Ақмолалықтар магнитті-резонансты томографиялық аппараттан денсаулығын тексертуге тегін өте алмағанына алаңдаулы. Емханаларда тегін қабылдамай, тұрғындар қалтасын қағып, бәрін ақылы емханалардың алдына тосуға мәжбүр. Ал бірыңғай мәліметтер базасы тегін зерттеуге орынның мүлде жоқ екенін көрсетеді. Көпшілікті толғандырған мәселені білу үшін біз Ақмола облысының көпбейінді ауруханасына жүгіндік. Облыстық аурухана базасында бүгінде өңірдің бюджеттік ұйымдарының арасында жалғыз магнитті-резонансты томография (МРТ) жұмыс істейді.
Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жаровтың айтуынша, жаңадан әкелінген магнитті-резонансты томография аппараты аурухана базасында өткен жылдың соңында ғана пайда болған. Заманауи аппарат түрлі кеңейтілген функцияларға ие. «Магнитті-резонансты томография жасалуы тиіс емделушілер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде зерттеу тегін жүргізіледі. Бірақ магнитті-резонанстық томография зерттеуінен тегін өту үшін мамандардың осыған көрсетімдері мен алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жолдамасы болуы тиіс. Біз бірыңғай ақпараттық жүйеде болғандықтан, қазір барлық жолдама өту кестесі болатын электронды базада белгіленеді. Яғни, үлкен кезектің пайда болғанына таңғалуға болмайды. Бұл өңірдің бюджеттік ұйымдарындағы жалғыз аппарат болғандықтан, кезек үлкен, ал тегін магнитті-резонанстық томографиядан өткісі келетіндердің қатары қалың. Әрине, аппарат көп емделушіні бір мезетте аздаған уақыт аралығында өткізуге қауқарсыз. Мәселен, қазірдің өзінде алдағы айға магнитті-резонансты томографияға жазылып қойған адамдардың кезегі толып тұр. Біз қазір күніне 10 зерттеуге дейін ұлғайттық. Бір адамды аппаратта зерттеуге бір жарым сағат уақыт шығындалады. Біз екі ауысымда жұмыс істейміз. Қазір жұмыс ауысымының ұзақтығын тағы ұлғайту үшін мамандар тарту мәселесін қарастырып жатырмыз», – дейді Нұрлан Жаров. Егер адамдар жолдамамен емес, өзінің қалауы бойынша зерттеуден өтуге ниетті болса, яки оған бұл зерттеуді тез арада жасау қажет болса, ол қызмет ақылы түрде көрсетіледі. Дегенмен тегін магнитті-резонанстық томографиядан зерттеуге орын болмағанымен, іс жүзінде ақылы зерттеуге орын жетерлік болып шықты. Зерттеуді ақылы түрде өтетіндерге басымдық беріле ме? Аталған сауалды облыстық аурухананың амбулаториялық-емханалық көмек бөлімінің басшысы Райхан Мұқатоваға қойдық. Оның айтуынша, аурухана ай сайын жүйедегі жұмыс кестесін қойып отырады. «Қазір барлығы да электронды түрде жұмыс істейді. Бұл кестелер барлық медициналық мекемеге қолжетімді. Олар осы кестеге сәйкес емделушілерді магнитті-резонансты томографиялық зерттеуге жаза алады. Көбіне айдың басында магнитті-резонансты томографияға орындар бір айға толып тұрады. Ал бұл процедураға қазір бізде жалғыз аппарат болғандықтан, халық арасында қатты сұраныс артқан. Екіншіден, магнитті-резонансты томографияға зерттеуге жолданғандардың саны аса көбейіп кетті. Өйткені әрбір маман емделушінің диагнозын нақтылауға құқылы. Сонымен қатар адамдардың өздері де денсаулығын осы магнитті-резонансты томографиялық аппаратта тексергісі келеді, – дейді Райхан Мұқатова. Дегенмен бұл бағытта да болашақта күрделі өзгерістер болуы ықтимал. Өйткені облыстық ауруханадағы мамандар МРТ аппаратында жұмыс істеуге арнайы оқытудан өткізіліп жатыр екен. «Ал наурыз айында тегін орындардың саны бірден жетіден он адамға дейін көбейеді деп күтеудеміз», – дейді дәрігер мамандар. Сонымен қатар алдағы наурыз айында Ақмола облыстық ауруханасының онкологиялық емханасында тағы бір магнитті-резонансты томография аппаратын іске қосу жоспарланыпты. Бұл қазір жұмыс істеп тұрған аппараттың жүгін біршама жеңілдетуі тиіс. Сонымен ақмолалықтарға тағы бір магнитті-резонансты аппараттың пайдаланылуға берілуін күтуге тура келеді. Сонда ғана денсаулығын заманауи медициналық аппаратта тегін тексеруге мүмкіндік пайда болмақ. Ал егер тағы да сан түрлі себеппен тегін өту мүмкін болмаса, ақылы аппараттан өтуге мәжбүр. Ал қазір тек бастағы миды тексерудің өзі 34-35 мың теңге тұратынын ескерсек, жалақысы орташа тұрғындардың қаншалықты қалтасы қағылатыны белгілі...Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы