Түске дейін басқарма, түстен кейін аудан әкімі ауыстырылды
Түске дейін басқарма, түстен кейін аудан әкімі ауыстырылды
263
оқылды
Бүгін Жамбыл облысында ауыс-түйіс басталды. Түске дейін Ішкі саясат басқармасының жаңа басшысы болып Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов тағайындалса, кешкілік  Меркі ауданын бес жылға жуық  басқарған Мейірхан Өмірбеков қызметінен алынып, орнына  Руслан Нұрсипатов отырғызылды. Руслан  Маратұлының өмір жолына көз салсақ, ол 1967 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Михайловка ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1989 жылы Қордай аудандық тұтынушылар одағының нан шығаратын цехында жұмысшы болып бастаған. 1989-1994 жылдары Михайловка ауылының наубайхана меңгерушісі, 1994-1995 жылдары Қордай аудандық тұтынушылар одағының нан шығаратын зауыты директорының орынбасары, бірінші орынбасары, 1995-2001 жылдары Қордай ауданының тамақтану орнының директоры, 2002-2004 жылдары «Астық Астана-Қордай 2030» ЖШС-нің директоры, 2004-2009 жылдары Жуалы  ауданы әкімінің орынбасары, 2011-2014 жылдары Қордай ауданының Пошта байланысы торабының басшысы қызметтерін атқарған. Ал  2016 жылғы қаңтар-наурыз аралығы Nur Otan  партиясы Қордай аудандық  филиалының консультанты қызметінде болған. 2016 жылдың наурыз айынан  бастап бүгінгі күнге дейін Қордай аудандық мәслихатының хатшысы лауазымында жұмыс жасап келген. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа әкімді актив жиынында өзі таныстырып, бұрынғы әкімнің атқарған жұмысын жоғары бағалады.
- Мейірхан Өмірбек 5 жылдай қызмет атқарды. Түрлі қиындықтарға қарамастан, өз міндетін орындай алды. Меркі ауданының әлеуеті жоғары. Руслан Маратұлы бұған дейін әкім болған Мейірхан Өмірбектің жұмыстарын сәтті жалғастырады деп сенемін. Ең бастысы – қоғамдағы бірлік десек, осы орайда тұрғындарды, зиялы қауымды ауданның жаңа басшысын қолдап, бірлесе жұмыс жасауға шақырамын,- деді Б. Сапарбаев.
Өз кезегінде Мейірхан Азатұлы  өзіне қолдау білдіріп, жұмыла жұмыс жасаған  әріптестеріне алғысын белдірді. Ал  ауданның жаңа әкімі Руслан Нұрсипатов артылған сенімді ақтауға және  Меркі ауданының дамуы үшін бар күш-жігерін салуға тырысатынын жеткізді. Осылайша бір күнде басқарма басшысы да, аудан әкімі де тағайындалып тасталды. Негізі облыс әкімі Бердібек Машбекұлының есепті жиынынан кейін бірқатар әкімдер ауысатындығы туралы әңгіме ел ішінде желдей ескен. Сондықтан білетіндер бұл  ауыс-түйістің басы деп отыр. Әліптің артын бағайық...  

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы