Азаттықпен оралған тарихи атаулар
Азаттықпен оралған тарихи атаулар
225
оқылды

Тәуелсіздік алғаннан бергі  жыл­дар ішінде  Қазақстанда жүздеген ел­ді мекеннің, жер-судың, көшелер­дің тарихи атауы қайтарылған-ды. Оно­мастика саласы үшін бұл қалыпты дүние болуы мүмкін, алайда 70 жыл­дан астам уақыт басқаша аталып кел­ген, санадан өшірілген атаулар­дың  қайтарылуының мәні зор еді. Ел­басының назарынан тыс қалмаған бұл шара сананы жаңғыртудың басы еді.

Ең әуелі ел астанасын тілге тиек етпей кете алмаспыз. Тәуелсіздік тұсына дейін, 1961-1992 жылдары қазіргі елорда Целиноград аталып келді. Көп ұзамай қала өзінің тарихи атауына оралып, Ақмолаға айналған. Ал 1997 жылы Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдағанын білеміз. Бұл– тәуелсіз ел тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі. Ізін ала 1998 жылдың 6 мамырында Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. 2019 жылдың 20 наурызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы Елбасының іргелі ел бо­лып қалыптасуға сіңірген еңбегіне орай Нұр-Сұлтан деп атау туралы бастама кө­теріп, Парламент қолдаған болатын.

Елбасы бұл саясатты асықпай жүргізді

Бір қызығы, тәуелсіздік алған соң  елді мекен атауларының  өзгертілуіне Елбасы­ның саясаты  тікелей әсер еткенін бай­қаймыз. Рас, еліміз азаттық алған бетте бір­қатар қала, аудан атаулары  өзгертілгені белгілі. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеде асықпау қажет екенін назарда ұстады. Шамасы бірінші кезекте елдегі тұрақтылықты, этносаралық  ынтымақты, экономикалық өсімді қамтамасыз етуді көздесе керек. Өйткені дағдарыс  немесе өтпелі кезеңде жер-су атауларын өзгерту кейде сол өңірде мекен ететін азаматтардың қитығына тиюі мүмкін. Тіпті, әлеуметтік шиеленіске дейін апарып соғуы ғажап емес.  «Әлеуметтік жағдай оңалмай тұрған­да неге қала, аудан атауын ауыстыра­сыңдар?» деп шығатындар да табылады. Еліміздің кейбір аймақтарында қала, аудан түгілі көше атауын өзгертер кезде жергілікті  бұқараның  шамданып қалатыны бар. Олар сол атаулармен өткен күндерін, жастық шақтарының естеліктерін байланыс­тырады. Сонымен қатар кейбір  өңір тұр­ғындарының этникалық құрамы,  қалып­тасқан белгілі бір стереотиптердің де тіл саясатында  маңызды рөл атқаратыны бар. Сондықтан  ономастика мәселесінде  Қазақстан  шалт қимылдарға барған  жоқ. Мәселен,  ұзақ жылдар бойы  орыс тіліндегі  құжаттарда Семипалатинск аталып келген қаланың атауын бірізге түсіру де Елбасы­ның шешімі еді. Сөйтіп, екі тілде де қала атауы 2007 жылдан бастап Семей болып жазыла бастады. Ал 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы арқылы Елбасы жер-су атауларын өзгер­тудің келесі бір кезеңі келгенін аңғартты. Нұрсұлтан Назарбаев  өзінің сол мақала­сында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Ал кейін сол кезде Президент Әкімшілігінің  жетекшісі қызметін атқар­ған Әділбек Жақсыбековке тарихи, идео­логиялық тұрғыда ескірген ауыл, кент, жер-су атауларын өзгерту мәселесін пысықтауды тапсырыпты. Сөйтіп, елімізде   мұндай 6 мыңнан астам жер-су, кент, елді мекен және көше атаулары бар екені белгілі болды. Содан бері жер-су атауларын қазақыландыру  қарқынды жүріп келеді.  Ал тәуелсіздіктің елең-алаңында көптеген елді мекендер мен қалалардың атауын ауыс­тыру бүгінгі саясаттың алғашқы баспалдағы еді.

Батыстың үш өңірі жат тілде аталып келген

Қазақстан өз алдына ел болған уақытта Жайық жағасындағы Атырау қаласының атауы «Гурьев» болғаны көпшілікке аян. Бұл атау ілкідегі Ресей ханшайымы Екатерина II жарлығымен қойылған екен. Осылайша, облыс бұрынғы бір саудагер, дәулетті көпестің тегімен аталып келді. Яғни, тәуелсіз елдің үлкен аймағы үшін жат есім. 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы өңірді Атырау деп атау жөнінде қаулы қабылдап, мұнайлы өлкені қазақыландырған еді. Ал тағы бір Батыс аймақтың бір қаласы Ақтау тәуелсіздікке дейін украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне Шевченко қаласы деп аталған. Ақыры 1991 жылдан бастап теңіз жағасын­дағы ақ тауға ұқсайтын қала қазақы атауы­на ие болды. Қазақы қала атауларының тарихын қозғағанда бұл тізімге Ақтөбені де қоспай кетуге болмас. Себебі Ақтөбе қазақы атау болғанымен, 1999 жылға дейін барлық ресми құжаттарда «Актюбинск» болып жазылып жүрді. Дегенмен 1999 жылдың наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қала атауының орысша транс­крипциясын ауыстырып, Ақтөбе деп өзгерт­кен еді.  

Шағын қалалар да қазақыланды

Енді шағын қала, елді мекендердің жа­йы­на көшсек. Қызылорда облысына қа­рас­ты, Сырдария өзенінің оң жағалауында тұрған Байқоңыр қаласы 1995 жылға дейін орыс тілінде «Ленинск» аталып келді. 1955 жылы ғарыш айлағы пайда болғаннан кейін шағын қала атауы талай ауысып, тек орыс тіліндегі атаулар қойылып келген. 1995 жылы қалаға ғарыш айлағының атауы беріліп, Байқоңыр болып қазақыланды. Сол секілді Ақмола облысының қазіргі Ақ­көл қаласы да 1997 жылға дейін Алек­сеев­ка аталып жүрді. 1965 жылдан бері қала статусын алған елді мекен ұзақ уақыттан соң қазақыланды. Тәуелсіздік кезеңінде қазақы атауын алған шағын қалалардың бірі – Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласы. Ертістің оң жағалауында, Павлодар қаласынан оңтүстікке қарай 50 шақырым қашықта орналасқан қала 1993 жылға дейін «Ермак» атауында болды. Шамамен 80 жыл бойы Ермак аталған қалаға бұл атауды ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде дала өлкесі губернаторы берген екен. Ал жоғарыда айтқан Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданына қарасты Жем қаласы 2000 жылға дейін «Эмба-5» деп оғаш атаумен аталып келген. Қандыағаш қаласынан 97 шақырым жерде орналасқан қаланың іргесі 1960 жылы қаланып, әскери қалашық ретінде танылған. Жем өзенінің бойында орналасқан елді мекенге соңында Жем атауы лайық болып шықты.

Атқарылған іс көп, мәселе әлі де бар

Жалпы алғанда, елімізде 80 мыңға жуық құрамдас бөліктер мен 90 мыңға жуық елді мекен бар. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері 3 мыңға жуық елді мекен, 20 мыңға құрамдас бөліктердің атаулары өзгерген. Мұның өзі көп іс атқарылғанын көрсетеді. Дегенмен түйткіл жетерлік. Жат атаулар көп. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекен атауларының 65 пайызы, Қостанай облысындағы елді ме­кен­дердің 60 пайызы, Павлодар об­лысындағы елді мекендердің 39,3 пайызы әлі Кеңес заманындағы орысша атаулармен аталып жүр. Республика бойынша, соңғы 2 жылда 6 мыңға жуық көше, даңғыл, шағынаудандар мен 200-ден аса елді мекен атаулары қазақыланған. Бұл қарқынмен барлық елді мекен мен көшелерді қа­зақылан­дыру үшін бірталай жыл кетпек. Әр өңірде бұл мәселе айтылып-ақ жатыр. Қарағанды қаласындағы көше атаулары бірізге түспей келе жатса, Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласының атауын өзгертуді қоғам белсенділері көптен айтып жүр. Одан бөлек, халық аузында келе жатқан түрлі жер-су атаулары да толығымен түзеліп бітпеген. Аңғарсақ, қазақ жеріндегі қалалардан бастап, шағын елді мекендерге дейін орыс тілінде аталып келгені анық. Тәуелсіздіктің септігі тиіп, оның біразы осы күні қазақыланып отыр. Әйткенмен, мұнымен мәселе бітті деуге келмес. Себебі қазақы атауын қайтаруды қажет етіп тұрған қала мен аудандар әлі де жетерлік. Оның ішінде облыс атаулары бар екені жасырын емес.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ