Атырауда жауған қалың қар мен сықырлаған сары аяз тұрғындар мен коммуналдық сала қызметіне жауапты адамдарды әуреге салды.
Ақпанның ақтүтек боранында адам да, ірі қара мал да ықтасын іздеп адасты. Тұрғын үйлер салқындап, жылу мардымсыз болып, ауызсу құбырлары жарылып, көктайғақта аяқ-қолын сындырғандар көбейді. «Орал – Атырау» тасжолында жол-көлік оқиғаларынан бірнеше адам қайтыс болды. Жиырма жылдан бері боранды күндер алыстап, аптап ыстық ауа райына үйреніп қалған атыраулықтар үшін ақпан айындағы ақтүтек боранды күндер жылға бергісіз болды. Көгілдір отынмен қамтамасыз етілген жеке үйлер де, жылумен қамтамасыз етілген тұрғын үйлер де суып кетті. Тұрғындар жергілікті атқарушы биліктен мұның себебін түсіндіруін талап етті. Облысты газбен қамтушы мекеме өкілдері ауа райының қатты суытуына байланысты бүкіл қала бойынша тұрғын үйлер мен өндірістік ұйымдарда газ толық қуатпен берілді, сондықтан желілердегі қысым төмендегенін айтады. Боран мен аяз қысқан күндері Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін «Союз» магистральды газ құбырында апат болған. Осыған байланысты ресейлік газ тасымалы тоқтатылды. «ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық операторы жеткізілмеген көлемнің орнын толтырып, Атырау облысындағы тұтынушыларды тұрақты газбен қамтамасыз ету үшін «Құлсары», «Мақат», «Жанғала» компрессорлық стансаларында жедел ауыстыру жұмыстарын жүргізді. «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлерінің жедел шаралары арқасында Атырау облысында 21 газ тарату стансасы, 1 жылу электр стансасының және 1 газ турбиналық электр стансасының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осылайша, тұтынушылардың барлық санаты үшін тауарлық газдың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді. Дей тұрғанмен, «Жұмыскер» елді мекенінде газбен қамтуда проблемалар туындап, апат орнында арнаулы бригада жұмыс істеп, ақауды жөндеп, тұрғындарға газ берілді. «Алмагүл» ықшамауданында жылу құбыры жарылып, оны да апаттық бригада санаулы уақытта жөндеп іске қосты. Ақпанда қаһарына мінген боранды әрі көктайғақ күндері «Қазавтожол» ҰК АҚ мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, барлық бағыт бойынша республикалық, облыстық маңызы бар автожолдарды жабу туралы шешім қабылдады.