Әлемнің барлық көбелектері Зерендіге жиналды
Әлемнің барлық көбелектері Зерендіге жиналды
Көбелектер... Қырда ойнаған әр балаға қызылды-жасылды әдемі жәндіктер жақсы таныс. Балалықтың бал дәмін еске салатын көбелектің де сан жүздеген түрлері болады. Осыдан 45 жыл бұрын энтомология профессоры Ортвин Шлоссер көбелектерден коллекция жинай бастаған. Ал, 2017 жылы Қазақстан Республикасы шаңғышылар одағының президенті, Зеренді ауданының құрметті азаматы Валерий Шаров бұл көбелектерді сатып алған. Қазір әлемнің бар көбелегі орын тепкен Зерендіде арнайы музей де ашылған. Aikyn.kz порталының тілшісі осы ерекше музейдің иесі Валерий Шаровпен сұхбаттасты. Көбелектер жер-жаһанның әр түкпірінен алыныпты. Атап айтқанда, музей қорында Малайзия, Африка, Индонезия, Австралия, Ауғанстан, Франция, Италия, АҚШ және Колумбия елдерінен алынған көбелектер бар.
«Оларды өте ептілікпен жинау қажет. Арнайы екі метрлік аумен ауланады. Бұдан кейін көбелектер кеуіп кетпес үшін арнайы жеке қораптарға салынады. Көбелектер арнайы жәшіктерде тасымалданады. Екі аптадан соң оларды шығарып, арнайы пинцеттермен қанаттарын жазып, инелерге отырғызып энтомологиялық қораптарға орналастырады. Бұл өте көп еңбекті талап ететін жұмыс. Көбелекті қораптан алған кезде қанаттарын зақымдамас үшін абайлап алу қажет. Ал сәл қателік жасасаң қанатын қалпына келтіру мүмкін емес», – дейді көбелектер музейінің басшысы Валерий Шаров.
Көбелектер коллекциясы көптен бері толыға қоймаған. Еңбек көп жұмсалатын үдеріс болғандықтан көбелектерді толықтыру көп уақытты қажет етеді екен. Сондай-ақ музейдегі көбелектердің санын көбейтуге елдегі пандемия да елеулі ықпалын тигізіпті.
«Біздің музейде әлемдегі ең үлкен көбелек бар. Ол Вьетнамда 2,5 шақырымдық биіктіктен ұстап алдық. Ол өте көп уақытты қажет етті. Көп шығын жасауға тура келді. Сондықтан да әдетте энтомологтар көбелектермен алмасып тұрады. Яки оны өздері аулап алады», – дейді Валерий Шаров.
Музейдегі көбелектер өте қымбат ағаштан жасалған энтомологиялық қораптарға орналастырылған. Қораптың беті тығыздалып жабылған. Сонау 45 жылдан бері қарай олар сол күйінде еш өзгерместен сақталыпты. Көбелектердің коллекциясын Валерий Шаров 2017 жылы жақсы досы, Атбасарлық хореограф мәдениет саласына еңбек сіңірген қайраткер Ортвин Шлоссерден сатып алыпты.
«Ортфин Фридриховичке 2017 жылы жүрегіне өте күрделі ота жасау қажет болды. Ол бұл байлықты Атбасардағы өзінің жертөлесінде сақтапты. Ал менің туристік базам орманның етегінде орналасқан. Мұнда көптеген туристер өтетін өтпелі сүрлеу жолдар бар. Мен оған жүрегіне ота жасау үшін өзінің көбелектер коллекциясын маған сатуды ұсындым. Ал өзім осы бір таңғажайып сұлу жәндіктерді халыққа көрсеткенді жөн көрдім», – дейді музей басшысы.
Музейге кіру құны 200 теңге тұрады. Досына көмегінен бөлек коллекциясын неге сатып алуға шешім қабылдағанын сұрағанымызда ол көбелектердің жер бетіндегі ең керемет жәндік екенін әрі өзінің даму кезеңдері де аса қызықты екенін жеткізді.
«Осындай кереметті қалай жертөледе сақтауға болады, айтыңызшы. Бізде адамдарға көрсететін ештеңе жоқ. Ал мұнда қазір жылдың қай мезгілі болмасын айына 100-ге тарта адам музейге келетін болды», – деп атап өтті Валерий Шаров.
Музейдегі көбелектер коллекциясында монарх көбелегі де бар екен. Олар 3,5 мың шақырымды артқа тастап Канададан Мексикаға дейін ұшады. Дәл осы жолда кері қарай олар ұрпақтарымен бірге ұшады.
«Бұл туралы бізге ешкім де айтқан емес. Тіпті, биология пәнін өте жақсы оқыған мен де бұл туралы еш естіген емес едім. Салмағы алты-ақ граммды құрайтын кіп-кішкентай қолды-аяққа тұрмайтын сұлу жәндіктер ата-аналары тұратын 3,5 мың шақырымға ұшып барады. Елестетіп көріңізші! Міне бұл осындай көбелектер...», – деді музей басшысы.
Сондай-ақ мұнда 50 градус аязда да тіршілігін жалғастыра беретін тал жібек көбелегі де бар екен. Музейде асылшыбықта орналасқан. Ол кәдімгі күміспен күптеліпті. Шегіргүлдің нәрімен қоректенетін көгілдір көбелек те көзге оттай басылды. Бұл гүлдер металл кендері орналасқан орындарда өседі екен. Бір кездері геологтар да осындай белгілермен мырыш рудасын анықтапты.
«Музейде экскурссияны өзім өткіземін. Адамдардың 95 пайыздан астамы көбелектер туралы ешнәрсе  білмейді деуге де болады. Біздің күнделікті күйбең тірлігімізде адамдарға осынау ғажайып дүниелерді бірер сағат болса да көрсе дейсің. Бұл бізді қоршаған ортаның осыншалықты керемет екенін тағы бір еске салады ғой», – дейді Валерий Шаров.
Музей басшысы алдағы уақытта да көбелектер санын көбейтуге күш салатынын айтады.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы