Елбасы Конституциялық кеңеске қатысты

Елбасы Конституциялық кеңеске қатысты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңестің отырысына қатысты. Жиында Алматы қаласы Алатау аудандық сотының Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 107-бабының 8 тармақшасын конс­ти­туциялық емес деп тану туралы мәселесі қаралды. Бұл туралы Елбасының ресми сайты хабарлады.

Жиында Елбасы аудандық соттың заң нор­масына қатыс­ты күмәніне орай ойын біл­дір­ді.

Конституциялық кеңестің төрағасы Қ.Мәми отырыстың еліміздің конституциялық дамуы та­рихында айтулы оқи­­ға екенін атап өтті. Іс-ша­ра барысында сөз алған Конституция­лық кеңес мүшесі Р.Мұқашев:

– Жиында сөз болып отыр­ған мәселе заңның аталған нор­­­масы же­тіл­мегені және аза­маттардың конс­ти­туциялық құқық­тарын жүзеге асыруға кедергі еке­нін білдіреді.

Ешкім өз атында жеке үйі жоқ адамды соттың шешімінсіз жалға берілген үйден шығаруға құқығы жоқ, – деді.

Жоғарғы сот төрағасы Жа­қып Асанов:

– Сот алдымен құқықтық ше­шімін жасауы керек. Заң бо­йынша жұмыс істеп, мұндай жағ­дайды болдырмау үшін үнемі қадағалап отыруға тиістіміз, – деді.

Ал Мәжіліс Төрағасының орынбасары Г.Исимбаева:

– Көтерілген мәселе орын­ды. Алматы қаласы Алатау ау­дан­дық сотының Қазақстан Республи­касының «Тұрғын үй қатынас­тары туралы» заңының 107-ба­бы­ның 8-тармақшасын консти­туциялық емес деп тануы туралы ұсынысы дұрыс деп есептей­мін, – деген пікірімен бөлісті.

Жиынға қатысушылардың пікірлері мен жауаптарынан кейін Конституциялық кеңес нормативтік қаулы қабылдады.

– Конституциялық кеңес «Тұрғын үй қатынастары тура­лы» заңның 107-бабының 8-тар­мақшасын конституциялық емес деп таныды. Сонымен қа­тар «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына Конститу­ция­лық кеңестің құқықтық ұста­нымдарына сәйкес толықты­рулар мен өзгерістер енгізуге ұсыныс берілсін, – деді Қ.Мәми. Сот және басқа да құқық қорғау органдары қажетті нормативтік шаралар қабылданғанға дейін Қазақстан Конституциясының тікелей қолдануын қамтамасыз етеді және кері күші жоқ осы нормативті қаулыны басшы­лыққа алатын болды.


– Азаматтардың тұрғын үй құқықтарын іске асыру мәселесі мемлекеттің әлеуметтік саясаты­ның басым бағыты. Мемлекеттік әлеуметтік саясат тұрғысынан заңнамалық базаны жетілдіру ерекше маңызға ие, – деді Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар тұрғын үй құқығын іске асыру мәселесі халықтың әл-ауқатына тікелей байланысты екені айтылды.

– Менің тапсырмам бойын­ша бірнеше мемлекеттік бағдар­лама іске асырылды. Бұрын бас­пана сатып алуға мүмкіндігі болмаған қазақстандықтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі қам­тамасыз етілді, – деді Елбасы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан На­зар­баев Ата заңды құрметтеу және қатаң сақтау елдің сәтті дамуының кепілі екенін және Конституцияның 25 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл мәселенің өзектілігі артып отыр­ғанын атап өтті.

Сонымен қатар Елбасы:

– Бұл бір отбасының басын­дағы жағдай болғанымен, бар­лық халық үшін маңызды іс деп санауға болады, – деді.

Естеріңізге салар болсақ, «Тұр­ғын үй қатынастары тура­лы» заңның 107-бабында мем­лекеттiк тұрғын үй қорынан не­месе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жал­даған тұрғын үйден басқа тұрғын үй берiлмей шығару негiздерi қарастырылған болатын. Ал 8-тармақшада «олар меншiк құқы­ғымен орналасқан жерiне қара­мастан өзге тұрғын үйдi сатып алған болса, үйден шы­ғары­латыны» айтылған. Елба­сының қатысуымен өткен Конс­ти­ту­циялық кеңес отырысында осы норма Ата заңға қайшы деп танылды.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ