Алғыс айту күнін Жамбыл облысының тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алынып, айрықша атап өтті. Мереке Тараз қаласындағы «Арбат 1» аллеясында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
– Баршаңызды ризашылық пен мейірімділіктің мерекесіне айналған Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен бұл мереке 2016 жылдан бері аталып өтеді. Бұл күн – ең алдымен, тыныштық пен үндестік, бейбітшілік пен келісімнің салтанат құрған күні. Бүгінде Жамбыл жерінде 87 этнос, 21 этномәдени бірлестік өкілдері Ассамблея құрамында бірлік пен татулықта өмір сүріп жатыр. Өңірде күрд, түрік, дүнген және өзге де ұлттар тығыз шоғырланған 5 аудан бар. Көпұлттылық – біздің басымдығымыз, ал бірлік – сарқылмас байлығымыз, – деді аймақ басшысы. «Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің» төрағасы А.Зайнутдинов пен №34 орта мектептің директоры, «Дүнген этномәдени бірлестігінің» белсенді мүшесі Д.Нұралиева да сөз алып, егеменді елімізде бейбіт және берекелі өмір сүріп жатқаны үшін алғысын айтты. Гүл қою рәсіміне зиялы қауым өкілдері, Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер басшылары мен белсенділері, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің өкілдері мен жастар қатысты. Мерекелік шарада этномәдени бірлестіктердің 10 шатыры тігіліп, онда этномәдени бірлестіктердің қолөнері және «Достық дастарқаны» ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды. Мерекелік шараның қонақтарын «Қазақ этномәдени бірлестігі» «Қазақ осы» әнімен қарсы алса, «Өзбек этномәдени бірлестігі» көпшілікті ұлттық әндерімен сергітіп, мереке көркін қыздыра түсті. Шара барысында тал егу акциясы бастау алып, шырша көшеттері отырғызылды. Осындай көтеріңкі көңіл күймен басталған мереке барлық ауданда да жалғасын тауып, көпшілік бір-біріне алғысын айтып, татулық пен бірлік салтанат құрды.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы