­Ерлердің 50-52 пайызы – белсіз
­Ерлердің 50-52 пайызы – белсіз

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласының бас урологі Марат Мақажановпен сұхбат.

– Марат Абзалұлы, ұлттық қауіп­сіздікке, әсіресе демографияға тікелей әсері бар урологиялық ауру түрлерін анықтау үшін соңғы рет қашан кең ауқымды скрингтік тексеру жүргізілді? Егер осындай жаппай диагностикалау жүргізілген болса, еркектер белсіздігі мен бедеу­лігі қанша пайызға жетіп тұр?

– Скрингтік тексеру 2006 жыл­дан бастап 2016 жылға дейін жүр­гі­зілді. Осы уақыт аралығында 47 мыңға тарта ер-азамат тексеру­ден өтті. Бірінші жылдары біздің Б.Жар­босынов атындағы урология ғы­лыми орталығында ақысыз тек­серу жүргізілді. Ғылыми орта­лық осы жауапты да сауапты іс үшін Үкіметтен ешқандай қаражат ал­ған жоқ. Осы тексерулердің нә­ти­­­жесіне қарағанда, қазір еліміз бо­йын­ша еркектер белсіздігі 50-52 пайызға жетсе (белсіздіктің 3 түрі болады), бедеулік деңгейі 15 пайыздан жоғары болып тұр. Егер 15 пайыздан төмен болса, онда бұл қалыпты жағдай саналады. Ал одан жоғары болғаны – алаң­дай­тындай ахуал. Сондықтан мұның демографияға кері әсер етіп отырған жайы бар. Бұл эко­ло­гияның, ер-азаматтар өз ден­сау­лығына салғырт қарауының салдары деуге болады. Мысалы, Гер­манияда бедеулік деңгейі – 3-5 пайыз, Данияда – 18 пайыз. Ал ТМД елдерінде 15-17 пайыз шамасында. Көршілес Ресейде – 17 пайыз.

– Урологиялық аурулар жаса­рып бара жатқаны айтылады. Оны ерте анықтаудың маңызы мен оған ем-шара қолдану жайына тоқталып өтсеңіз.

– Балалар хирургтері ұлдарға ба­ла­бақша, мектеп жасынан бас­тап қарап, бақылауда ұстаса, бұл мә­селе мұншалықты ушық­пас еді. Ерлер қауымы есей­ген­де дәрі­гер­ге баруды онша құнт­та­май­ды. Олардың бойында өз мәсе­лесін айтуға ұяла ма, қымсына ма, сондай бір қасиет бар. Оның үстіне қосалқы көптеген ауру­лар кездеседі. Оның ішінде туа біт­кен крипторхизм, бұл – ата­лық бездің ұмаға түспей қалуы. Яғни, жұ­мыртқаның ұмаға түсу үрді­сі­нің бұзылуына байланысты өз орнынан ауытқып, ұмаға түсіп келе жатқан жолында тоқтап қа­луы. Крипторхизмді бала 3-5 жа­сын­да емдеу керек. Одан асып кетсе болмайды. Адамның тем­пературасы 36,6 градус мөлше­рінде. Жұмыртқа ұманың ішінде жатса 34 градусты ұстап тұрады. Сол себепті неғұрлым дәрігерге ертерек қаралса, соғұрлым жақ­сы.

Варикоцеле – бұл аталық без­ді орайтын, ұрықтық түтіктің бойы­мен орналасқан, ұманың көкта­мыр­ларының кеңеюі. Варикоцеле еркектердің белсіздігінің тікелей себепкері болуы мүмкін. Өсе келе артық салмақ қосып, атресклероз, қан қысымы, қант диабеті болады. Соның бәрі белсіздікке, сосын бедеулікке алып келуі мүмкін. Бұл демографияға кері әсерін тигізеді. Белсіздікке ұшыраған адамдарда да бедеулік болуы мүмкін.

– Урологиялық ауруларды ерте анықтауға басты кедергі не? Маман жетіспеуі ме, әлде тұрғындардың сал­ғырттығы ма?

– Бала туғаннан кейін дәрі­гер­лер оны барынша мұқият қа­рай­ды. Егер баланың денсау­лы­­ғында қандай да бір ақау ба­рын байқаса, онда дереу тиісті шара қол­данылады. Ата-ана да бала­ла­рының денсаулығына мұқият болып, дәрігерге дер кезінде көр­се­тіп отырса, медицина қызмет­кер­лері балабақша, мектепте де ер балалардағы қандай да бір ауру­ларды уақытында байқаса, ерте­рек ем-дом жасап, оның тезірек сауығуына жағдай жасар едік.         

Жасыратыны жоқ, қазір елі­міз­де уролог мамандар аз. Себебі ем­ха­на, амбулаториялардың көбінде урологтер жоқ. Урологиялық нау­қас­тарды емдеуге мемлекет тара­пынан өте аз қаражат бөлінеді. Былай қарағанда өте маңызды, ұлттың көбеюіне тікелей қатысы бар сала. Біздің бір орташа күрделі науқасты емдеп шығуымызға 196 мың теңгенің шамасында қаражат бөлінеді. Оған ауруханада жату, тамағы, дәрі-дәрмегі, отасы – бәрі кіреді. Көршілес Ресейде жай ота жасаудың өзіне 250-300 мың рубль, біздің теңгеге шаққанда 2 миллион теңгедей қаржы бөлі­не­ді. Сол себепті емхана басшы­сы­на уролог маман ұстап отыру тиімсіз. Бұл – үлкен мәселе.

– Урологиялық науқастарды негізгі емдеу жолдары қандай?

– Аурулардың дәрежесін дәрігер анықтайды. Оны жеңіл, орташа, қатаң деп бөлуге болады. Жеңіл және орташа түрін жай ғана денешынықтыру мен салауатты өмір салтын ұстану арқылы
75 пайыз­ға дейін емдеуге болады. Сон­дықтан ауруы асқынбай, дәрі­герге неғұрлым ертерек қаралған науқастың мүмкіндігі мол. Өкі­ніш­­ке қарай, көбі уақытты өткізіп жүріп алады да, аурудың қатаң түріне өткенде дәрігерге келеді. Бұл кезде, амал жоқ, ота жасауға мәж­бүрміз. Б.Жарбосынов атын­дағы урология орталығына келетін науқастар арасында белсіздік 30-40 жас аралығында – 15 пайыз, 40-60 жас арасында – 25-30 пайыз, 60 жастан жоғарыларда 70-80 пайызға дейін барады. Белсіздікпен келген­дер­дің 90-95 пайызын емдеуге бо­лады. Олардың 10 пайызы ота­мен, қалғаны дәрі-дәрмекпен емделеді.

– Ерлер арасында өлім-жітімнің көп болуы мен олардың өмір сүру жасының ұзақтығы әйелдерге қара­ған­да шамамен 10 жасқа төмен еке­ні­нің басты себебі не?

– Мұның басты себебі – ер-аза­мат­тарымыздың өздерінен. Олар өздігінен денсаулығын тексертуге бармайды. Мысалы, әйелдер мен ер-азаматтардың дәрігерге тек­­серуге баруын салыстырып қа­расақ, үш-төрт әйел барған жер­ге бір ер адам ғана баруы мүм­­кін. Әйелдерде бұл жағынан туа­біт­кен ұқыптылық қасиет бар. Ерте­рек бала сүюдің қамын жасап, ден­сау­лығына алаңдайды. Дәрі­гер­лік тексеруден дер кезінде өтуге ты­ры­сады.

Жасыратыны жоқ, кейінгі жыл­дары жыныстық қатынас ар­қы­лы жұғатын аурулар саны кө­­бейіп кетті. Оның бәрі ұрық шы­ғатын жұмыртқаға, аталық без­дің қосалқысына кері әсер ете­ді. Оның бәрі шәует шығаратын түтік­шелерді бітеп тастап, ол дұрыс шықпай қалады. Сондықтан неше түрлі бедеулік болады. Олар­ды ем­деу керек. Сол себепті ер-аза­мат­тар мен әйелдердің жыныс­тық қатынаста мұқият болуын ескер­теміз.

Б.Жарбосынов атындағы уро­логия ғылыми орталығында апта сайын тек бедеулікке байла­нысты екі-үш ота жасаймыз. Бел­сіздік саны да артып барады. Бұл – темекі, ішімдік, нашақорлықтың сал­дары. Қант диабеті, қан қы­сы­­мымен ауыратындар да кө­бейіп келеді. Мәселен, қан қы­сы­мы жоғары адамдарда бірін­ші белсіздік болады. Қан қысы­мын тексертіп, дер кезінде ем қабыл­даса, белсіздікке әкеліп соқпас еді. Сосын бұрынғыға қарағанда қимыл-қозғалыс аз. Бір орында оты­рып жұмыс істейтіндер көп. Физикалық жұмыс жасап, спорт­пен айналысу керек. Азамат­тар дие­тасын ұстап, майлы тамақ ішпей, спирттік ішімдік пен наша­қор­­лыққа үйір болмай, өз-өзіне қарап, салауатты өмір салтын ұстан­са, оның бәрі белсіздікті 70 пайызға дейін жақсартар еді. Несеп тасы ауруы көп. Ол экологияға, ауызсу сапасының нашарлығына байланысты. Ер адамдардың өмір сүру жасы ақырындап ұлғайып, қарттарымыздың қатары көбейіп келеді. Соған байланысты андро­ло­­гиялық ота жасау да артып отыр.


Науқастар арасында белсіздік 30-40 жас аралығында – 15 пайыз, 40-60 жас арасында – 25-30 пайыз, 60 жастан жоғарыларда 70-80 пайызға дейін барады.


Ер адамдар өзін «ауырмауым керек, мықты болуға тиспін» деп қайрайды. Өздеріне көп ауырт­па­лықты алады. Оның үстіне, ауру-сыр­қауға көп мән бермей, ауруы асқынып кеткенін байқамай қала­ды. Олар көбіне ауыр жұмысты атқарады. Салқын жерге отыра салады. Тамақ ішу қалпына да ерекше көңіл аудармай, көрінген жерден тамақтана салатыны да рас. Мұның бәрі атресклероз, қан қысымы, холестериннің көбеюі, қант диабеті, еркек бездерінің асқы­нуы, простатит сияқты ауруға алып келеді. Олардың балалары да туабіт­ті түрлі ауруға шалдығады.

– Нақты статистика бойынша, бе­деулікке шалдыққандар арасында еркек­тер көбірек пе, әлде әйелдер ме?

– Бедеулік жағынан алғанда шама­мен 40 пайыз – ерлер, 40 пайыз – әйелдер. Қалған 20 пайыз екеуін­де де бар болып шығады. Ертеректе бала болмауы тек әйел­дер­ден деп қарайтын. Қазіргі статистика осындай болып тұр. Сондықтан бала сүйіп, ұрпағын өрбіткісі келсе ер-азаматтарымыз да уақытты созбай, дер кезінде дәрігерге тексерілуі керек. Ерлі-зайып­тылар шаңырақ көтер­ген­нен кейін бір жылдың ішінде еш­­қандай сақтандыру әдістерін қол­­данбаған жағдайда бала бол­ма­­са, бұған алаңдау керек. Елде бедеулік 15-16 пайыз болса, соның бәрін емдеп шығу мүмкін емес. Шамамен, 10 пайызын емдеуге бо­лады. Туабіткен немесе тұ­қым­қуалаушылық арқылы бола­­тын бедеуліктің емделуі қиын. Олар генетиктер мен репродук­то­логтарға жүгінеді. Болмаған жағ­дайда бала сүюден үмітті ата-ана ЭКО әдісін қолданады. Қазір елімізде осы әдіспен дүние есігін ашқан сәбилер көбейіп келеді. Ең бастысы, ерлі-зайыптылар балалы болудан үмітін үзбеу керек.

– ҰҒА академигі Мырзагелді Алшын­баев бір сөзінде «Қазақстан – ерлер денсаулығына қаржы бө­ліп отырған әлемдегі бірден-бір мемлекет. Ерлер денсаулығы орта­лы­ғы әр облыста бар, оның ең бірін­шісі Шымкентте 10 жылдан астам уақыт бұрын ашылған. Ер-азаматтарымыз осы орталықтарға барып тегін тексеруден өте ала­ды. Біз енді қызмет көрсету, диа­г­нос­тика мен емдеу сапасын артты­руымыз қажет» деген еді. Осы орта­лықтардың жұмысына тоқта­лып өтсеңіз.

– 14 облыс орталығы мен Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында ер-азаматтар денсаулығы және отба­сылық ұзақ өмір сүру орта­лық­тары ашылған. 2016 жылдан бері Үкімет тарапынан осы орта­лық­тарға ақша бөлініп келеді. Ер-азаматтардың денсаулығы тек урологке байланысты емес, сондай-ақ эндокринолог, психо­лог, андролог, сексопотолог, кар­дио­­лог керек. Өйткені жүрек ауруы бар науқастар неше түрлі дәрі-дәрмек ішеді. сондықтан олар­да бедеулік те, белсіздік те бола береді. Әсіресе, белсіздікке жиі шалдығады. Сол себепті осын­дай орталықтар ашылды. Орта­лық­тар­да мамандар, медициналық құрылғылар бар. Талдамаларды тексеретін зертханалар ашылған. Үкі­мет тарапынан жыл сайын қан­шама адамды тексеруге қара­жат қарастырылған. Жағдай жыл­дан-жылға жақсарып келеді. Оның үстіне түсіндіру, насихат жұмыс­та­рын да жүргіземіз.     

– Былтыр Алматыда өткен І Ор­та­лықазиялық урологтер кон­гре­сінде әлемде урологиялық нау­қас­тарға ота жасау үшін робот тех­­никалардың пайдаланыла бас­та­ғаны айтылды. Робот техника­лары дәрігерлерді қаншалықты ал­мас­ты­ра алады? Осындай өрке­ниет кө­шіне Қазақстан қашан ілеседі?

– Бұл конгресс Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орта­лы­ғының директоры Әнуар Ама­новтың бастамасымен өтті. Конгреске 17 елдің беткеұстар, әлемдік деңгейдегі мамандары келді. Конгрестің алдағы уақыт­та дәстүрлі өтіп тұруын қалар едік. Мұндай шараларда ортақ мәсе­ле­лер талқыланады, осы салада болып жатқан жаңалықтармен бөлісеміз. Осындай конференция, конгрестердің арқасында жағ­дайы­мыз жақсарып келеді деп ойлаймыз. Өйткені мұндай шара­лар салаға Үкіметтің де назарын аударады.

Нұр-Сұлтанда робот тех­ника­лары бар. Ол өте қымбат тұра­тындықтан, барлық орталық­тарға алуға әзірге мүмкіндік бол­­май тұр. Өзіміз қандай мықты маман болсақ та, робот болғаны жақсы. Жаңа технологияны ен­гізу керек. Бірақ адамның өз қолы­­мен жасағандай болмайды. Робот техникалары адамның мүм­кіндігін толық алмастыра ал­май­ды. Дегенмен роботпен ота жасау науқас үшін жеңіл болады. Роботпен кішкентай ғана тесіктер арқылы ота жасап шығады. Отадан кейін де тез сауығып кетуіне мүм­кіндік бар. Қазіргі таңда ашық ота азайды, аппараттармен жа­сап жатырмыз. Ал робот болса, тіпті жақсы. Жылдан-жыл­ға тех­­нологиялар жаңаруда. Бұл жағы­нан әлемдік көштен қал­май, ілесіп келеміз. Бұдан былай да жа­сауға тырысамыз. Орталық бас­­шылары медициналық жаңа құрал-жабдықпен қамтамасыз ету­ге барын салып жатыр.

– Бір кездері лазерлік әдіс­пен сүндетке отырғызу бала денсау­лы­ғына кері әсерін тигізетіні тура­лы әңгіме қозғалып еді. Қазіргі таңда бұл тәсілге жүгінетіндер қанша­лық­ты? Заманауи жөргектердің бала денсаулығы әсеріне тоқтала кетсеңіз.

– Ер балаларды сүндетке отыр­ғызу лазермен де, күйдіріп те, ашып та жасалады. Әр маман қалай үйренді, солай жасайды. Ол маманның біліктілігіне байла­ныс­ты. Ал заманауи жөргектердің (памперс сияқты) ер балаларға кері әсері бар. Ұманың ішінде тем­пература 34 градус болатынын жоғарыда айттық. Бұл шәует жасу­шасының пісіп, өнуіне өте қолайлы температура. 36,6 градус болса дұрыс пісіп, өнбейді, тіпті өліп те қалуы мүмкін. Заманауи жөргектер температураны ұстап тұрады. Бұл ер балалар үшін зиян. Сондықтан оны көп ұстамаған дұрыс.

– Дәстүрімізге сай баланы бесік­ке бөлеуге қалай қарайсыз?

– Бесік жақсы. Бала таза, бірқа­лыпты температурада жатады. Атам қазақ бесіктен жамандық көрген жоқ. Бірақ «Бәрің бірдей бесікке салыңдар» дей алмаймыз, ол әркім­нің өз қалауы. Дегенмен өз пікірі­міз­ді айтып жүрген орынды.

– Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ