Ми­нистр­лік пен Ет одағы арасында тар­тыс басталды
Ми­нистр­лік пен Ет одағы арасында тар­тыс басталды
214
оқылды

Қазақстан малды экспортқа ті­рі­­дей шығаруға шектеу қоюы мүм­кін. Алайда Ауыл шаруашылығы ми­­­нис­трінің бұл шешімі үлкен қар­сы­лық туғызып отыр. Дүйсенбі кү­ні құрамына бірнеше кәсіпорын кіре­­тін «Қазақстанның ет одағы» бір­лес­тігі елордада арнайы брифинг ұйым­дастырып, мәлімдеме жасады. Сірә, ет экспорты саласында ми­нистр­лік пен Ет одағы арасында жаңа бір тар­тыс басталған секілді.

Олай деуімізге себеп бар. Өткен сенбі күні Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров етті қайта өңдеуші кәсіпорындар басшыларының мәселесін тыңдау үшін кездесу өткізгенінен хабардармыз. Жиынға елімізде ет өңдеу бағытында танымал кәсіпорындар «Кублей», KazBeef LTD, «Бижан», «Қаз­мяспродукт», Beefstream, «Импаер фуд», «Мерке-ет», Meat Processing and Service ЖШС және т.б. Қазақстанның танымал ірі ет өңдеу кәсіпорын басшылары қатысқан.

Министрліктің сайтындағы хабарламаға сүйенсек, ет өңдеу шаруашылығының өкілдері министрге қайта өңдеу үшін ши­кізат пен қаржының жетіспейтінін айтқан. Яғни, ақша жоқ – шикізат жоқ немесе керісінше. Соның салдарынан кәсіпорындарда жүктеме азайған, орташа есеппен 30-40%-ды құрайды. Оған қоса, өзбек­стандық кәсіпкерлердің Қазақстаннан малды тірідей сатып алу үдері­сінің артуы да қиындық тудырып отыр. Себебі олар қазақстандық табиғи етті сатып алып өңдеп, шетелдерге өзбекстандық тауар ретінде тасымалдауда.

Иә, Өзбекстанның Қазақ­стан­нан мал алып жатқаны ту­ралы әңгіменің шыққаны бүгін емес, өткен жылы да айтылған. Негізгі себеп – бағада. Өзбек кә­сіпкерлері қазақтың малына іш­тегі бағадан қомақты қаржы ұсы­нуда. Фермер қолындағы ма­лын кім жоғары баға берсе, соған сататыны нарық заңы.

Әйтсе де, мына дерек назар аударарлық. Министрліктің мә­ліметінше, 2019 жылы Қазақ­стан­нан шетелге 156 мың бас сиыр шығарылған. Оның басым бөлігін 78% (121,6 мың бас) Өз­бе­к­стан сатып алса, 14% -ы Ар­менияға экспортталыпты. Сон­дай-ақ 264 мың бас қой шекара асқан. Қойдың да 76%-ын (200 мыңнан астам) өзбектер әкетсе, 21,5 мың бас Ресейге, 18 мыңы Әзербайжанға, 12 мыңдайы Иран­ға саудаланған.

Осылайша, министрлік Үкі­метке тірі малдың экспортына шектеу қоюды ұсынып отырғаны белгілі болды. Өйткені төрт түлікті тірідей экспортқа жаппай шығару ішкі нарықтағы бағаның өсуіне әсер етіп отыр.

Алайда дүйсенбі күні ми­нистр­ліктің мәлімдемесіне қар­сы брифинг өткізген.

«Қазақстанның ет одағы» бір­лестігі ол уәжбен мүлдем ке­ліс­пейді. «Бізде экспорт ішкі на­рық­тағы бағаның өсуіне әсер етіп отыр деген мәселе жиі айтылады. Бірақ бағаның көтерілуі жалғыз ет емес, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің барлық түрінде бай­қалып отыр. Оған 19 тауар түрі кіреді. Мәселен, нан өнімдері мен жарма бағасының өсуі жы­лына 12,7%, сүт – 10,3%, май – 12,1%, жұмыртқа – 11,4%, құс еті 11,6% қымбаттады. Өнімнің бұл түрлерін экспорттап жатқан жоқ­пыз, онда неге олардың ба­ғасы қымбаттады?», – дейді «Қазақстанның ет одағы» бір­лестігінің басшысы Асылжан Мамытбеков.

Айтқандай, Ет одағы өткізген брифингке жиналғандар ара­сынан сенбі күні министрдің жиынына қатысқан кәсіпо­рын­дардың өкілдері көрінбеді. Басқосуға «Ет индустриясы» ЖШС директоры Қайыржан Наурызғалиев және фермерлер Нұрлыбек Жолдыбаев (Бауыр­лар-НАРМ), Ақылбек Сағитов (Мкадес), Данияр Капушев («Ма­лика» фермасы), Жеңіс Бек­назар («Барылай» агроқоз­ғалысы), Амангелді Сопбеков («Құт Береке» ЖШС) қатысып, пікірлерін ортаға салды.

Айта кету керек, басқосу бри­финг түрінде басталғанымен қыза келе сипаты дөңгелек үстел форматына ауысып кеткендей болды. Жиынға келген депутат­тар Дүйсенғазы Мусин мен Мұ­рат Теміржанов, экономист Мұх­тар Тайжан және экс-вице-ми­нистр Арман Евниев өз ойларын ортаға салып, саланың күрделі проблемаларын ашып көрсетті.


Өзбекстан соңғы жылдары ашық экономика саясатына көшіп, нарығын ашып тастаған. 34 миллионға тарта халқы бар мемлекеттің шекарасын ашқаны бір жағынан Қазақстанның оңтүстігінде тұратын халыққа да тиімді болып тұрғаны жасырын емес. Түркістан облысынан кел­ген кәсіпкерлер бағаның көте­ріл­­гені мал шаруашылығы ин­дус­триясының өркендеуіне жол ашқанын айтады. «Осыдан үш жыл бұрын мал арзан кезде қо­ралар бос қалып, ешкім малға қа­рамай кеткен. Енді өсіп еді, іс­кер жігіттер қайта орала бас­та­ды. Өзбекстанның Ташкент об­лы­сында 15 млн халық бар. Біз­дің Сарыағаш ауданының тұр­ғындары бір ірі қарасын 150-200 мыңға сатқаннан гөрі, Өз­бек­станға апарып, 300-350 мыңға сатқан тиімді. Оңтүстік жұрты экспорттан пайда көріп отыр. Ал оны шектесек не болады? Сон­дықтан мұны жан-жақты қарас­тыруды сұраймыз», – дейді «Құт Береке» шаруа қожалығының басшысы Амангелді Сопбеков.

Ет одағы бірлестігі басшы­ларының айтуынша, тірі мал экспортына тыйым салу – эконо­микалық тұрғыдан тиімсіз тәсіл. Асылжан Мамытбеков шектеу қазіргі индустрия мен оң дина­микаға кері әсер етуі мүмкін еке­нін жеткізді. «Малды тірі кү­йінде экспорттау халықаралық тәжірибеде бар. Ол мал шаруа­шылығы саласындағы үлкен жетістік саналады. Мысалы, Авс­тралия бір жылдың ішінде Таяу Шығыс пен Азияға 1 млн бас ірі қара, 2 млн бас ұсақ мал сатады. Олар оны өздерінің ве­теринарлық деңгейінің жоғары көрсеткіші ретінде мақтан тұтып айтады. Сондықтан экспорттың қандай түрі болсын жетістік деп қабылдауымыз керек», – дейді ол.

Әйтсе де, министрліктің мал экспортына мораторий жария­лауының да мәнісі бар. Қазақ­станда мал басын көбейтудің ұлттық бағдарламасына орай 2018-2027 жылдар аралығында ірі қара саны қазіргі 7 миллионнан 15 миллионға, қойдың саны 18 миллионнан 30 миллионға жет­кізілуі тиіс. Осыға орай қой еті мен сиыр етінің жылдық өндірісі қазіргі 600 мың тоннадан 1,1 млн тоннаға өсуі қажет. Әри­не, үлкен жоба, әлеуетті көр­сеткіш. Бірақ бағасына қызығып төрт түлікті тірі күйінде жаппай сыртқа саудаласақ, мал басы өсе ме?

Сол себепті министрлік малды тірі күйінде экспорттау­ды шектеп, аналық малды экс­порт­тауға түбегейлі тыйым салу ке­регін алға тартуда. Осыған байланысты, бордақылау алаң­дары мен ет комбинаттарының өтініштеріне сәйкес Ауыл шаруа­шылығы және Қаржы министр­ліктерінің 2019 жылғы 21 қазан­дағы «ауыл шаруашылығы жа­нуарларын шығарудағы кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданған.

Қазақстан ет одағы бірлестігі келтірген дерекке сүйенсек, елі­міз ішкі нарықты етпен қамтуда 102% көрсеткішке қол жеткізген. Оған асылтұқымды мал басын көбейту бағдарламасы оң әсер еткен.

– «Сыбаға» бағдарламасы іске асырылған жылдар ішінде (2011-2018 жж.) сиыр етін өндіру саласында барлық техноло­гия­лық тізбек қалыптасты, өндіріс халықаралық стандарттарға сәйкес келтірілді», – деді А. М­а­мытбеков.

Нәтижесінде, 20000 жаңа отбасылық типтегі ферма пайда болып, өнеркәсіптік типтегі 50 бордақылау алаңы мен 15 зама­науи ет өңдеу зауыты салынды. Сондай-ақ фермерлер қазіргі заманғы әлемдік генети­каға қол жеткізді.

Алайда салада шешілмеген түйін әлі де көп. Соның бірі – жыл сайын сойылатын малдың нақты есебін алу немесе өнімнің жиынтық көрсеткішіне қол жет­кізу ісі күрделі күйінде. Өйткені әр аулада, жеке қорада сойылып, базарларға сатылатын еттің көле­мін анықтау қиын. Одан бөлек, ет өндірісінің көлеңкелі нарығы мен жеке кәсіпкерлердің салық төлемеуі, санитарлық-эпидемио­логиялық талаптарды сақтамау секілді проблемалар шешілмеген.

Иә, ет өндірісі Қазақстан экс­портының басты «көзіріне» ай­налуы үшін атқарар іс шаш-етектен. Ең қиыны, тек былтыр­дың өзінде көрші елдерге сатыл­ған 156 мың бас ірі қараның ішінде қанша асылтұқымды малдың кеткені туралы нақты ақпарат жоқ. Ал Қазақстан әрбір шетелдік етті, сүтті сиырды дол­лармен сатып алып, ұшақпен жеткізгені белгілі. Сонда мем­лекет қаржысына сатып әкелін­ген малды бүгінгі нарық бағасына қызығып, шекара асыра берсек, несіне басын өсіруге, күтіп-баптауға шығын жұмсаймыз?

Қысқасы, министрлік пен Ет одағы ортақ шешімге келіп, жақын арада бұл істі бір жағына шығарады деп сенуге тура келеді.