Ұлттық компанияларға ашықтық керек
Ұлттық компанияларға ашықтық керек

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин квазимемлекеттік сектор сатып алуы туралы жаңа заң отандық тауар өндірушілерге басымдық бере отырып, сатып алу жүйесінің ашықтығын және тиімділігін қалыптастыруға ықпал етуге тиіс деп есептейді.

Бұл туралы Нұрлан Нығматулин Мәжілісте «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басшыларының, Үкімет мүшелерінің, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен өткен «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъек­тілерін сатып алу туралы» заң жобасын талқылаған отырыс барысында айтты. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, квазимемлекеттік сатып алу саласындағы ашық және тиімді процестер көптеген экономикалық мәселені шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, отандық өндірісті және өз өнімдерімізді қолдауға жол ашады. Екіншіден, бұл шағын және орта бизнеске көмек болады. Осының барлығы, жұмыс орындарын сақтап, әлеуметтік жағдайды да одан әрі дамытуға ықпал етеді, – деді Мә­жіліс Төрағасы. Жиында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу жүйесі туралы депутаттар алдында баяндама жасады. Қор басқармасы басшысының айтуынша, сатып алу қызметінде қабылданған шаралар ерекше өзектілікке ие болып, пандемия мен экономикалық дағдарыс кезеңінде өзінің тиім­ділігін дәлелдеді. – Отандық кәсіпкерлерден сатып алу үлесі 2019 жылғы 45%-ға қарағанда 2020 жылы 83%-ды құрады. Осы жылдың 2 айында ол 90%-ға дейін өсті. Импортты алмастыру бағдарламасы жаңа өндірістерді 76 млрд теңгеге тікелей қолдауға ықпал етті, – деді Ахметжан Есімов. Аталған заң жобасы туралы Мәжіліс Төрағасы бұл ретте квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің ерекшеліктерін ескеретінін атап өтті. – Біздің елімізде квазимемлекеттік сектор субъектілері әр­түрлі векторлы, көпсалалы сипатқа ие. Сатып алу рәсімдерін шамадан тыс нақтылау компаниялардың операциялық қызметіне те­­ріс әсер етіп, сондай-ақ олардың инвестициялық тартымдылық деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл заң жобасы квазимемлекеттік сектор субъекті­лерінің сатып алуы­на қатысты базалық қағидаттар мен тәсілдерді қамтиды, – деді Нұрлан Нығматулин. Заң жобасында, атап айтқанда сатып алудың жаңа тәсілі – электронды тетікті енгізу ұсынылады. Егер мұндай тауарлардың құндық мәндегі жылдық көлемі АЕК-тің он мың еселенген мөлшерінен аспаса, электронды каталогтегі біртекті тауарларға осын­дай тәсілмен сатып алуды жүргізу жоспарланып отыр.

Ж.ӘБДІҒАЛИ