Қазір қоғамда хакім Абай айтқандай бойдағы оғатты шығарып, ақылдың көзін байлайтын әрекет көп. Тіпті, мезгіл мен уақытқа қарамай көмек көрсетуге асығатын жедел жәрдемге де жәрдем керек. Жедел жеткен ақ халатты абзал жандарға шабуыл, зорлық-зомбылық азаяр емес.
Өткен жылы қазан айында Шығыс Қазақстан облысы Зубаир ауылында тосын жайт орын алды. Зорлық көрген жедел жәрдем қызметкері Еуразия бірінші арнасына басынан өткен жайды баяндап берді. Жанар есімді медицина қызметкері шақырумен үйге барып, 45 жастағы емделушіге дәрі екпек болған. Алайда үй иесі ішімдік ішіп, медбикені бірнеше сағат бойы зорлаған. Ол әлденеге алдаусырағанда, Жанар үйден қашып шыққан. Үрейден есін жиған ол медбикеге ақша ұсынып, ренжімеуін өтінген сияқты.
Осы оқиғадан соң Жанар жұмысқа баруға қорқады. Ауылдағы бар тұрғын медбикеге қолдан келгенше көмектесуге дайын. Олар күдіктінің жазасын алғанын, бәрінің әділ өткенін қалайды. Өйткені бұдан бұрын да күдікті түрлі қитұрқы әрекетке барыпты. Бірақ бәрінен кешірім алып, жазадан құтылыпты. Болған оқиғадан кейін медбикенің алдына күдіктінің жары келіп, кешірім сұраған. Одан бөлек ақша да, пәтер де ұсыныпты. Жанар ауылдасының кінәсі дәлелденіп, сот ісінің лайықты дәрежеде өткенін қалайды.
Расында, бұл жедел жәрдем қызметкері кездескен жалғыз оқиға емес. 2015 жылы 26 қараша күні ішімдік ішкен адам жедел жәрдем дәрігеріне қол жұмсады. Дәрігердің ауыр соққыдан миына зақым келіп, комаға түсті. 25 жастағы Наркескен Сейсембаевқа екі рет ота жасалып, өкпесін жасанды желдету жүйесіне қосты. Оқиға салдарынан зардап шеккен ол қазір ақпараттық диспетчерлік бөлімнің аға дәрігері болып жұмыс істейді. Бірақ мүгедектігін дәлелдейтін қағазы бар. Ал жап-жас жігітті өмір бойы дәрігердің бақылауында жүруге мәжбүр еткен адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сіздіңше лайық жаза ма?
Ал Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасының дәрігерлеріне емделушінің туыстары шабуыл жасаған. Оқиға жайында мекеме Facebook парақшасында мәлімдеме жасады. Дәрігерлердің сөзінше, жансақтау бөлімінде жатқан пациенттің туыстары оның тағы бір тәулікке бөлімде қалғанына алаңдаған. Олар әкелері қайтыс болып, медицина қызметкерлері оқиғаны жасырын ұстап отыр деп ойлаған.
Мәселенің мәнісін білмек болған олар әй-шәйға қарамай жансақтау бөліміне басып кірген. Кіруге кедергі келтірген аға медбике мен санитарды темір балдақпен ұрған. Бөлім меңгерушісінің мәлімдемесін күтпей, оқиғаны өздерінше жіліктеген. Науқастың туыстары профессор-дәрігер мен медицина ғылымдары докторының сабырға шақыруына көнбей, түрлі былапыт сөз айтқан. Осындай әрекеттен соң аурухана мамандары сотқа жүгінуге шешім қабылдаған.
Осыған ұқсас жағдай көп. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та қоғамдағы бейберекетсіздікке алаң. Ол елімізде дәрігерді кезекшілік кезінде де, операция кезінде де ұру көшеде бір-біріне қол көтерумен бірдей екенін атап өтті. Соған байланысты дәрігерлерге шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы норма енгізетінін YouTube-DIGITAL жобасындағы пікірталасқа қатысқанында айтқан еді. Одан бөлек, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 92-бабы 1-тармағы 4-тармақшасында емделушінің міндеті айқын көрсетілген. Кодексте «Медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медициналық көмек алу кезінде медицина персоналымен ынтамақтастықта болуға міндетті» делінген.
Жоғарыдағыдай әрекет әлемнің түкпір-түкпірінде орын алады. Көршілес Ресей бейбастыққа тосқауыл ретінде заң қабылдады. Өткен жылдың шілдесінде ел президенті Владимир Путин пациенттердің де, медицина қызметкерлерінің де өмірі мен денсаулығын қорғау және медициналық көмекті уақытылы көрсету кепілдігін қамтамасыз етуге бағытталған заңға қол қойды. Заңда медицина қызметкеріне зиянын тигізген, өміріне қауіп төндірген жағдайда 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза бар.
Тегін жерде жүйе мен тәртіптің болмайтыны белгілі. Осындайда шетелдегі тәжірибе ойға оралады. Мәселен, АҚШ-та жедел жәрдем қызметіне жүгінгіңіз келсе, 911-ге қоңырау шаласыз. Бірақ медицина қызметкері сізге көмекті ақылы түрде жүргізеді. Медициналық сақтандырумен де есеп айырысуға болады. Ал Израильде жол-көлік апаты мен террорлық оқиғадан зардап шеккендерге ғана тегін медициналық көмек көрсетіледі. Германияда жедел жәрдемді жөнсіз мазалап, шақыратындарға арнайы айыппұл бар. Естеріңізде болса, 86 жастағы астана тұрғыны бір айда 106 рет жедел жәрдем шақырған. Сонда кейуана күніне үш рет медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Егер осы оқиға Қытайда болса, ол 1,5 млн теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Өйткені аспанасты елінде жедел жәрдемді жөнсіз мазалағаны үшін 15 мың теңге айыппұл салады. Ал Швейцарияда бір рет жедел жәрдем шақыру 374 мың теңге тұрады.
Жедел жәрдемнің ақылы түрі елімізде де бар. Medical Assistance Group, Doctor help және тағы басқа медицина орталықтарында жедел жәрдем қызметі ақылы. Интернетте аталған орталықтардың жарнамасы самсап тұр.
Сол сияқты елде жедел жәрдемді медициналық сақтандыру арқылы шақыруды шешім ретінде қарап көрген жөн. Сонда жоғарыдағыдай олқылық орын алмайды. Әрі қызмет көрсету сапасы көтеріліп, емделушілер де жөнсіз әрекетке бармайды. Қоғам «дәрігер міндетті» деген көзқарастан арылып, өзі үшін емделу керегін ұғынады. Мәртебелі мамандық иелерін жөнсіз балағаттап, тіл тигізуден бойды аулақ ұстаған дұрыс. Өйткені олар Гиппократқа сіздің «еркелігіңізге» төземін деп емес, емдеп жазамын деп ант берген.