Басты мақсат – тарихи байланысты нығайту
Басты мақсат – тарихи байланысты нығайту
144
оқылды

Мәжілісте Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесті.

Нұрлан Нығматулин, ең алдымен, Садыр Жапаровты Қыр­ғыз Республикасының Президенті болуымен құттықтап, Қыр­ғыз елінің дамуы мен өркендеуіне бағытталған саяси жүйені реформалауға қатысты алда тұрған маңызды міндеттерін табысты орындау үшін сәттілік тіледі. Сонымен қатар Мәжіліс Тө­рағасы Қырғыз Президентінің мемлекеттік сапары Қазақстан мен Қырғызстан елдері Тәуелсіздігінің 30 жылдығында өтіп жатқанына баса назар аударды. Нұрлан Нығматулин басты мақсат тарихи байланысты сақ­тап, одан әрі нығайту екенін жет­кізді. Сондай-ақ барлық ба­ғытта, соның ішінде парламенттік ынтымақтастық арқылы бауырлас екі елдің достығын одан әрі тереңдету үшін тиісті жұмыстарды жалғас­тыратынын атап өтті. Кездесуде қос мемлекет арасында саяси келіспеушіліктер жоқ екенін және  екіжақты қарым-қатынастар жүйелі дамып келе жат­­қанын алға тартқан Палата Спикері мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі екенін және Қазақстанның Тұң­ғыш Пре­зиденті әрдайым Қырғыз Рес­публикасымен өзара іс-қимыл­дың ерекше маңыздылығын атап көрсететініне тоқталды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыр­ғыз елімен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін айтқан Мә­жіліс Төрағасы Қазақстан мен Қырғыз Республикасының қарым-қатынасы жаңа деңгейге кө­терілетініне назар аударды. Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин мәртебелі мейманға VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің қызметімен таныс­тырып, парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтудің маңыздылығы туралы айтып, қалыптасқан дәстүрлі әріптестік қарым-қатынастарды жал­ғастыратынына тоқталды. Өз кезегінде мәртебелі мейман біздің еліміздің жаңа Парламенттік құрамының жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы тарихи рөлін жоғары бағалайтынын және өзара туыстық және достық құндылық­тарды одан әрі өркендетуге үлес қосатынын айтты.