Заңсыз қамалған 24 адам
Заңсыз қамалған 24 адам
136
оқылды

Шымкент қаласындағы криминогендік ахуал өткен жылғыдан біршама төмен­депті. Бұл туралы Шымкент қалалық ақпа­раттық-ком­му­­ника­циялық орталы­ғын­да өткен баспасөз бри­фин­­гінде қала прокуро­ры­ның бірінші орынбасары Ма­нас Сабаншиев айтып өтті.

Үшінші мегаполисте қылмыс­тық құқықбұзушылық 16 пайызға төмендесе, оның ішінде қасақана адам өлтіру – 38, денсулыққа қаса­қана ауыр зиян келтіру – 40, тонау – 35 және есірткінің заңсыз айналымы 28 пайызға кеміген. Ал қылмыстың ашылуы 73 пайызды құрап отыр. Прокурорлар заңсыз ұсталып, қызметтік бөлмелерде қамалып отырған 24 адамды босатыпты.

Манас Мәжитұлы прокура­тура­ның ықпалымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ая­сын­да полиция органдары қосымша 400 компьютермен қамтамасыз етіліп, нәтижесінде тіркелген элек­тронды қылмыстық істер саны 13 есеге артқанын атап өтті. Мәселен, Қылмыстық ко­дек­­стің 190-бабы 3-бөлігімен арнайы про­курорлармен сотқа жолданған қыл­мыстық істің үкімі электронды форматта шығып, кінәлі тұлғаға 10 млн теңге айып­пұл салынған.

Брифингте қала прокуроры­ның орынбасары Берген Ержап­пар­ұлы былтыр жыл бойында мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыдағы сот­қа қатысу саласы бойынша бі­рінші сатылы соттарда про­ку­рор­лардың қатысуымен жал­пы 1 885 іс қаралғанын атап өтті. Судьялардың 5 адамға қатыс­ты шығарған 3 ақтау үкімі апелля­циялық өтінішхаттармен бұзы­лып, оларға қайтадан айыптау үкімдері қабылданған. Сонымен қатар 88 адамға қатысты 58 үкім апелляциялық өтінішхатпен заң­дастырылған. Осы мерзім ішін­де прокуратура тарапынан касса­циялық тәртіпте наразылық келтіру жөнінде 28 адамға қатысты 25 өтінішхат келтіріп, оның 12 адамға қатыстысы Жоғарғы сотпен қанағаттандырылыпты.

Айта кетейік, Шымкент қала­сын­­дағы түзеу мекемелерінде мер­зімін өтеп жүрген 737 жұмысқа қа­білетті сотталушының 614-і ақы­лы жұмыспен қамтылыпты. Сондай-ақ түзеу мекемелерінде 10 аза­мат жеке кәсіп ашып, оған сон­да­ғы 166 тұлғаны жұмысқа тартқан.

Ақпараттық-коммуникация­лық орталықта өткен жиында қо­ғамдық мүдделерді қорғау са­ла­сына тоқталған қала про­куро­рының орынбасары Бахтияр Мұхамеджанұлы 2019 жылдың 12 айында 231 тексеру мен талдау нәтижесінде 36 854 тұлғаның конституциялық құқықтары қор­ғалғанын айтып өтті. Мұнда заңсыздыққа жол берген 825 жан түрлі жауаптылыққа тартылып, нәтижесінде мемлекетке 585 млн теңге өндірілген.

Брифингте мүмкіндігі шек­теу­­лі балаларды үйден оқыт­қаны үшін 4 428 мұғалімнің жала­­қысына қосымша 62 млн теңге, 623 мұға­лім­ге ғылыми дәре­жесі үшін қосымша 2,1 млн теңге өндіріп, олар­дың конс­титуциялық құқық­та­ры қор­­ғалғаны жөнінде де ай­тыл­ды. Мегаполисте 6,5 млрд тең­ге көлеміндегі салық­тан жал­тару мақсатында «біркүндік фирмалар» арқылы 31 жалған шот-фактураларды жүзе­ге асырумен айналысқан қыл­­мыстық топ прокуратура қызмет­ке­рі­нің ықпалымен құрықталған.

Ал атқарушылық өндірісі сала­сында прокурорлық актілер­мен мемлекет пайдасына 1,4 млрд теңге, жалақы өндіру бойын­ша 45,5 млн теңге және али­мент бо­йын­ша 83,2 млн теңге өнді­ріл­ген.


назгул3.JPG  Назгүл НАЗАРБЕК,
                     Шымкент қаласы