол қаржыға қазақстандықтарға 4% мөлшерлемемен автонесие беруге тиіс. Бұл бағдарлама бойынша алынатын көлік құны 15 миллион теңгеден аспауы керек. Несие 7 жылға беріледі. 2020 жылы "Қазақстанның даму банкі" жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасын қаржыландыру мақсатында банктерге 20 млрд теңге кезекті транш жіберген. 2015 жылдан бері осындай алты транш жіберілген.
«Атап айтқанда, 2015-2016 жылдары Ұлттық қордан жалпы сомасы 26 млрд теңге болатын екі транш, 2018-2019 жылдары Республикалық бюджеттен жалпы сомасы 16 млрд теңгеге екі транш, 2019-2020 жылдары ҚДБ облигацияларды шығару арқылы «Қазақстан тұрақтылық қоры» АҚ-дан 40 млрд теңгеге қарыз алуды жүзеге асырды, – делінген хабарламада.
"Қазақстанның даму банкінің" хабарлауынша, қазақстандықтар жалпы сомасы 98 219 млн теңгеге жеңілдікпен 20 629 отандық автокөлік сатып алған. Бағдарлама бойынша сатып алынатын көліктердің орташа құны 4,7 млн теңгеден аспайды. Жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына қазақстандық екі автоөндіруші –  «СарыарқаАвтоПром» ЖШС және «Азия Авто» АҚ қатысып жатыр.  Автонесие алушыларға осы кәсіпорындар шығарған автомобильдер, «JAC», «Chevrolet», «Ravon», «УАЗ», «Hyundai», «Kia», «Skoda», «LADA» сияқты брендтердің 42 моделі ұсынылған. Алтыншы транш аясында бөлінген 20 млрд теңгенің 13 млрд теңгесі Ресей банктерінің еншілес ұйымдары – «Сбербанк» АҚ  (8 млрд теңге) мен «Банк ВТБ» (Қазақстан) АҚ-на (5 млрд теңге) жіберілген. Ал «ForteBank» АҚ – 5 млрд теңге, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ  2 млрд теңге алған. "Қазақстанның даму банкі" сайтында жариялаған мәліметтерге сүйенсек,  бағдарлама бойынша ең жоғары лимитке Сбербанк ие. Банк жеңілдетілген несие беру үшін 19,1 млрд теңге алған. Ал екінші орында Қазақстан Халық банкі тұр – 14,1 млрд теңге, үшінші орында Еуразиялық банк – 11,1 млрд теңге, одан әрі ЦентрКредит Банкіне – 7,7 млрд теңге, ВТБ-ға – 6,5 млрд, ForteBankке – 1,64 млрд, АТФ Банкке – 1,6 млрд теңге бөлінген. Айта кетейік, "Қазақстанның даму банкі" АҚ – Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын жаңғырту мен дамыту жөніндегі ұлттық даму институты. Айта кетейік, Ұлыбритания билігі 2040 жылдан бастап бензинмен, дизельмен жүретін автокөлік шығаруға тыйым салды. Сонымен бірге Батыс елдерінің көпшілігінде дизельмен жүретін көліктерге тыйым салды.