Балалардың ойын алаңын ойыншық қылған тәртіптік комиссия сазайын тартты
Балалардың ойын алаңын ойыншық қылған тәртіптік комиссия сазайын тартты
160
оқылды

Нәтижесінде, ықшамаудандарға  шағын сәулет нысандары мен балаларға арналған ойын алаңдарының орнатылмағаны анықталған. Яғни, нысанның құрылысы аяқталмай жатып қала әкімдігі тиісті актілерді қабылдап, келісімшарт бойынша белгіленген ақшаны жеке кәсіпкерге  аударып жіберу туралы шешім шығарған.

Осыған орай Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовқа Қаратау қаласы әкімінің міндетін атқарушы  Е.Рсалиевке қатысты ҚР Заңының 50-бабы 1 тармағының 4 тармақшасына сәйкес тәртіптік  жаза белгілеу туралы ұсыныс жолданған. Алайда аудандық бірыңғай тәртіптік комиссия ұсынымда көрсетілген жазаның орнына қала әкімінің міндетін атқарушыға тек «қатаң сөгіс» түріндегі жаза белгілеген. Оның орнына нысанды қабылдап алу комиссиясына түк қатысы жоқ Қаратау қаласы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық және әлеуметтік бөлімшесінің бас маманы Э.Таңатоваға «қызметіне толық сәйкес еместігі  туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданған. Кеңесте аудан әкімінің мұндай шешімі кеңес мүшелерін таңқалдырды. Сол себепті, кеңес мүшелері аудандық бірыңғай тәртіптік комиссияның шешімін негізсіз деп тауып, алғашқы ұсыным бойынша Қаратау қаласы әкімі міндетін атқарушы Е.Рсалиевтің ісін қайта қарап, аудан әкіміне ұсыным жолдау туралы шешімге келген. Міне, осы мәселе араға бір ай салып барып шешіліп отыр. Қосымша талдау Э.Таңатоваға  «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза  заңсыз берілгенін растады. Оның Қаратау қаласында салынып, іс жүзінде аяқталмаған футбол алаңдарын қабылдауға және мердігерге ақша аударуға мүлдем қатысы болмағаны белгілі болып отыр.  Бұдан бөлек, аталған тұлғаға қатысты  қызметтік тергеп-тексеру  қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып заңсыз  жүргізілген. Ол аз десеңіз, аудандық  тәртіптік комиссия оның әрекеттеріне дұрыс құқықтық баға бермей, көзді жұмып жаза белгілей салған. Осыған орай Қаратау қаласы әкімінің орынбасары Е.Ж. Рсалиев  (Әдеп кеңесінің алғашқы отырысында қала әкімінің міндетін атқарушы ретінде көрсетілді)   Қаратау қаласы әкімінің  2021 жылғы 16 ақпандағы №31-ө өкімімен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін (шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі) «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жауапқа тартылды. Одан бөлек, аудандық тәртіптік комиссияның құрамы (5 адам) және қызметтік тексеру жүргізген тұлғалар да (әкімдіктің 3 қызметшісі)  жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша тәртіптік жауапкершілік арқалады. Жалпы басшылардың өздерін сүттен ақ, судан таза шығару үшін кінәні кіші қызметкерлерге аудара салатындығына етіміз үйренген. Алайда, Талас ауданының тәртіптік комиссиясы ұйымдасқан түрде тәртіптік жазаны түк кінәсі жоқ адамға белгілегені таңғалдырады. «Балық басынан шіриді» деген осы болса керек.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы