Жатақханадағы жарылыстан зардап шеккен қыз қайтыс болды

Жатақханадағы жарылыстан зардап шеккен қыз қайтыс болды

Петропавлдағы жатақханада газ баллонының жарылуынан зардап шегіп, жансақтау бөліміне түскен бойжеткен он күннен кейін қайтыс болды.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1999 жылы туған қыз 1 наурыз күні сағат 23.35 -те  жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Дәрігерлер оның өмірі үшін жансақтау бөлімінде бір аптадан аса уақыт күрескен. Денесінің 65%-ын күйік шалған екен. "Қыз кеше кешке қайтыс болды. Денесінің 65 пайызын күйік шалған болатын. Қазір жансақтау бөлімінде ТЖ кезінде зардап шеккендерден ешкім жоқ. Екеуі облыстық ауруханада, үшеуі көпбейінді қалалық ауруханада. Барлығы бес пациент медициналық мекемелерде ем алып жатыр", – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілі. 21 ақпан күні Петропавлдағы Интернационал көшесі, 21 мекенжайындағы 5 қабатты жатақханада газ баллоны жарылған еді. Салдарынан екі адам қаза тауып, 15 адам ауруханаға жеткізілді.