Жедел жәрдем де жәрдемге мұқтаж
Жедел жәрдем де жәрдемге мұқтаж
157
оқылды

Қазір қоғамда хакім Абай айтқандай бойдағы оғатты шығарып, ақылдың көзін байлайтын әрекет көп. Тіпті, мезгіл мен уақытқа қарамай көмек көрсетуге асығатын жедел жәрдемге де жәрдем керек. Жедел жеткен ақ халатты абзал жандарға шабуыл, зорлық-зомбылық азаяр емес.

Өткен жылы қазан айында Шығыс Қазақстан облысы Зу­баир ауылында тосын жайт орын алды. Зорлық көрген жедел жәр­дем қызметкері Еуразия бірінші арнасына басынан өткен жайды баяндап берді. Жанар есімді ме­дицина қызметкері шақырумен үйге барып, 45 жастағы емде­лушіге дәрі екпек болған. Алайда үй иесі ішімдік ішіп, медбикені бірнеше сағат бойы зорлаған. Ол әлденеге алдаусырағанда, Жанар үйден қашып шыққан. Үрейден есін жиған ол медбикеге ақша ұсынып, ренжімеуін өтінген сияқты.

Осы оқиғадан соң Жанар жұ­мысқа баруға қорқады. Ауылдағы бар тұрғын медбикеге қолдан кел­генше көмектесуге дайын. Олар күдіктінің жазасын алға­нын, бәрінің әділ өткенін қа­лайды. Өйткені бұдан бұрын да күдікті түрлі қитұрқы әрекетке барыпты. Бірақ бәрінен кешірім алып, жа­задан құтылыпты. Бол­ған оқиғадан кейін медбикенің алдына күдік­тінің жары келіп, кешірім сұраған. Одан бөлек ақша да, пәтер де ұсы­ныпты. Жа­нар ауылдасының кі­нәсі дәлелденіп, сот ісінің лайықты дәрежеде өткенін қалайды.

Расында, бұл жедел жәрдем қызметкері кездескен жалғыз оқиға емес. 2015 жылы 26 қараша күні ішімдік ішкен адам жедел жәрдем дәрігеріне қол жұмсады. Дәрігердің ауыр соққыдан миы­на зақым келіп, комаға түсті. 25 жас­тағы Наркескен Сей­сем­баевқа екі рет ота жасалып, өк­песін жасанды желдету жүйесіне қосты. Оқиға салдарынан зардап шеккен ол қазір ақпараттық дис­петчерлік бөлімнің аға дәрігері болып жұмыс істейді. Бірақ мү­гедектігін дәлел­дейтін қағазы бар. Ал жап-жас жі­гітті өмір бо­йы дәрігердің бақы­лауында жү­руге мәжбүр еткен адам 5 жылға бас бостандығынан айы­рылды. Сіздіңше лайық жаза ма?

Ал Алматы қалалық №7 кли­ни­калық ауруханасының дәрі­гер­ле­ріне емделушінің туыстары ша­буыл жасаған. Оқиға жайында ме­кеме Facebook парақшасында мә­лімде­ме жасады. Дәрігер­лер­дің сө­зін­ше, жансақтау бөлімінде жат­қан пациенттің туыстары оның тағы бір тәулікке бөлімде қалға­нына алаң­даған. Олар әке­лері қайтыс болып, медицина қызмет­керлері оқиғаны жасы­рын ұстап отыр деп ойлаған.

Мәселенің мәнісін білмек бол­ған олар әй-шәйға қарамай жан­сақтау бөліміне басып кір­ген. Кі­руге кедергі келтірген аға медбике мен санитарды темір балдақпен ұрған. Бөлім меңгеру­шісінің мә­лім­демесін күтпей, оқиғаны өзде­рінше жіліктеген. Науқастың туыс­тары профессор-дәрігер мен медицина ғылым­дары докторының сабырға ша­қыруына көнбей, түрлі былапыт сөз айтқан. Осындай әрекеттен соң аурухана мамандары сотқа жүгінуге шешім қабылдаған.

Осыған ұқсас жағдай көп. Денсаулық сақтау министрі Ел­жан Біртанов та қоғамдағы бей­бере­кетсіздікке алаң. Ол елімізде дәрі­герді кезекшілік кезінде де, опе­рация кезінде де ұру көшеде бір-біріне қол көтерумен бірдей екенін атап өтті. Соған байла­ныс­ты дәрі­герлерге шабуыл жа­сағаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы норма енгізе­тінін YouTube-DIGITAL жоба­сындағы пікірталасқа қатыс­қа­нында айтқан еді. Одан бөлек, Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 92-бабы 1-тармағы 4-тармақшасында емделушінің міндеті айқын көрсетілген. Ко­дексте «Медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидаларын сақ­тауға және мүлкіне ұқыпты қа­рауға, медициналық көмек алу кезінде ме­дицина персоналымен ынтамақ­тастықта болуға мін­детті» делінген.

Жоғарыдағыдай әрекет әлем­нің түкпір-түкпірінде орын ала­ды. Көршілес Ресей бейбастыққа тос­қауыл ретінде заң қабылдады. Өткен жылдың шілдесінде ел пре­зиденті Владимир Путин па­циент­тердің де, медицина қыз­мет­кер­лерінің де өмірі мен ден­саулығын қорғау және меди­ци­налық көмекті уақытылы көр­се­ту кепілдігін қам­тамасыз етуге бағытталған заңға қол қойды. Заңда медицина қыз­меткеріне зиянын тигізген, өміріне қауіп төндірген жағдайда 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза бар.

Тегін жерде жүйе мен тәр­тіп­тің болмайтыны белгілі. Осын­дайда шетелдегі тәжірибе ойға оралады. Мәселен, АҚШ-та же­дел жәрдем қызметіне жүгін­гіңіз келсе, 911-ге қоңырау ша­ласыз. Бірақ медицина қызмет­кері сізге көмекті ақылы түрде жүргізеді. Медициналық сақтан­дырумен де есеп айырысуға болады. Ал Израильде жол-көлік апаты мен террорлық оқиғадан зардап шеккендерге ғана тегін медициналық көмек көрсетіледі. Германияда жедел жәрдемді жөнсіз мазалап, шақыратындарға арнайы айыппұл бар. Естеріңізде болса, 86 жастағы астана тұрғы­ны бір айда 106 рет жедел жәрдем шақырған. Сонда кейуана күніне үш рет ме­дицина қызметкер­ле­рінің көмегіне жүгінген. Егер осы оқиға Қытайда болса, ол 1,5 млн теңге айыппұл төлеуге мәж­бүр болады. Өйткені аспанасты елінде жедел жәрдемді жөнсіз мазалағаны үшін 15 мың теңге айыппұл салады. Ал Швейца­рия­да бір рет жедел жәрдем шақы­ру 374 мың теңге тұрады.

Жедел жәрдемнің ақылы түрі елімізде де бар. Medical Assistance Group, Doctor help және тағы басқа медицина орталы­қ­тарында жедел жәрдем қызметі ақылы. Ин­тернетте аталған ор­талық­тар­дың жарнамасы самсап тұр.

Сол сияқты елде жедел жәр­дем­ді медициналық сақтандыру арқылы шақыруды шешім ре­тінде қарап көрген жөн. Сонда жоға­рыдағыдай олқылық орын алмай­ды. Әрі қызмет көрсету сапасы көтеріліп, емделушілер де жөнсіз әре­кетке бармайды. Қоғам «дә­рігер міндетті» деген көзқарастан арылып, өзі үшін емделу керегін ұғынады. Мәр­тебелі мамандық ие­лерін жөнсіз балағаттап, тіл тигі­зуден бойды аулақ ұстаған дұрыс. Өйткені олар Гиппократқа сіздің «ерке­лі­гіңізге» төземін деп емес, емдеп жазамын деп ант берген.


Айзат.JPG  Айзат ЖОЛДАС