Әрекет еткен берекетін көреді
Әрекет еткен берекетін көреді
165
оқылды

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарды шеттету бар екенін мойындайық. Әсіре­се,  жұмысқа орналасуда қиындық көреді. Бәлкім мәселенің шешімі әлеу­мет­тік биз­несті дамыту болар. Батыс елдері мұндай үрдісті 40 жыл, Ресей 12 жыл, қыр­ғыз елі 8 жыл бұрын қолға алды. Бізде де бастамалар аз емес. Мәселен, елор­дада 30 шақты әлеуметтік кәсіпкерлік нысаны бар, ел бойынша  жалпы саны 250-ге жетеді. Осы саладағы мән-жайдан хабардар болу үшін қос әлеуметтік кәсіпкерді әңгімеге тарттық.

Эмин Эмин ӘСКЕРОВ, әлеуметтік кәсіпкер:

Өңірлерде әлеуметтік кәсіпкерлікті қолға алу керек

– Шыны керек, аталған салада тәжірибем болмады. Бәрін нөлден бастадым. Қазір арнайы әдістеме бойынша жұмыс істейміз. Қалай жұмысқа орналастыру керек, қа­­лай мотивация беру керек екенін сол әдістемеге сүйене отырып жүзеге асы­рамын. Жаңа нәрсенің барлығы тәжірибемен келді. Иә, 2012-2015 жылдары Назарбаев уни­­­­верси­тетінде жұмыс істедім. Мұндай жұ­мыстан шаршай­тын­мын. Қо­ғамға көмектесіп, оларды жа­қын­нан та­нығым келді. Осы­лайша, жұ­мыстан шықтым да, Green Tal әлеуметтік шебер­хана­сының не­гізін қаладым. Жобаны 2015 жылы бастадық. Алғашында шығынға батқанымыз бар. Өзімнің нашар кәсіпкер еке­німді байқап, бизнес саласында бі­лімімді жетілдірдім. Сөйтіп, аяқ­қа тұрып кеттік. Қазір біз 8 ба­ғыт бойынша азаматтарға қол­дау көр­сетеміз. Ағаш цехы, тігін цехы, полиграфиялық, дәнекерлеу мен декоративті қызмет. Биыл өңір­лерден алғашқы филиа­лы­мызды аштық. Әріптестеріміз Павлодар қаласында жұмысын бастады. Бізде қазір 71 адам жұмыс істейді. Оның 62-сі әлеуметтік санатқа кіреді. Оларды тегін оқытамыз. Ебі бар­ларын жұмысқа орналас­тыра­мыз. Жұмыс­­шылар­дың арасында мүге­дек жан­дар, ішімдікке, есірт­кіге тәуелді аза­маттар және тағы бас­қалары жұ­мыс істеп жатыр. Әлеуметтік санатқа кіретін топ­ты жұмысқа қабылдарда олар­дың біліктілігі жоғын ескеру керек. Кө­бінің орта білімі бар. Оларды же­тілдіріп, жаңа қырын ашу үшін ұзақ уақыт кетеді. Бастысы, моти­вация беріп, жаңа жолға жетелеу керек. Уақыт өте келе прогресс байқайсыз. Мә­селен, жұмысқа тұруға келген кісіден бұрын жұмыс істеп-істе­мегенін сұраймын. Жұ­мыс іс­темеген болса, қолынан не келе­тінін анық­таймын. Артынша тәжірибеден өтуге мүм­кіндік бере­мін. Тәжірибе жинау кезінде оқы­тып, жұмысқа қабылдаймын. Бір қызығы, әлеумет мені қа­һарманға теңейді. Негізгі қаһар­мандар – тағдыр сынына мойымай, әлеуметтік шеберханада жұмыс істеп жүрген жандар. Олардың мүм­кіндігі шектеулі болғанымен, ойы мен санасы тәуелсіз. Осындай азаматтардың жұмыс істеп жүр­геніне қарап, дені сау жандар ой түюі керек. Мысалы, ағаш цехында жұмыс істейтін Айдардың диаг­нозы – ДЦП және шизофрения. Ол орталықта үш жылдан бері жұмыс істейді. 4 ай бұрын ол әке атанды. Әйелі біздің тігін цехында қызмет етеді. Бір-бірін түсініп, алға жетелеп жүрген жан­дарды көргенде жұмыс істеуге одан сайын құл­шы­намын. Жақында Даун синдромымен ауыратын жігіттің анасы хабар­ласты. Алты жылдық тәжірибемде мұндай диагнозы бар азаматты кезік­тірмедім. Дәлірек айтсам, тәжі­рибем жоқ. Жігітті әңгі­ме­лесуге шақырдым. Артынша 22 жастағы жігіт бұрын BI GROUP-те жұмыс істегенін білдім. Бірақ өт­кен жыл­дың наурызынан бері ақы­­сыз еңбек демалысына шы­ғыпты. Оны ағаш цехында оқып, үйренуге шақырдым. Әр іс – жаңа белес. Жігіттің анасы жалғызбасты әрі тағы бір қызы бар. Ал ана­сының баласын мақтан тұтып, жаңа жұ­мыс таба алатынын дә­лелдегім келеді. Айта кетерлігі, елімізде әлеу­меттік кәсіпкерлікке енді мән беріп жатыр. Өңірлерде мүмкіндігі шек­теулі жандардың жағдайы қиын екенін білемін. Осыған күш салып, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамы­ту керек. Сондықтан Пре­зиденттен 2022 жылды әлеу­меттік кәсіпкерлік жылы деп жариялауын сұрадым. Мысалы, елімізде 300-ге жуық әлеу­меттік кәсіпкер бар. Ал Ұлы­бри­танияда олардың саны 70 мың­нан астады. Соған сәйкес әлеу­меттік кәсіпкерлік салық төлеу жолға қойылған. Аталған саланы да­мытсақ, экономикаға өзінше үлес қосар едік. Бақыт Бақыт ТӨЛЕУТАЙҰЛЫ, «Ұшқын» мүгедектердің құқығын қорғау және  жәрдем беру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Мемлекеттік бағдарламамен несие алу үшін таныс керек

– ІІІ топтағы мүгедекпін. 2000 жы­лы «Есеп-сауда» колледжін «Бух­­гал­­терлік есеп және аудит» маман­дығы бойынша бітірдім. Бұл шақ жұ­­мыссыздық кезеңімен тұспа-тұс кел­­ді. Сөйтіп жүргенде «Га­рант-2» мекемесінде есеп бақы­лаушысы болып жұмысқа тұрдым. 2002-2006 жыл­дары «Қызылорда су жүйе­­сі» меке­месінде қызмет еттім. Алға­шында компьютерлерін жөн­деп, ұсақ-түйек шаруаларды біті­ретінмін. Кейін бастық компью­терге епті екенімді байқаған соң ақпарат бө­­лімінің бас­шысы қыз­метіне та­­­ғайындады. 2006 жылы басшылық ауысқанда «мүм­кіндігі шектеулі жан­дарға жұмыс істеуге болмайды, өз еркің­мен жұ­мыстан кет» деп жұмыстан шығарып жі­берді. Бос отырмай газеттерге ха­барландыру беріп, әркімнің компью­­­терін жөндедім. Ақша жи­нап жүріп, Педагогикалық кол­ледждің жа­нынан компьютер орта­лығын аштым. Нақтырақ айтсам, көбіне көшірме жасаумен айна­лыстым. Негізі, күз бен көктем ара­лығында жұмыс қызу жүретін. Студенттер демалысқа кеткен соң табыс табу үшін базарға шығып, әйелдер сөм­кесін саттым. 2012 жылы Елбасымыздың Жар­­­лығы шықты. 2012-2018 жыл­дары Мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың әл-ауқатын көтеру жылы деп бекі­­­­тілді. Арнайы үкім шық­қаннан кейін «Ұшқын» мүге­дек­тердің құ­қығын қорғау және жәрдем беру» қоғамдық бірлестігін құрдым. Ең алғаш бір­­­лестік жа­нынан компьютер клу­бын аштық. Кәсіп бастауға 2,5 млн теңге кетті. Осы­лайша, мүм­кіндігі шек­теулі азамат­тарды компью­­­терлік сауат­­тылыққа үй­реттім. Соның ішінде жұмысқа қабілетін байқап, жаңа кәсіпке баулыдым. Көшірме орта­лығын үлкейтіп, жанынан компьютер жөндейтін бөлім аштық. Одан кейін бейімі бар азаматтарды біріктіріп, жиһаз жасауды қолға алдық. Ста­ноктарды қарызға алып, жиһаз жасайтын цехтың тұсауын кестік. Бірлестікке келген мүмкіндігі шек­теулі жандардың арасынан аза­мат­­тарды іріктеп, жарнама агенттігін құрдық. Сөйтіп, «Ұшқын» бірлес­тігінде үш орталық жұмыс істеп жатты. Жергілікті кәсіпкер­лердің қолдауымен жарнама агенттігін үл­кейтіп, тігін цехын аштық. Көгал­дандыру мен тазалық жұмы­сыме­н қатар айналыстық. 2013 жылдан бері бірлестікте жұмыс істейтін азамат­тармен кеңесіп, тапқан та­бысы­мыз­дың 30%-ын қайы­рым­дылық мақ­сатында жұмсадық. 2019 жыл­дың аяғына дейін 28 млн теңгеге қайы­рымдылық жасап, көмек көр­сеттік. 2019 жылы Алматы қаласындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап Жарнама және полиграфия орталығын аштым. Несие алып, жұмысымызды бастап кеттік. Енді етек-жеңді жинаймыз ба дегенде карантин басталып кетті. Аталған жылы жоспар құрғанымда Қы­зылорда облысынан 600 адамды, Алматы қаласынан 120 мүгедек жанды жұмыспен қамтимын деп жоспарладым. 2019 жылдың аяғына дейін қарамағымда 320 адам жұмыс істеді. Қазір 65 адам қалды. Каран­тин әсерінен ақшалай қиындық көрдік. Қараша айының несиесін енді жаптым. Айлықты да кешіктіріп төлеймін. Бірақ олар бәрін түсініп отыр. «Онсыз да бізді жұмысқа алмайды, одан да осында жұмысты жалғастыра берейік» деп шыдам­дылық танытатындарына қуана­мын. Қазір 22 млн теңге қа­рызымыз бар. Бізге үстіне қосы­латын пайызды азайту да үлкен көмек еді. Сондықтан Президентке, қос қаланың әкімдеріне де хат жаз­дық. Арызымызға құлақ түрген жан болмады. Біразы «несиені мем­ле­кеттік бағдарлама арқылы алма­ғансың» деп сөгеді. Несиенің мұн­­дай түрін алу үшін әкімдік пен прокуратурадан таныс керек. Алған несиеңнің 20%-ын берсең, саған не­сие береді. Мұндай шығын шы­ғарғым келмегендіктен, үйім мен станоктарды кепілге қойдым. Ша­мам жетсе, әрбір мүмкіндігі шек­теулі жанның кеудесіне ұшқын тас­тап, үміт отын жаққым келеді.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ