Футболдан Жамбыл жастары жарап тұр
Футболдан Жамбыл жастары жарап тұр
171
оқылды

Футболдан әр ел өз спортшыларымен мақтанады. Әсіресе, Еуропадағы фут­бол мектептерінің теңдессіз екенін қазір жасыл алаңда ойнап жүрген үздік футболшылар дәлелдей түсуде. Сол фут­болшылардың көпшілігі шағын ауыл­дардан, қалалардан шыққан. Кейін сол елдегі үздік футбол академияларына шақырту алып, шеберлігін шыңдап, үлкен футболға қадам бас­қан.

Жасыратыны жоқ, бір елде жас, талантты футболшының аты шыға бастаса әлемнің үздік клубтары сөзсіз оған назар аударады. Егер алаңдағы шеберлігіне көзі жетсе, бірден өз қатарларына қосып алуға дайын тұрады. Бұл да болса талантты жастарға барлық жағынан өзін көрсетуге толық мүмкіндік бар екенінің дәлелі. Сондықтан әр елдің, әр клубтың басшылығы бірінші кезекте балалар футболының дамуына ерекше ден қояды. Өйткені болашақ – сол жас жеткіншектерде.

Әулиеата  өңірі – дарындар мекені

«Қазақстанда футболдан қай өңірдің түлек­тері мықты?» десе, бірден Жамбыл облысы еске түседі. Бұл өңірден шыққан футболшыларға да ел клубтарынан сұраныс жоғары. «Тараз – таланттар мекені, Қара­ғанды – үздік футболшылардың ұстаханасы, Шымкент – ала доп шеберлерінің шаһары» деген теңеу де кейінгі кезде көп айтылып жүр. Ал әлемдегі үздік академиялардың қа­тарына жататын спорттық мектебі, спорттық базасы бар «Қайрат» әлі күнге дейін өзге өңірдің футболшыларына көп сенім артады. Елімізде талантты жас футболшыны көрсе, бірден қанатының астына алады. Ал ака­демия­­дан шығып жатқан жергілікті футбол­шыларды көп ести бермейміз. Осы мәселелер жөнінде белгілі спорт комментаторы Ер­мұхамед Мәуленнің де өз айтары бар. – Расымен, Тараз – таланттар мекені. Сонау Кеңес Одағы кезінде осы өңірден фут­болшылар көптеп шыққан. Өйткені бұл өлкеде бұрыннан қалыптасқан дәстүр бар. Одан бөлек, инфрақұрылым бойынша Жамбыл облысы Қазақстанның футбол картасында нөмірі бірінші тұр. Кішігірім алаңдарды айтпағанда, футбол ойнауға лайық 800-ге жуық стадионы бар. Жамбыл жері­нен шыққан Ваит Талгаев, Владимир Ники­тенко, Дмитрий Огай және тағы бас­қалары футболшының барлығы кезінде Ресейде ойнаған. Футболдан тұңғыш Олим­пиада чемпионы Евгений  Яровенко да Жам­был облысының түлегі. КСРО құрама ко­ман­дасында Сейділда Байшақовпен бірге өнер көрсеткен. Вахид Масудовтың өзін бүкіл Кеңес Одағы біледі. Сонымен қатар Нұркен Мәзбаев, Азамат Ниязымбетов, Ерлан Елеусінов, Нұрмат Мырзабаев, Олег Литвиненко, Мұрат Тілешовтер де осы өңір­дің үздіктері. Кейінгі кезде Бауыржан Ислам­хан бастаған жігіттер де жарқылдап шықты. Бауыржан Байтана, Еркебұлан Сейдахмет, қазір ЦСКА-да жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген Бақтиер Зайнут­ди­нов, қақпашы Мұхаметжан Сейсен де Тараз топырағынан. Кейінгі уақытта жамбылдық Абылайхан Жұмабаев, Дінмұхамед Қараман секілді жас футболшылар да көп мақтау естіп жүр. Мұның өзі Жамбыл облысының фут­болға ерекше ден қойып отырғанын көрсе­теді. Ал Алматыдағы «Қайрат» академиясына келер болсақ, оның салынғанына да көп бола қоймады. Енді ғана аяққа тұрып жатыр. Алдағы он жылдан кейін өз нәтижесін бере бастайды деп ойлаймын. Мұндай жұмыс кемі 5-10 жыл уақытты қажет етеді, – дейді ол.

Дарындар  даладан-ақ шығып жүр

Иә, расымен де, «Қайраттың» келешекте бұл қатарда алдыңғы шепте жүреріне күмән келтірмейміз. Үздік база, үздік инфра­құрылым, бір сөзбен айтқанда футбол ойнау үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Де­генмен «Қайраттай» алып академиясы жоқ Жамбыл облысы бүгінде талантты футбол­шылар тәрбиелеп шығаратын өңірлердің көшін бастап келеді. Одан бөлек, Қарағанды, Шымкент, Семей өңірлері де елге есімі таныс аяқдоп шеберлерін қатарға қосты. Бі­рақ, өкінішке қарай Семей футболы қазір қиын жағдайды бастан кешуде. Кезінде бұл аймақтан Самат Смақов, Андрей Карпович, Андрей Богомолов, Қайрат Әубәкіров секіл­ді футболшылар түлеп ұшқанын жанкүйерлер ұмыта қоймады. Сонымен қатар Ақтөбені де «футбол үшін жаралған қала» десе болады. Бұл жақтағы жанкүйерлер өз командасына керемет қолдау көрсетеді. Стадионы да кере­мет. Атмосферасы мүлдем бөлек. Юрий Лог­ви­ненко, Дидар Жалмұқан, Абат Айым­бетов бастаған футболшылардың ізін Әлішер Әжімов, Руслан Таңжарықов, Рүстем Темір­хан, Максим Самородов секілді ізбасарлары басуда. Келешекте осы аймақтар «Қайрат» cекілді үлкен футбол академияларын салар болса, қазақ футболын әлемге танытатын үздік футболшылар да көптен шығары сөзсіз. Бұл туралы спорт сарапшысы Жандос Бай­ділдә айтып берді. – Әрине, қазір футболдағы таланттар дегенде есімізге «Тараз» футбол клубының түлектері түседі. Зайнутдинов қазір мәскеу­лік ЦСКА-да қалай жарқырап жүр, оны бәрі біледі. Исламхан да футболдан уақытша шеттетілгенге дейін біраз көсілді, «Қайрат­тың» жүрегі болды. Тіпті, Аршавин оның потенциалын Мхитарияннан кем емес деп бағалады. Еркебұлан Сейдахметті «қазақтың Мес­сиі» деп біраз айттық. Ол да нағыз та­лант, бірақ әзірге көптің үмітін ақтай алмай жүр. Елдос Ахметовті алсақ болады, көптен бері ұлттық құраманың намысын қорғап келеді. Қараман, Нұралы деген жігіттер бар. Тіпті, «Тараз» клубы биыл жергілікті ойын­шы­ларға сенім артып отыр. Қарағандыдан да бір кездері мықты ойыншылар шықты. Бірақ соңғы уақытта Роман Мұртазаев, Тоқтар Жаңғылышбай сияқтылардан кейін мықты ойыншылар шыққан жоқ. Шымкент­тен де жақсы ойыншылар шықты. Еркебұлан Тұңғышбаев, Аслудин Хаджиевтер соған куә. Ал «Қайраттың» академиясын алсақ, ол жерде бәсеке өте жоғары. Олар елдегі ең талантты ойыншыларға көз салады, тіпті әлемнің басқа елдерінен де мықты ойыншы­ларды шақырады. Оған қаржылай да, инфра­құрылым бойынша да қолдау бар. «Қайрат­тың» базасы – әлемдегі озық инфрақұры­лымның бірі. «Футболшылар ұстаханасы» саналатын «Аякс» клубы да басқа клубтардан алады, бұл – футболдағы қалыпты құбылыс. Бізге шетелден легионерлер алдырғанша, фут­бол академияларын салып, балалар фут­болына ерекше ден қойған жөн, – дейді Ж.Бай­ділдә.

Академия әзірге  жемісін берген жоқ

Шынында да, Қазақстанда әзірге бір ғана үздік футбол академиясы бар. Ол – «Қайрат» ака­демиясы. Қалған қалаларда футбол ой­нау­ға мұншалықты керемет жағдай жасал­маған. Ал әлемнің үздік футбол академиялары десе, есімізге бірінші кезекте «Бенфика», «Порту», «Спортинг», «Барселона», «Динама Загреб» секілді клубтардың академиялары түсе­ді. «Барселонадағы» футбол ойнайтын балалардың арманы – Каталониядағы академияға оқуға түсу. Себебі бұл мектептен Хави, Иньеста, Фабрегас, Пуйоль сынды аты аңызға айналған футболшылар түлеп ұшқан. Әлемнің қазіргі ең үздік футболшысы Месси де осы академияның түлегі. Әлем таныған көптеген мықты футболшы «Аякс» ака­демиясынан да  шыққан. Бразилияның «Сан­тос» футбол академиясы да жас талант­тардың ордасы. Футбол патшасы Пеле осы жерде тәлім алды. Танымал футболшы Неймар да «Сантостың» сапында жүріп танылды. Ал «Спортинг» академиясында жүріп Роналду, Фигу, Куарежма, Нани, Моутинью сынды ойыншылар доп тебудің қыр-сырын үйренді. Сол себепті әлі күнге дейін көптеген команда аталған академия­лардың ойыншыларына көз тігеді. Бізге де осындай деңгейге көтерілу үшін футбол академиясының санын арттырған жөн. Бұл ретте тек алматылық клубтың еңбегін бас бармақпен бағалай аламыз. Футболымызды жемсауы толмас жемқорлықтан, тамырына балта бойламас таныстықтан, пәрмені күшті парақорлықтан арашалсақ, ала допты алға бастырар тума таланттарымыз әлі-ақ жарқ етеді.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ