Air Astana 2020 жылғы EBITDAR-дың құлдырауынан кейін көрсеткіштерді жақсартып жатыр
Air Astana 2020 жылғы EBITDAR-дың құлдырауынан кейін көрсеткіштерді жақсартып жатыр

Air Astana-ның 2021 жылғы қаңтар мен ақ­пан­дағы қаржы көрсеткіші 2017 жылдан бері ең жо­ғары деңгейіне жетті. Былтыр пайда (EBITDAR*) 33,1 млн АҚШ доллары көлеміне дейін төмендеп, 2019 жылдағы көрсеткішінен 81%-ға қысқарған болатын. Коронавирус індеті ке­сірінен толық немесе жартылай локдаун сал­дарынан 2020 жылы тасымалдау көлемі 47%-ға, ал компания табысы 55%-ға төмендеді. Тасы­малданған жолаушылар саны 28%-ға, яғни 3,7 млн адамға дейін азайды.

Жыл қорытындысына қатысты әуекомпания президенті Питер Фостер былай деді: «Індеттің халықаралық саяхаттарға деген кері әсері айдан анық болса да, әуе компаниямыз өз тұрақтылығын сақтап қала алды. Мамыр айында ішкі рейстер қайта жалғасып, FlyArystan бюджетті бөлім­шеміздің жолаушылар саны 110%-ға өсті. Бір Boeing 767 ұшағын жүк ұшағына айналдыру арқасында әуежүк тасымалының көрсеткіші де артты. Халықаралық бағыттардың біртіндеп қайта ашылуы мен жаңа курорттық бағыттардың ашылуы да өткен жылдың соңғы аптасында та­быс деңгейінің және жүктеме коэффицентінің ұлғаюына алып келді. Бұл үрдіс биыл да сақ­талып, осы жылға жақсы мүмкіндіктер болжауға негіз беріп отыр». Жақында Air Astana Мәскеу, Дубай, Ташкент, Франкфурт, Сеул, Бішкек, Киев, Стамбұл, Анталья мен Шарм-эль-Шейхке рейстерін қайта жалғастырып, сонымен қатар Мальдив арал­дары, Матталаға (Шри-Ланка) және Хургадаға (Мысыр) қатынай бастады. 2020 жылы әуе­компания Boeing 757 пен Embraer 190 ұшақтарын өз әуефлотынан шығарып тастады. Енді негізгі халықаралық рейстерде әуекомпания Airbus 321 Long Range бен заманауи Boeing 767-ті қол­данады. Питер Фостер «індет салдарынан кейін нарықтың баяу қайта қалпына келуіне қарай әуе­компания­ның бағыттар желісінің елеу­лі жаңартуы мен жоғары қызмет көрсету деңгейі өз пайдасын кел­тіреді», – деді. *EBITDAR – жалдау төлемге, амортизацияға, тозуға, пайызға, салыққа дейінгі пайда.

Серік ӘЛІМЖАНОВ, Алматы