Түркістандағы жантүршігерлік оқиға: Бес адамның мәйітін әуелі көршілері көріпті
Түркістандағы жантүршігерлік оқиға: Бес адамның мәйітін әуелі көршілері көріпті

Түркістан облысында әр үйдегі газ құрылғыларының орнатылу тәртібі бір апта ішінде жаппай тексерілетін болады. Бұған облыс орталығында бір отбасының мезгілсіз ажал құшуы себеп болып отыр, - деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Сенбінің кешінде шаһардағы жеке үйлердің бірінен жас ана мен төрт баланың денесі табылды. Мамандар алғашқы болжамы бойынша қайғылы оқиға улы газдан болғанын айтады. Сауран мөлтек ауданындағы Сұлтан Бейбарыс көшесінде тұратын бір үйлі жан сеспей қатқан. Бес адамның мәйітін әуелі көршілері көріпті. Оларға базарда сауда істейтін келіншектің жұмысқа шықпай, не телефонға жауап бермегеніне алаңдаған серіктесі хабар беріпті. Көршілерінің айтуынша, құрылыста жұмыс істейтін үй иесі оқиға болған кезде Шымкентте ауруханада жатқан.

"Кіріп келген жерде әйел есік алдында жатыр. Тегешке құсқан да, сол арада көз жұмыпты. Анау екі үлкені сол бөлмеде жатыр. Кішкентай қызы арғы бөлмеде, бір кішкентай баласы бергі бөлмеде жатыр. Күйеуі көбінесе құрылыста жұмыс істейді. Өзі базарда, әйтеуір бала-шағаның қамы ғой. Үлкен баласы студент, екеуі оқиды, кішкентайы балабақшада болатын", - дейді Түркістан қаласының тұрғыны Кенжебай Мақұлбеков.

Марқұмдардың денесі туған жері Қызылорда облысында жер қойнына тапсырылды. Туыстары сұхбат беруге де, үйді түсіруге де қарсылық танытты. Ал газ саласының мамандары алғашқы болжамды таратып үлгерді. Олар бес адам улы газдан уланған болуы мүмкін деп топшылап отыр.
"Барған кезде біздің анықтағанымыз, ол жерде үш нүкте белгіленген. Оның біреуі газға қосылмаған, жататын бөлмеде. Ал екеуі, бір газ плита мен ирандық пеш қосылып тұр екен. Полиция марқұмдар табылғаннан бір күн бұрын жан тапсырған болуы мүмкін деп отыр. Өйткені, отбасы мүшелері әлі төсекке жата қоймаған екен. Ал бес адамның ажалына нақты не себеп болғаны сараптама қорытындысынан соң мәлім болады деді. Қазір мердігер мекеменің монтаж жұмыстарын тексеру де басталған.  Құзырлы орган осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Ал аймақ басшысы өңірде көгілдір отын тұтынатын барлық үйдің пештері мен құбырларын жаппай тексеруді тапсырды , - дейді "Қазтрансгаз" АҚ Түркістан облыстық өндірістік филиалының директоры Шалқар Омарбеков.
 
"Бүгіннен бастап барлық әкімдерге  осындай газ кірген жерлердің барлығын тексеріп шығуға тапсырма бердім. Осы жиналыс өткен соң бірден жұмысты ұйымдастыру керек. Әр үйді тексеру керек. Сол газды орнатқан мекемені жазалау керек!", - деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Мамандардың дерегінше, аймақта жылыту маусымы басталғалы 45 мыңнан астам өрт қауіпсіздігін сақтамау дерегі анықталыпты. Қаралы отбасыға әкімдік тарапынан қаржылай көмек ұйымдастырылып жатқаны белгілі болды. Мемлекеттік қызметкерлер 1 күндік жалақыларын аудармақ екен. Бұдан бөлек, демеушілер есебінен қосымша 7 млн. теңге көмек көрсету жоспарланып отыр. Бұған дейін Алматыда моншаға барған отбасының бес баласы газдан уланып қалғанын жазған болатынбыз.