Макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру мақсатында Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі арасында келісім жасалмақ. «Қазақпараттың» жазуынша, Үкімет отырысында Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев қаржы нарығын реттеу әрі жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасалып отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес біз Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тиісті іс-шаралар жоспарын келістік», – деді Ұлттық банк басшысы.Ерболат Досаев Ұлттық банкке бекітілген іс-шаралар аясында атқарылатын жұмысқа тоқталды. «Ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру, инфляциялық күтулерді тұрақтандыру және экономиканы ұзақ мерзімді қорландыруды қамтамасыз ету үшін біз осы жылғы наурыздың соңына дейін Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясының жобасын әзірлейміз. Сараптамалық қауымдастық талқылағаннан және мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін жоба 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін Ұлттық банк басқармасына ұсынылады», – деді банк төрағасы. Оның айтуынша, макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру мақсатында осы жылғы наурызда Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында келісім жасалады. Құжатта 2019 жылы басталған макроэкономикалық саясатты үйлестіру жұмысы жалғастырылады және қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен жалпы экономикалық даму қажеттілігі арасындағы балансты қамтамасыз ету тәсілдері әзірленеді.
«Біздің ойымызша, келісімде мыналар: азық-түлік нарықтарындағы бәсекелестікті арттыру және реттелетін қызметтерге тарифтерді тиімді бақылау шаралары; мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту және 2-5 жылдық облигацияларды басым түрде шығару мәселелері; экспортты одан әрі әртараптандыру және импорт ауыстыру бойынша жұмсалатын күш; банкроттық рәсімдерін, атап айтқанда «бір теңге – бір дауыс» рәсімін жетілдіру жұмысын жалғастыру, сондай-ақ оның тиімділігін арттыру үшін банкроттық рәсімін жүргізу мерзімдерін шектеу қамтылуы тиіс», – деді Ерболат Досаев.