Бейбіт күннің құрбандары
Бейбіт күннің құрбандары

Ел ішіндегі тыныштық, көшедегі тәртіп, құқықтық заңдардың бұзылмауын қадағалау жұмыстары негізінен ішкі істер органының полицейлеріне жүктелген. Қызмет барысында сақшылар әртүрлі қиын жағдайға кездеседі. Кейде басқалардың өмірін қорғап жүріп өздері мерт болады. Жақында ғана Қостанай облысында полиция қызмет­кері Дархан Базарбаев қарулы бұзақының қолынан қаза тапты.

Қайғылы оқиға Қостанай облысының Тобыл қаласында болды. Патрульдік полиция эки­пажы отбасылық жанжал тура­лы шақыруға шығады. Дар­хан Базарбаев әріптесі Аман­гелді Сыздықовпен бірге оқиға орнына 6 минут ішінде жеткен. Екі пәтерлі үйдің бір бөлігінде Тобылдың бұрын сотты болған 28 жасар тұрғыны, екінші бөлігінде оның әпкесі күйеуімен және баласымен тұрған. Мас адам оларды өлтірем деп қорқытқан. Туыстары ол пышақ алуға кірген бөлмені сыртынан жауып, полицияға хабарласқан. Бұзақы тұтқындалды. Бірақ ол пышақты Дарханның жүрек тұсына салып үлгерген еді... Жедел жәрдемге 1995 жылы туған сержанттың қай­тыс болғанын тіркеу ғана қал­ған еді. Полицейдің артында 4 ай­лық баласы қалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызмет­тік борышын атқару үстінде көз жұмған полицей Дархан Базар­баев ІІІ дәрежелі «Айбын» орде­німен марапатталды.

Еліміз тәуелсіздік алған уа­қыт­тан бергі отыз жылдай уақыт ішінде, қоғамдық тәртіп­ті сақтау кезінде қызмет барысында жүр­ген 788 құқық қорғау саласы қыз­меткері қаза болған екен. Олардың бәрінің есімі ел есінде қалады.

Мысалы, 2019 жылдың нау­рыз айында Жайық өзеніне секі­ріп кеткен келіншекті құт­қа­рам деп құрбан болған Шал­қар Ақымғалиев, 1993 жылы қыл­мыскердің қолынан қаза тап­қан аға лейтенант Асқар Бисекенов, 2009 жылы мас жүр­гізу­шіні тоқтатам деп, оның көлігінің астына түсіп қайтыс болған Нұрберген Өтемісовті атыраулықтар ұмытпақ емес.

Ал қызмет бабында қай­тыс болғандарды есте қалдыру мақсатында 2018 жылы Шым­кент­тегі ішкі істер департаменті ғимаратының ауласында ес­керт­кіш ашылды. Тәуелсіздік алған­нан бері Түркістан облысының 23 полицейі қаза тапқан. Бұл – Қазақстанда қызмет барысында қайтыс болған полицейлерге арналып ашылған төртінші ескерткіш.

Жақында Павлодар облыс­тық полиция департаменті қас­көй­лердің қолынан қаза тапқан милиция капитаны Ахметқали Тезекбаев және Фарид Қақабаев, әділет аға лейтенанты Мейрам Дәулетов, әділет лейтенанты Қанат Сармантаев, милиция лей­тенанты Асылбек Бижанов, кіші лейтенант Ерлан Нұржанов, қатардағы милиция Ербол Сем­баев пен полиция аға лейте­нанты Харки Арлиді еске алды.

Әлемде Австралия, АҚШ, Канада, Израиль, Ресей, Ук­раи­на сияқты көптеген ел­дер­де қызметтік міндетін атқа­ру кезінде қайтыс болған поли­цей­лерді жыл сайын еске алу күні белгіленген. Америкада тіпті бір күн ғана емес, еске алу аптасы да өткізіледі. Қазақстанда да бұл үрдіс бар. Бірақ әр өңір өз уақытын белгілеп қойған.

Ал Шығыс Қазақстан облы­сында 37 сақшы қылмыс­керлер қолынан көз жұмды. Көпшілігі қайтыс болғаннан кейін мемле­кеттік және ведомстволық ма­ра­патқа ұсынылды. Қаза тап­қан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің аты-жөндері тас­қа қашалып, ескерткіш ор­на­­­тылды. Олардың ішінде 2003 жылы қылмыскер қо­лы­­нан қаза тапқан Үржар ауданы учаскелік полиция инспекторы Ержан Жұмаділов, 2016 жылы бұзақылық әрекетті тоқтату бары­сында пышақтан алған дене жарақатынан мерт бол­ған Бородулиха аудандық қыл­мыс­тық іздестіру, бақылау және өткізу пунктінің кіші жедел уәкі­лі, милиция сержанты Жанат Бабенов бар.

Ал 2016 жылы Алматыдағы тер­рористік акт кезінде тәртіп сақ­шыларының жетеуі қаза тап­ты. Кейін Алматы мен Ақтө­беде террористерге қарсы тойтарыс бер­ген 5 қызметкер (олар­дың төртеуі қайтыс болған­нан кейін) – ІІ дәрежелі «Ай­бын» ор­денімен, «Ерлігі үшін» меда­лі­мен – 9 қызметкер, «Жауын­гер­лік ерлігі үшін» медалімен Ұлттық ұланның 2 жауынгері мара­патталды.

Алматы облысы Іле ауданы­ның ішкі істер басқармасына қарасты Боралдай кенттік поли­ция бөлімшесінің кезекші бөлімі кезекшісінің көмекшісі, полиция старшинасы Манас Жұмаділов 2000 жылғы 31 ма­мыр­да бірнеше мәрте ұрлық жасаған қылмыскерді ұстау кезінде пышақтан алған жара­қат­тан қаза тапты. Кейін Іле ауданы Боралдай кентінде бір көшеге аты беріліп, ІІІ дәре­желі «Айбын» орденімен мара­патталды. Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасы қылмыстық іздестіру бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция ма­йо­ры Тұрғанжан Турдиев 2002 жылғы 10 ақпанда қару­лан­­ған қылмыскерді ұстау барысында алған жарақаттан қаза тапты. Ол «Ерлігі үшін» меда­­лімен марапатталды. Қап­шағай қалалық ішкі істер бөлі­мі қоғамдық қауіпсіздік бөлім­ше­сінің учаскелік полиция инс­пек­т­орының көмекшісі, полиция лейтенанты Ғалым Тәттібеков 2008 жылы 25 шілдеде Қапшағай қаласында кісі өлтірген қарулы қылмыскерді ұстау барысында алған ауыр жарақаттан қаза тап­қан. Ол да «Ерлігі үшін» ме­далі­мен марапатталды. Тал­ғар ауданының қоғамдық қауіп­сіз­дік бөлімінің учаскелік поли­­ция инспекторының кө­мек­­шісі, полиция аға лейте­нан­ты Еділ Әділжан 2008 жылы 20 жел­тоқ­санда қарулан­ған қыл­мыс­керді ұстау бары­сын­да алған жарақаттан бақи­лық болды. Марқұм ІІ дәре­же­лі «Айбын» орденімен марапатталды. «Ар­лан» арнайы мақсаттағы бөлім­шесінің аға инспекторы, поли­ция капитаны Ержан Ахметов 2013 жылғы 12 маусым­да қарулы қылмыскерді ұстау бары­сында ерлікпен қаза тап­ты. Қайтыс болған сақшы ІІ дәре­желі «Айбын» орденімен марапатталды.

Айта кету керек, 2011 жылы Тараз қаласында лаңкесті құ­рық­тау кезінде ерлікпен қаза тап­қан Ғазиз Байтасовқа «Халық Қаһар­маны» атағы берілді.

Бұл қаралы тізімді түзу де оңай болмасы анық. Әр ерлік­тің артында «құлынымдап» зарла­ған ана, іштей күрсінген әке, қыстығып жылаған жар, жетім қалған бала тұр. Олай болса, халықтың тыныштығы үшін өз жанын құрбандыққа шалған сақшыларды ешқашан ұмытпауымыз парыз!


Әдебиет.JPG  Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ