Тегін дәрі қайда бар?
Тегін дәрі қайда бар?
105
оқылды

Денсаулық сақтау министрлігі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы кез келген ре­цепт тегін дәрі-дәрмекке ие бола алатынын әрі дәрігер­лердің электронды рецептке толығымен ауысуын қамтамасыз ететінін айтып отыр.

«Біз дәрі-дәрмек тізімін ке­ңейтіп жатырмыз. Үнемі ұлғайып отырады. Жыл сайын жаңа дәрі-дәрмектерді енгіземіз. Өткен жы­лы ісікке қарсы 20 дәріні қостық. Кейбір адамдар ойлай­тындай, бұл оңай шаруа емес. Біріншіден, ол емдеу тұрғысынан да, экономи­калық тұрғыдан да тиімді ме, жоқ па, оны сарапшы комиссия анықтайды» дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, дә­рігерлер пациенттерінің саны қанша екенін әрі оларға нақты қанша дәрі-дәрмек керегін алдын ала біле алмауы мүмкін. Ол үшін цифрлы технология қажет. Соңғы екі жылда аталған ведомство цифрландыру жүйе­сімен нақты айналысып келеді. Бұл науқастарға қанша ақысыз дәрі-дәрмек керегін және қандай дәрі қажет екенін анықтай алады. Кейде дәрі-дәрмек бітіп қалға­нын науқастың өзі де, дәрі бе­ретін орталық та білмей қалуы мүмкін. Осындай жағдайда па­циент тарапынан «түсініспеу­шілік» туындайтыны бар. Ол үшін аймақтар тұрақты жұмыс жүргізуі қажет. Дәрі-дәр­мекті уа­қы­тылы жет­кі­зуші­лер­мен келіссөз­дер жүр­гізіліп оты­рады. Кейде «сәтсіз­дік­тер» де кездесіп қалып жатады. Кейбір тапсырыс орын­даушылар тарапынан «өт­кен жылғы баға­мен өткізе алмай­мыз, біз жаңа бағамен өткізуіміз тиіс» деген пікірлер де айтылады дейді министрлік өкілдері.


Ал дәрі нарығын реттейтін формулярлық комиссия сарап­шылары бар. Жалпы, кез келген дәрі-дәрмек электронды рецепт бойынша берілуі тиіс. Ал қағаз жүзінде мұны қадағалау мүмкін емес. Кейде дәрілер есепсіз бері­ліп кетсе, бұл да бақылаудың болмағанынан туындап отыр. «Мемлекет сатып алған кей қымбат дәрілер жекелеген сек­торларға немесе шетелдерге кетіп қалып жатты. Егер жарты бөтелке дәрі жарты миллион тұрса, өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Бірақ ол бір адамның өмірі үшін өте маңызды болуы мүмкін» дейді министр.

2018 жылғы статистикаға сү­йенсек, тегін дәрі-дәр­мек ала­тын науқастар­дың саны азайған. Өйт­кені «өлі тізімді» анықта­ған­нан кейін бұл сан қысқарып отыр. Шын мәнін­де, кей нау­қастарға тегін дәрі-дәрмек жете қой­маған. Тіпті ондай дәрілер­дің бар екенін білмегендер де жетерлік.

«Соңғы бір жыл ішінде тір­келген диабет және гипертония­лық аурулардың саны өсті. Бұл жаппай «індет» тарады деген сөз емес. Бұған дейін олардың көбі жекеменшік ауруханалардан ем алып, дәрі-дәрмекті ақылы түрде пайдаланып келген. Қазір біз оларды тіркеп, дерекқорға жүк­теп қоямыз. Сол арқылы өздеріне қажетті дәрілерді алуына мүм­кін­дік туады» дейді Бір­танов.

Электронды тіркеудің ар­тық­шылығы, қанша науқас бар екені жә­не қандай дә­рі-дәрмек қа­жет екенін бі­ліп отыруға мүм­кіндік ту­дырады. Әрі тегін дәрі-дәрмек бермей, сауда-саттықпен айна­лысатындар­дың жолы кесіледі. Барлық медициналық құжаттар элек­тронды түрде жазылып, па­циенттің емделген-емделме­ге­нін біліп отыратын болады. Науқастың өзіне қажетті дәрі-дәрмектің қайсысы тегін, қай­сысы ақылы екенін білу үшін де бұл жүйенің жасалғаны дұрыс болды. Тек ендігі үміт – жекеле­ген дәрігерлердің біліктілігінде. Дәрігер қателеспей, дұрыс диаг­ноз қоя білсе, науқас та дер ке­зінде емделіп, ем алып шығар еді.


Айна ТҰРҒАНБАЙ