Біреуге зар болған шарана...
Біреуге зар болған шарана...

Атырауда жылу құбыры үстіне тастап кеткен шақалақтың анасы табылды. Батыс Қазақстаннан жолға шыққан жас келіншек Атырауға жүктілігін жасыруға келген болып шықты. Ол баланы үйде өзі босанып, далаға тастаған.

Жарық дүниені көре сала тағдыры елді алаң­дат­қан шақалақты өлім­нен сақтап қалған қала тұр­ғыны Надежда Палий бол­са, оған Ұлдана деп есім қойып, денесін қарыған суықтан арашалау үшін кү­рес­кен облыстық балалар ауру­ханасының жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Ғалым Ембергенов. Салма­ғы –3 келі 340 гр, бойы 50 см қыз баланың жағдайы тұ­рақ­ты.

Біреуге зар болған ба­ла­ны далада тауып алған оқиға дерегі тіркелген сәт­тен-ақ құзырлы орган қыз­мет­­керлері шақалақтың ана­­сын іздеуге жұмылды.

Атырау облыстық поли­ция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, криминалдық полиция және жедел басқару орта­лы­ғының қызметкер­­ле­рі бірлесіп жүргізген іздестіру шара­лары нәтижесінде бей­­некамералардың кө­ме­гі­­мен Орал қаласының тұр­ғы­ны 1998 жылғы азамат­ ұсталды.

Атырауға жүктілігін жа­сыру мақсатында келіп, жал­даған үйде босанған ке­ліншек шақалақты жылу құ­бырлары жүйесінің үсті­не тастап кете барған. Қыл­мыстық кодекстің 119-бабы 1-бөлігімен, яғни «Қа­уіпті жағдайда қал­дыру, өмі­­ріне немесе денсау­лы­ғы­на қауіпті жағдайдағы және сәбилігіне қарай не­ме­се өзге де дәрменсіз күйі салдарынан өзін-өзі сақ­­тап қалу шараларын қол­дану мүмкіндігінен айы­рылған адамды көрінеу көмексіз қалдыру» бойын­ша сотқа дейінгі тер­геп-тек­серу амал­дары жүргізі­лу­де.

Анасын іздеп іңгәлаған сәбид­ің тағдырына алаң­да­ған кім бар?!.

 

Т.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ