Азат елдің нышаны
Азат елдің нышаны
203
оқылды

Мемлекеттік рәміздер – ел жүрегінің соғысы, ел тілегінің тоғысы. Оны ел төріне, ұлық тұғырына көтерілген жалпының жан жалауы десе де болады. Онда ел деп соққан жүректердің дүрсілі бар. 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел Парламентінің VIII сессиясының отырысына қатысты. Осы тарихи жиында Жоғарғы Кеңес Қазақстанның жаңа символдарын – мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны бекітті.

Рухтануға ұлы бетбұрыс

Мемлекеттік рәміздер – ұлттық өрлеудің ұстыны, рухтың бөлінбес бөлшегі болып есептеледі. Сон­дықтан «бұлар қайта рухтанбасын» деген пиғылмен Кеңес Одағы Қазақ Республикасының Туы мен Ел­­таңбасынан кеңестік ортақ қа­­­лыптан еш ерекшеленбейтін, кө­­мескі дүние жасады. Ал ҚазКСР Әнұранында жарқыраған күнді «ал­мастырған» большевиктер кө­семі дәріптелді. Сол кездегі Әнұра­нымызда: «Көп алғыс айта­мыз ұлы орыс халқына» деген жол болатын. Зерттеушілер «бірде-бір мем­ле­кеттің Әнұранында өзге халыққа алғыс білдіру жоқтығын, мұның нонсенс екенін» тек бертінде ғана айта алды. ХХ ғасырдың 20-жылдары қабылданған ҚазКСР Елтаңбасы сол кездегі Ресей елтаңбасынан көп ерекшеленбейтін, тек онда «РСФСР» орнына «ҚССР» және «Барлық елдердің пролетарийле­рі, бірігіңдер!» деген қазақ, орыс тіл­деріндегі жазу болды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жарияла­ған соң елде мемлекеттік нышан­дар­ды – Ту, Елтаңба және Әнұранды жаңадан әзірлеуге қызу дайындық жұмыстары басталды. 1992 жылдың басында мемлекеттік Елтаңбаға, мем­лекеттік Туға және мемлекеттік Әнұранға байқау жарияланды. Оған қатысушылар Тудың – 1 200, Елтаңбаның – 245, Әнұранның  750 жобасын ұсынды. Конкурс нәтижесінде 1992 жыл­ғы 4 маусымда Жоғарғы Кеңес ар­ғымақ пен шаңырақ бейнеленген Елтаңбаны және көк байрақты қабылдады. Елтаңба авторлары – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков және Шот-Аман Уәлиханов. Ту авторы – суретші Шәкен Нияз­беков. Сол күні Жоғарғы Кеңес депу­тат­­­тары алдында сөз сөйлеген Тұңғыш Президент осы арқылы жаңа ел мен азат қоғамды құруға түбегейлі бетбұрыс жасалғанын мә­лімдеді. – Жоғарғы Кеңестің рес­­пуб­ликаның мемлекеттік символ­дарын қабылдауы – қазақ этносы және елімізді мекендеген өзге ұлттардың өкілдері үшін тек таптық қоғамның тозығы жеткен ескі атрибуттарын ауыстыруды ғана білдірмейді. Жаңа мемлекеттік Ту мен мемлекеттік Елтаңбаның басты идеясы сол, олар республикамыздың демократиялық және құқықтық мемлекет құруға, жаңа қоғамды қалыптастыруға түп­­­кілікті бетбұрыс жасағанын паш ете­ді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ашық аспан мен азаттық ұлықталды

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылым­­да­рының докторы, 1991-1993 жыл­дары Премьер-Министрдің орын­басары, Президент кеңесшісі бол­­ған Мырзатай Жолдасбеков сол кездегі тарихи оқиғалардың куәгері ретінде бізге бір естелігін айтып берді. «Тұңғыш Президентіміз тәуел­­­сіздікке қол жеткізген Қазақстанның төл байрағын таңдап алу үшін ар­найы комиссия құрды. Ол ко­­мис­сияның төрағасы болып, сол кездегі Жоғарғы Кеңестің төрағасы Серік­болсын Әбділдин тағайын­­далды. Мен сол комиссия жетек­шісінің орынбасары болып бекідім. Елде мемлекеттік Ту авторы ретінде та­рих­та қалу үшін нағыз күрес бас­тал­ды» деп әңгімеледі М.Жол­­­дас­беков. Талай ғасыр ата-баба аңсаған азаттық талай жанды рухтандырған кез. Комиссияға өзі әзірлеген ту үлгісін әкелушілер легі бір мезет толас таппаған. «Ту нұсқалары Жоғарғы Кеңес­тің үлкен залына ілінді, – деп са­бақтады сөзін М.Жолдасбеков. –Тарихқа үлес қосу үшін біздің Шер­хан Мұртаза да өзі қалаған туын әкеп ұсынды: оның туы Сүйін­бай баба­мыз жырлаған бөрілі байрақ еді. Ал Серікболсынның көңілі Абылайдың ақ туына құлағанын білдім. Мен жігіттермен ақылдасып, оларға өз ойымды айттым: «Негізі, Абы­лай­дың ақ туы бола қоймас, себебі ол ақ ту арманға жеткен жоқ. Екін­шіден, арқада алты ай қыс болады, аппақ қардың аясында ақ ту көрінбей қалуы мүмкін» дедім. Сөйтіп жүргенде Таразда бірге өскен, интернатта бірге жатқан до­сым, белгілі қылқалам шебері Шә­кен Ниязбеков бізге келіп, жағ­дайымды сұрады. Мен оны байқауға қатысуға үндедім. Бұған дейін ол депутаттардың кеудеге тағатын белгісін жа­са­ған. Ол қатысуға ке­лісті. Көп ең­бек етті, ақыры қазіргі Туымыздың жобасын жасап шықты. Несін жасы­райын, осы жобаны өткізудің амалын іздедім». Оның сәті түсті. Техникасы тоза бастаған «Қазақфильм» студиясын қайта жаңғырту мәселесі жоғары деңгейде қаралатын болды. М.Жол­дасбеков суретшіге хабарласып, туын сол жерге әкелуді ұсынады. Және оны мәжіліс залының кіре­берісіне қойғызған. Студияға Үкімет басшылығын ертіп, Тұңғыш Президент келеді. Жолай туды көріп, қасына аялдап: «Мынау не?» деп сұрады. «Болашақ мемлекеттік Ту осы болса деп тұр­­мыз!» дейді комиссия төрағасының орынбасары. Елбасы көп кідірмей ішке кіріп кетеді. Отырыста кино­студияны қалпына келтіру мәселесі шешіліп, талқылау түйін­делген соң жұрт сыртқа шықты. Нұрсұлтан Әбішұлы кенет кілт бұрылып, туға зер сала қарайды. «Жалпы, идеясы жақсы екен!» дейді ойлана. Ертеңіне конкурс қорытындысы шығарылады. Соңғы шешімді қа­былдау үшін Жоғарғы Кеңестің үлкен залына Нұрсұлтан Назарбаев кірді. Мемлекет Көшбасшысы зал бойы қойылған ту жобаларын аралап шыққан. Артынша қызыға бақылап тұрған комиссия мүше­леріне келді: – Мынау көк Туда біздің ашық аспанымыз бейнеленіпті. Әрі Бі­ріккен Ұлттар Ұйымының туы да көк. Оның үстіне бұл – бейбітшілік пен азаттық белгісі. Көк түсті мұ­сылмандар да жақсы көреді. Күн ас­­тында қазақтың көк қыраны қа­нат керген. Осы болсын! – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының пәтуалы байла­мымен көк байрақ ресми бекітілді.

Ұлы даланы рух кернеген күн

1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш мемлекеттік Әнұранының әуені, ал 11 жел­­тоқсанда мәтіні бекітілді. Әуенін жазғандар – Мұқан Төлебаев, Ев­гений Брусиловский, Латиф Ха­миди (яғни, 1943 жылы қабыл­­данған Қазақ КСР-інің Гимнінің әуені сақталды). Жаңа мәтінін жаз­ғандар – Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева. 1992 жылы қабылданған мем­­­лекеттік Әнұран өз міндетін толық атқарды. Әнұран 14 жылдай елі­міздің Тұңғыш Президентімен бірге жер шарлап, дүниежүзі елдерінің ең құрметті де мәртебелі төрінде орын­далды, қазақ деген халықтың үнін бейтаныс жерлерге жеткізді. Олим­пиада және басқа да ірі спорт сайыс­тарында сайыпқыран спорт­шы­ларымызды марапаттауда орын­­далды. Ол мемлекетіміздің қалып­тасуы кезеңіндегі тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды. Бұл мемлекеттік шығарманың толық мәтіні мен музыкасы халқымыздың мәдени мұрасының алтын қорына айналды. Ал 2006 жылғы 6 қаңтарда Ел­басының бастамасымен «Менің Қазақстаным» әнін ел Парламенті Қазақстанның Әнұраны ретінде бекітті. Сонау 1986 жылғы желтоқ­сан оқиғасы кезінде жастар шыр­қаған бұл ән онсыз да қазақ елінің бейресми Әнұранына айналған-ды. Жаңа Әнұран 2006 жылғы 11 қаң­тарда Мемлекет басшысының ұлық­­­тау салтанатында алғаш рет орындалды. Айта кету керек, парламенттік журналист ретінде сол тарихи оқи­­ғаларға өзім де куә болдым. Осы­ның алдында Сенат пен Мәжі­­­ліс төл ко­миссияларын құрып, жаңа Ән­­ұран жобасын талқыға салған еді. Оның қорытындысы 2006 жылғы 6 қаңтар күнгі Парламент пала­­таларының бірлескен отырысында жария етілді. Отырыс қарсаңында «Хабар» арнасынан: «Менің Қа­зақстаным» әні ойнақылау, онда гимнге тән салтанат жоқ» деген дәйектеме айтылып қалды. Алайда Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі жасаған «Менің Қа­зақстанымның» аранжировкасы барлық сын мен сұрақтарды жайына қалдырып, қалаулылардың көңі­лінен шықты. Дегенмен депутаттарды екі күн­нен бері мазалаған бір құпия бар болатын. Отырыстан бір күн бұрын парламентшілерге жаңа Әнұран­ның, дұрысын айтқанда «Менің Қа­зақстанымның» жаңа мәтіні таратылды. Әннің кезінде Жұмекен Нәжімеденов жазған мәтініне біраз өзгеріс енгізілген екен. Мәселен, тұрмыстық тіл стиліне тым жақын «Дән егіп терлеген, Қазағым мықты ғой!» деген сөйлемді «Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой!» деп рухтандыра түскен. «Сағымды далам бар, Сабырлы көлім бар. Қараңдар, жарандар, Осындай елім бар» деген шумақты «Ұрпаққа жол ашқан, Кең-байтақ жерім бар. Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз елім бар» деген шумақпен ауыстырған. Алай­да түзету енгізушінің аты-жөні көр­сетілмепті. Бұл конституциялық заң жобасын Парламентке енгізген сол кездегі Үкімет басшысы Даниал Ахметов те өз түсіндірме жазбасында бұл жайында тіс жармады. Содан «біледі-ау!» дегендерді жеке әңгімеге тартып та, «тиісті жер­ге» қоңырау шалып та ештеңе анықтай алмаған бір депутат ағамыз: «Оу, мен ертең мынаған дауыс беріп жіберем, артынан оны жазған Серік Тұрғынбеков болып шықса қай­тем?!» деп әзілдеп жатты. Ертеңіне, 6 қаңтарда депутаттар осы сұрақты бірлескен отырыста ортаға тастады. Мәжілістің сол тұстағы Төрағасы Орал Мұха­мед­жанов шындықты ашты: «Бұл сұ­раққа менің жауап бергенім жөн болар. Елбасының Парламентке жолдаған хаты келді, осы сұрақ туындамаса, оқымас та едім...» деген спикер хатты жария етті: – Қазіргі қолданыстағы Әнұран осы жылдар ішінде барша қазақ­стандықтың жүрегінде жаттал­ып қалды деу қиын, – деп бастапты Елбасы. – Еліміздің қай түкпіріне барсам да, кәрі де, жас та аса көр­некті композитор Шәмші Қал­даяқов пен талантты ақынымыз Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақ­станымды» Әнұран есебінде шыр­­қағанына талай куә болдым. Демек, бұл әнге ресми мәртебе бе­ретін күн жетті. Осы орайда, ән мәтініне қатысты өз пікірімді ортаға сал­­­мақпын. Әнұран ретінде қа­былдау үшін, біріншіден, онда ға­сырлар бойы тәуелсіздік үшін кү­рескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Екін­­шіден, мәтінде ата-ба­­балары­мыздан қалған асыл мұра – жеріміздің кең-байтақтығы орын алуы керек. Ең бастысы, біздің тәуел­сіздігіміздің алтын діңгегі – еліміздің бірауыз­дылығы, бірлігі баса көрсетілуі қажет. Елбасы ретін­де емес, азамат ретінде мен осы әннің сөзіне жоға­­рыдағы талаптарға жауап беретін тиісті өзгерістер ұсы­нып отырмын. Авторлыққа еш тала­сым жоқ! Мен үшін биіктерге беттеген туған елім­нің, әлі талай ту асқарларға шыр­қайтын Қазақ­стан­ның бүгінгі кел­бетіне сай Ән­ұран қабылданса бол­ды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы бас тартқанымен, «ав­торлық құқықты сақтау үшін» депутаттар Тұңғыш Прези­­ден­тіміздің атын да Әнұранның тең авторы ретінде қосып, консти­­туциялық заң жобасын бірден екі оқылымда қабылдады. Осылайша, «қазақ» сөзін қосуға именген, тек көрген азап пен то­зақты егіле еске салатын жас­қаншақ әнұранның орнын шын мәнінде жер­дің, төрдің кімдікі екенін тұң­ғыш рет рәсімдеп, жаһанға жария ететін, тыңдағанда құйқаң шы­мырлап, бойыңды рух кернейтін тегеурінді, ек­пінді де серпінді Әнұран ығыс­тырды.

АйханАйхан ШӘРІП