Қосалқы станса қомақты қуат береді
Қосалқы станса қомақты қуат береді
138
оқылды

Қуаты 250 мегаватт бо­ла­тын «Қаскелең» қосалқы стансасы іске қосылды. Осы жоба нәтижесінде Ал­маты облысының Қара­сай мен Жамбыл аудан­дары, со­нымен қатар Ал­маты қа­ла­сының батыс маңын­да­ғы тұтынушыларын энергия­мен қамтамасыз ету мәселе­лері ше­шілді. Батан елді меке­нінде ор­наласқан қосал­қы стан­саның ашылу салтана­тына «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты.

Қосалқы стансаның құры­лысы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Ал­маты облысының әкімдігі мен «Алатау Жарық компаниясы» АҚ қаражаты есебінен жүзеге асты. Нысанның құны – 4,73 миллиард теңге.

«12 жыл ішінде өңірді энергия­мен қамтамасыз ету жағдайы түбегейлі өзгерді. Егер 2008 жылы біз әкімшілікте Алматыдағы электр энергиясының өшу мәсе­лесін шешсек, қазір «Самұрық-Энерго» салып жатқан нысандар облыс пен қаланың даму келе­шегіне де бағытталған. Бүгін біз – мен және облыс әкімі – Ал­ма­ты агломерациясының энер­гетикалық қауіпсіздігі мәселесі ше­шілді деп сенімді айта аламыз» деген Ахметжан Есімов жалпы осы салада еліміз бойынша үлкен жұмыстар атқарып жатқанына тоқталды. Сөзін ары қарай са­бақтаған Ахметжан Смағұлұлы «Екібастұздағы 3-СЭС-тің үшін­ші блогы салынып жатыр. Шардарадағы СЭС-ке де қомақты қаржы жұмсалып, жаңарту жұ­мыстары жүргізуде. Қуаты бір­ден 26 пайызға өседі. Алматы қаласын газға алмастыру жұмысы да жоспарда бар. Бұл да үлкен жұмыс. Мол инвестицияны талап етеді. Мысалы, бір ғана Алматы облысының энергетика саласы үшін жыл сайын 10 миллиард теңгеге жуық инвестиция қажет. Ол аз қаражат емес, бірақ ол об­лыстың дамуы үшін керек. Алматы облысы – еліміздегі ең ірі облыстың бірі. 2 миллионнан астам тұрғыны бар. Сондықтан да біз осы мәселелердің бәрін қарастырып жатырмыз. Облыс­тың қарқынды дамуына өз ық­палымызды тигіземіз. Осы қосал­қы стансаның ашылуы ар­қылы көптеген адам жұмыспен қам­тылды. Стансада қойылған құрал-жабдықтың бәрі бүгінгі күн талабына сай. Қосалқы станса алдағы уақытта жақсы жұмыс атқарады деп сенеміз», – деді.

Жаңа энергетикалық нысан 6 мыңнан астам жеке және 400-ден астам заңды тұлғаларға қыз­­мет көрсете бастады. 2030 жыл­ға дейін 50 мыңнан астам жеке тұл­­ғаға және 4 мыңнан ас­там заңды тұлғаға, сондай-ақ «Кө­көзек» ин­дустриалды аймағы­ның тұтыну­шыларына қызмет көрсету жоспар­ланып отыр.

«Бұл қосалқы стансаның жұ­мысын кімге сеніп тап­сырамыз?» деген мәселе туғанда бірнеше ұсыныс түскен. Сол кезде дұрыс шешім қабылдап, «Алатау жарық ком­паниясы» АҚ сияқты өңір­дегі ірі компанияға таңдау жаса­ға­нымыздың нәтижесін кө­ріп отырмыз. Бұл қосалқы станса бізге өте қажет. Алматы облы­сында 20 аудан бар. Оның ішіндегі ең ірісі – Қаскелең, Талғар, Іле аудандары. Өндірістің 70 па­йызы осы аудандарда орналас­қан. Нысанды іске қосқан ком­паниямен алдағы уақытта жоғары вольтті желіні Көкөзекке дейін тартып, тағы қосалқы станса салу жөнінде келісімге келгенбіз. Өйткені Боралдай индустриалды өндіріс аймағына көп инвестиция тартып, жаңа өндіріс ашу үшін электр энергиясы жетпейді. Енді екінші кезеңін тапсырса, өте жақсы болар еді», – деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Сондай-ақ облыс басшысы соңғы кездері дәстүрлі емес энергия көздерін өндіру мәсе­лесіне де жіті көңіл бөлініп жат­қанына тоқталды. Оған Қап­шағайдағы 100 мегаваттық күн энергиясын өндіру стансасын мысал ретінде айтты. Қазір Ең­бекшіқазақ және Іле ауда­нында 50 мегаваттық екі қосалқы стансаны іске қосу үшін жұмыс жүріп жатыр. Бұдан басқа, тау өзен­деріне су электр стансаларын салу жөнінде де жобалар бар. Ойға алған жобалар іске асса ҚХР-на энергия экспорттауға мүмкіндік тумақ. «Аграрлы аймақ болып саналатын Алматы облысында өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 1 трил­лион тең­геге жетіп отыр. Әрі қарай да да­муымыз керек. Өндірісті терең өңдеуге тиіспіз. Ол үшін өн­діріс орындарын ашу керек. Өндіріс орындары үшін бірінші кезекте электр энергиясы қажет. Сол үшін облыс тұрғындарының риза­­шылығын жеткізгім келеді», – деді аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлы.

Жаңадан іске қосылған ең за­манауи энергетикалық нысан – Қаскелең қосалқы стан­сасы еліміздің ірі айма­ғы­ның эконо­микалық дамуы үшін тың серпін береді деген үміт бар.

 

Гүлнар.JPG  Гүлнар ТӘЖИЕВА