«Adaldyq alańy» жобасының жүзеге асырылу барысы таныстырылды
«Adaldyq alańy» жобасының жүзеге асырылу барысы таныстырылды
105
оқылды
 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы «Adaldyq alańy» жобасының жүзеге асырылу барысымен таныстырды.
«Бүгінгі таңда 19 орталық мемлекеттік органда, 17 өңірде және «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес ұйымдарында қоғам өкілдерінен басшылар тағайындалған «Adaldyq alańy» жобалық кеңселері ашылды», – деді Ғ. Асанұлы.
Ғ. Асанұлының айтуынша, жоба мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға айтарлықтай серпін беріп, 93 % деңгейге қол жеткізуге ықпал етті. Қазақстан БҰҰ қалыптастырып отырған электрондық үкіметті дамытудың жаһандық рейтингінде 29-орынға табан тіресе, электрондық қатысу индексі бойынша – 26-орында. Осылайша, мемлекеттік қызмет көрсету процесін автоматтандыру арқылы азаматтар мен шенеуніктер арасында тікелей байланыс жойылды. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мәселелерінде цифрлық шешімдерді қолдануға басымдық бөлінген, олардың ішінде «IQala» қалалық қызметтер орталығы, «i-Komek 109» мониторингі және жедел әрекет ету орталығы және өңірлердегі жер мәселелері бойынша геоақпараттық жүйелерді айтуға болады. Мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстың сервистік моделін енгізумен тікелей байланысты. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі міндеттерінің бірі қала, аудан, ауыл әкімдіктерін сервистік үлгіге көшіру болды. Ғанижан Асанұлы айтып өткендей,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін, барлық деңгейдегі әкімдіктер мен «Adaldyq alańy» жобалық кеңселерінің үйлесімді жұмысының арқасында 320-дан астам әкімдік сервистік форматқа көшті, бұл – облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар жүз пайыз қамтылды деген сөз. Барлық елдімекендерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары бар. Мемлекеттік органдар мен мекемелерде 2 400-ден астам кедергісіз фронт-офистер мен оупэн-спэйстердің ашылуы мемлекеттік мекемелерде көрсетілетін қызметтерді алу процесін жеңілдетті, азаматтарға қолжетімді нысанда кең ауқымды мәселелер бойынша консультация жүргізуге мүмкіндік берген. Осылайша, ашықтық пен транспаренттілік жұмыстың күнделікті стандарты болып табылатын мемлекеттік қызметшілердің жаңа әдеттерінің трансформациясы басталды. Мемлекеттік білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің 5,5 мыңнан астам бірінші басшысы өздерінің ыңғайлы кабинеттерінен шығып, бірінші қабаттағы «әйнек кабинеттерде» жұмыс істеуге көшті. Осылайша басшылар да қолжетімді болды. Агенттік осы бағыттың жай үйлестірушісі ғана емес, өз мысалында азаматтарды кедергісіз және жедел қабылдауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдады. 17 өңірде агенттіктің сервистік орталықтары ашылды, олардың алаңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалардың «фабрикаларына» айналған коворкинг орталықтары жұмыс істейді. Осыған ұқсас «Antikor ortalyǵy» сервистік орталығы агенттіктің орталық аппаратының жанында ашылды. «Adaldyq alańy» шеңберінде азаматтарды консультациялық қолдау жүйесі жолға қойылған. Бұл тұрғыда күн сайын өткізілетін тұрақты тікелей эфирлермен азаматтарды дәстүрлі қабылдауларды алмастырған «Адал көмек» және «Antikor.Live» жобаларын ерекше атап өтуге болады. Онлайн-брифинг барысында Парасаттылық департаментінің директоры Ғ.Асанұлы өткен жылы «Adaldyq alańy» жобалық кеңселеріне азаматтардан 12 мыңға жуық өтініш келіп түскендігін, олардың 80%-ы оң шешімін тапқандығын айтты. Қоғамдық бақылаудың тағы бір пәрменді тетігі «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» болды. 14,3 трлн теңгені құрайтын 18 мыңға жуық мемлекеттік мекеменің қаржылық деректері орналастырылған картаны дамыту мақсатында Агенттік «Ашық бюджет» жаңа жобасын іске қосты. Оның мақсаты – бюджет қаражатын игеру мониторингіне азаматтарды кеңінен тарту және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру.  
«Халық арасында парасаттылық идеологиясын ілгерілету ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің қатысуымен ақпараттық-ағарту штабы мен «Парасат жолы» орталығы шеңберінде жүзеге асырылады», – деді Парасаттылық департаментінің директоры Ғ. Асанұлы.
  Апта сайын ұлы тұлғалардың еңбектері мен сөздеріне негізделген «Адалдық сағаты» онлайн-дәрістері өткізіледі. Сондай-ақ жас ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын мектепішілік және студенттік «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» клубтарымен қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.