Шетелдік жұмысшылар шекемізді шылқыта ма?
Шетелдік жұмысшылар шекемізді шылқыта ма?
185
оқылды

Жергілікті және шетел­дік жұмысшылар арасын­дағы жалақы айырма­шы­лығы – Қазақстандағы кү­йіп тұрған мәселенің бірі. Сарапшылардың па­йымынша, өндіріс орын­дарында ара-тұра бұрқ ете түсетін жанжалдар да әлеуметтік теңсіздіктің ке­сірінен туындайды. Үкі­мет бұл мәселені қалай ше­шуге тырысып жатыр?

Жақында шетелдік жұмыс­шы­ларға бөлінетін квота 40 па­йызға қысқарды. Вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың айтуын­ша, былтыр еңбек мигранттарына 49 мың квота берілсе, биыл 20 мыңға дейін азайған. Үкімет болашақта қара жұмысшыларды сырттан әкелуді біржола до­ғарып, оның орнын қазақ­стан­дық мамандармен толтыруды жоспарлап отыр.

Еңбек және әлеуметтік қор­ғау министрі Біржан Нұрымбетов шетелдік жұмысшылардың 1,5-2 есе көп жалақы алатынын мә­лімдеген еді. Бұл жағдай Бас про­куратура мен еңбек инспек­циясы кәсіпорындарды тексер­ген кезде анықталған.

Былтыр қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­пасөз қызметі қытайлық CNPC компаниясының басшысы Ван Илинді жергілікті жұмысшы­лар­дың жалақысын шетелдік­тердің жалақысымен теңестіруге шақыр­ды. Содан кейін сең қоз­ғала баста­ды. Инвестициялық кәсіпорындар көпе-көрнеу ала­лауды қойып, 361 жұмысшы­ның табысын көтерді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңесінің соңғы отырысында Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігіне мұндай факті­лерге көз жұма қарамауды қадап тапсырған.

«Өңірлерге жасаған сапарла­рымда біздің азаматтарды жұмыс беруші тараптың кемсітуіне жол бер­меу керегін айтып жүрмін. Сіздер де бұл мәселені көтер­ген­сіздер. Менің тапсырмаммен өт­кен айда шетелдік жұмыс кү­шін тартып отырған кәсіпо­рын­дарда еңбек және көші-қон заңнамасы­ның сақталуы бойын­ша тексеру жүргізілді. Осы уа­қытта 95 компа­ния инспек­ция­лық тексеруден өтіп, 930 заң­бұ­зушылық анық­талды. Оның ішінде шетелдік қыз­меткерлердің жұмысы берілген рұқсатнамаға сәйкес келмеуі, атқарып отырған лауазымы мен білімінің сәйкес­сіздігі жиі кез­дес­кен. Осы тал­даулар мен құзыретті органдар­дың тексеруі негізінде және Ұлт­тық кеңес мүшелерінің ұсы­ныстарын ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар өзге­рістер­ді әзірледі», – деді Мемлекет басшысы.

Ресми дерек бойынша, Қа­зақстанда 19 мың шетелдік жұ­мысшы еңбек етеді екен. Олар­дың шынайы біліктілігін анықтау жағы ақсап тұрғаны жасырын емес. Өз елінде ұлтан болған­дар­дың біздің елде сұлтан болып жүр­месіне еш­кім кепілдік бер­мейді, яғни нос­три­фика­циялау механизмінде кемшілік бар. Әри­не, кейбірін қазбалап тек­сер­генде шын мәнінде жалған диплом жасап әкелгені айпара­дай ашылып та жатады.

Бұл жерде таяқтың бір ұшы шетелдік компанияларға қажет кәсіби маман даярлай алмай отыр­ған отандық білім беру са­ласына тиетінін де ұмытпауымыз керек. Атырауға барған сапарын­да Қасым-Жомарт Тоқаев жер­гі­лікті жұмысшылардың біліктілігі жетіс­пейтінін мойындап, оларды оқытуды ескерткен еді.

Осы арада тағы бір жараның аузын ашуға тура келеді. Бізде шетелдік жұмыс күші құрылысқа, тау-кен өндірісіне, әртүрлі қызмет көрсету саласына, оның ішінде жылжымайтын мүлікпен байла­нысты операцияларға, тұтыну­шы­ларға қызмет көрсету және өңдеу саласына да тар­тылған. Мейлі, тау-кен саласы өз алдына делік, ал басқа салалар­дың майын ішкен мамандар өзімізде де өріп жүр ғой. Сон­дық­тан тау-кен, инновация, қай­та өңдеу саласына ғана кво­талар бөліп, қалған салаларға шек­теу енгізу қажет сияқты. Құрылыс саласында, жылжы­майтын мүлік нарығында, тұ­тынушыларға қыз­мет көрсету салаларында шетелдік маман­дардың отыруы тіптен қи­сынға қайшы. Өз ішімізде сол саланы дөңгелетіп әкететін ма­мандар бола тұра шетелдіктердің жұмыс күшіне тәуелді болғанымыз ақыл­ға сыйымсыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ар­наған Жолдауында: «Эко­но­ми­камызда техника саласының ма­мандарына сұраныс өте жоға­ры, бірақ мүм­кіндік аз. Кә­сіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осын­дай келеңсіз жағ­дайды же­дел түзетуіміз керек», – дегенін білеміз. Ұлттық мүддені ойласақ, ұлттық қауіпсіздікті ойласақ, Мемлекет басшысының осы сөзіне құлақ асқанымыз жөн.

Тағы бір мәселе, қазақтар мен шетелдік жұмысшылардың бір-біріне жұдырық ала жүгіруі үйрен­шікті үрдіске айналған. Біреулер мұны «ұлтаралық ки­кіл­жің» деп бағаласа, ресми би­лік «тұрмыстық жанжал» деп жы­лы жауып қоюға бейіл. Қалай десек те, Еңбек ко­дек­сіндегі олқы­лықтарды рет­тей­тін мезгіл жетті. Мемлекет шетел­ден жұ­мыс күшін тартуға рұқсат етті ме, ендеше оның салдарымен кү­ресуге дайын болуға тиіс. Сонда ғана түйткіл шешіледі. Әйтпесе, қазақтың айдаладағы үнді мен арабта не атасының құны бар дей­сіз? Қазақ ксенофоб болса, әлі күн­­ге дейін осыншама ұлыс­ты бау­ырына басып отырар ма еді?


P.S.

Бет қатталып жатқанда Жаңаөзен қаласының 200-ге жуық тұрғыны қала әкімдігіне барып, мұнай кәсіпорындарына тұрақты жұмысқа орналастыруды талап етіпті деген хабар келді. Белсенділердің сөзінше, жаңаөзендіктер бұған дейін де жергілікті билікке бірнеше рет жүгінген, бірақ әңгіме нәтижесіз аяқталған. Осының өзі түйткілдің түйіні әлі тарқамағанын көрсетеді.


Ерсайын БАҒДАТ