Ауылды алаяқтан арылтар жол
Ауылды алаяқтан арылтар жол
156
оқылды

Ардақты қонақ келсе, табысы аз ауыл­дық­тар дастарқанды тол­тыру үшін алдымен дүкенге емес, қарыз беретін фирмаға жү­­гі­ретін болған. Ол бес минут ішін­де несие рә­сімдеп, қажетті ақ­шаны қолына ұста­тады. Кейін жа­лақысынан ұстайды: бухгал­тер­лер­мен ымыралас. Адамдар бұрынғыдай бір-бірінен қарыз сұрауды қойды. Ауыл-аудан тұр­ғындарының микронесие ұйым­дары­на тәуелділігі барған сайын артып келеді.

Мемлекет ұзақ уақыт бойы бұл са­ланы реттемей, жүгенсіз жіберді. Мик­рокредит ұйымын (МКҰ) ашу үшін лицензия алу да қажет етілмеді. Нәтижесінде, кәсіпкерліктің бұл түрі ауыл-аймаққа кең өркен жайды. Тек 2020 жылғы 1 қаңтардан микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеумен түңлігін жаңадан түрген, Мәдина Әбіл­қасымова басқаратын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айналыса бастады. Енді МКҰ құру үшін осы агенттіктің рұқсатын алып, тіркеуге тұру міндет.

Халыққа несие таратуға мик­ро­қар­жы компа­ниялары сыртында, енді ломбард, кредиттік серік­тестік және тір­кеуге қойылған онлайн-не­сиелеу фир­малары да мүмкіндік алды.

Қазақстанда микронесие бойынша бар­­лық МКҰ алатын сыйақының ең жоғарғы мөл­шерлемесі де бе­кі­тілді. «Жеке тұлғамен жасал­ған мик­рок­ре­дит беру туралы шарт бойынша сыйақы­ның шекті мәні сол шарттың бү­кіл қолданылу мерзіміне берілген мик­рокредит сомасының 30 пайызы мөл­шерінде белгіленсін», – делінген 2020 жылы күшіне енген Ұлттық банк бас­қармасының қаулысында. Яғни, ша­ғын несие ұсынатын фирманың аза­маттан «өндіретін» ең жоғары сыйа­қысы осы көлемнен асып кет­пеуі шарт. Рас, егер борышкер шарт бұзып, төлеу уақытын өткізіп алса, не қарызды қайтаруды қойса, оған өкір­тіп өсімпұл есептеп, аяусыз айыппұл салуына шектеу жоқ.


Алаяқ ұйым, алданған халық

Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның тұрғыны, ауыл мектебінде мұғалім К.Шайынова микронесие ұйымына жүгініп, бәлеге қалға­нын баяндайды. Ол 2018 жылғы қазанда «Эверест-финанс» МКҰ «кредит тарихын тексерусіз заем беретіні» туралы хабарламаны көзі шалады. Күнсұлу (есімі өз­гертілді) апай осының алдында банктен несие алған. Кейін лауа­зымы төмендеуі салдарынан бе­решегін уақытылы төлей алмады. Сөйтіп, кредит тарихын нашар­латты. Отбасы қажеттіліктері үшін ол «Эверест-финансқа» жү­гініп, 150 мың теңге қарыз ре­сімдейді. Шарт бойынша оны екі еселеп, 300 мың теңге қайтаруы тиіс.

«Біз облыс орталығынан 170 шақырым қашықтықта тұрамыз, ақшаны ай сайын таныс немесе таксист арқылы жолдауға да тура келді. Бірер айдан соң қайта қаржыландыру жүргізіп, тағы 300 мың теңге алдым. Алайда қолыма небәрі 155 мыңын табыстады. «145 мыңы бұрынғы берешекті жабуға кетеді» деді. 2019 жылғы екінші рет ресімдегенімде, МКҰ «Эвалон» ЖШС деген жаңа атау иеленгенін байқадым. Бұл аты төлем тер­минал­дарында жоқ бо­лып шық­ты», – дейді борышкер.

Ол екінші рет алған қарызын 1,5 жыл ішінде 640 мың теңге етіп қайтаруға тиіс болған. Дегенмен былтыр бірер ай уақытында төлей алмағаны үшін қарызының жал­пы сомасы 1 миллион 170 мың тең­геге жеткені жөнінде құлақ­тандыру келеді. Хабарлама мек­теп бухгалтериясына да түскен. Нәтижесінде, бүгінде ұстаздың ай сайынғы жалақысының және демалысақысының 50 пайызы ұсталып отыр.

Бұл жағдайға байланысты зерттеу жүргізген заңгерлік кеңсе Күнсұлу апайдың кредит тари­хын­да мұндай несие жоғын анық­тады. Қарыз алушы шамамен 50 шақты қағазға оқымай қол қоя салыпты. Оның бірқатары бо­йын­ша азаматша Қарағанды қаласында орналасқан «Эвалон» ЖШС-іне «жалдамалы жұмысқа тұрған». Қазіргі кезде заң бойын­ша компаниялар өз қызметкеріне қарыз бере алады. Заем беруші осы схеманы пайдаланғанға ұқ­сайды. Ал бұл – банк не мик­роқаржы ұйымы болмағандықтан, оған қаржылық реттеу органы да араласа алмайды. Салдарынан, микронесие алу оқиғасы құжат жүзінде ЖШС мен оның қыз­мет­кері арасындағы азаматтық-құ­қықтық қатынасқа айналып шыға келді.

Бұған ұқсас деректер өзге өңірлерде де тіркелуде. Әртүрлі облыс әкімдерінің блогына қап­таған шағым түсіп жатыр. Бірақ микрокредит ұйымдары мен олардың клиенттері арасындағы дау-жанжалдар тек сот арқылы шешілуі керек. Тиісінше, «Сот жү­йесі мен судьяларының мәр­тебесі туралы» конституциялық заңның 1-бабына сәйкес сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағым­дарды басқа органның, минис­трдің, әкімнің және басқа лауа­зымды тұлғаның өз қарауына не­месе бақылауына алуына ты­йым салынады.

Бұдан бөлек, Кәсіпкерлік кодексі бойынша жергілікті атқарушы биліктің микроқаржы ұйымдарының қызметіне арала­суына жол берілмейді.

    


Банкке жақсы балама

2019 жылы Ұлттық банк мик­роқаржы ұйымдарының қызметін соңғы рет тексерді. Оның қо­рытындысында тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін аяққа таптаған 8 МКҰ анықталды. Төртеуіне 1 262 500 теңге сома кө­лемінде әкімшілік айыппұл салынған. Үшеуіне жазбаша ұй­ғарым жіберілді, біреуіне ескерту жасалды.

Жүргізілген талдау нәтижелері микроқаржы ұйымдарының өз клиенттерін жасырып, кредиттік бюроға мәліметтерін уақытылы ұсынбайтыны, берешекті есептен шығару тәртібін бұзатыны, мик­рокредит беру туралы шарты заң­нама талабына сәйкес кел­мейтіні, Ұлттық банк талаптарын орындамайтыны әшкереленді. Биылдан бастап оларды М.Әбіл­қасымова басқаратын агенттік бақылауға алды.

Ведомство саладағы ниеті қа­ра, ісі арам фирмаларды тауып, жазалаумен бірге, қазақстандық­тар арасында «сауат ашу», түсін­дірме жұмыстарын кең ауқымда жүргізгені маңызды. Өйткені озық дамыған елдерде шағын не­сие алуға келіп, «жұмысқа тұру» ту­ралы құжатқа қол қоя салу се­кілді жағдайлар кездеспесе керек.

Ресми мәлімет бойынша, елімізде кепілзаты қойылған несиелер үлесі алдыңғы жылғы 11,3%-дан 2019 жылы 10,3%-ға дейін азайды. Халық кепіл сұра­майтын кредиттерге әуестенуде. Бизнеске және халыққа берілген барлық несиенің 53,2%-ы – тұтынушылық заем. 2019 жылдың қазанында жеке тұлғалардың банктер мен МКҰ-лар алдындағы қарызы 7 триллион теңгеге жетті. Оның 90 пайызы – банктер еншісінде.

Қазақстанның микроқар­жылық ұйымдары қауымдас­ты­ғының дерегінше, бұл ұйымдар­дың ең көбі, яғни 40%-ы Алматы қаласында жұмыс істейді. Біразы ауыл-аймақта филиалдарын ашқан. Тағы 16%-ы Нұр-Сұлтан, 7%-ы Шымкент қалаларында, 10%-ы Қарағанды облысында, қалған 38%-ы өзге облыстарда тіркелді.

2019 жылғы 1 қазанда мик­роқаржы ұйымдары берген несие көлемі жыл басынан бері 26%-ға өсіп, 277,3 миллиард теңгені құрады.

Қазақстанда бақылаудың бол­мауы кесірінен микронесие беру саласы алаяқтар қаптап өнетін өріске айналып кетті. Ал дамыған, тіпті көптеген дамушы елдерде бұл – әлеуметтік бағдарланған бизнес және банктерге балама.

«Ең танымал және табысты жобалардың бірі – Бангладештегі Grameen Bank (ауыл банкі) жо­басы. Оған 1976 жылы Нобель сый­лығының лауреаты, про­фес­сор Мұхаммад Юнус бастамашы болды. Жоба аясында тек аз қам­тыл­ғандар несиелендіріледі. Же­тістігі ғаламат: 20 жыл бұрын Бан­гладеш халқының 70-75%-ы қайыршы болса, бүгінде олар саны екі еседен астамға азайды. Кедей тұрғындарды микро­қар­жыландыру бағдарламаларын іс­ке асыруда әсіресе, Латын Аме­рика, Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қомақты табысқа жетті. Еуропа елдерінде, мысалы Францияда микронесиелеу – Үкіметтің басты басымдығы», – дейді белгілі экономист Нелли Цхададзе.

Банктердің билігі жүріп тұр­ған Қазақстанда әзірге микро­кредит ұйымдары саласына жете мән беріліп отырған жоқ. Шетел­дік озық тәжірибе бізде де енгі­зілсе, ауыл халқын жарға жығып жатқан алаяқтар үшін кең өріс қалмас та еді.


Елдос СЕНБАЙ