Сәбиді өлтіріп, өмір бойына сотталды
Сәбиді өлтіріп, өмір бойына сотталды

Қарағанды облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үш жасар баланы өлтірген Игентай Сопыжанов өмір бо­йына бас бостандығынан айырылды. Қылмыскер сот ғимаратына айда­уыл­мен жеткізілді және үкімді жария ету аяқталғанға дейін күзетшілер оны екі қолынан ұстап тұрды. Өйткені бұған де­йін ол екі рет өз-өзіне зақым келтіріп, сот процесі еріксіз кейінге шегерілген.

Сот шешімін жариялаған судья қылмыскер­дің кінәсін дәлелдеуге айғақ жеткілікті болға­нын мәлімдеді. Сот үкімімен кінәлі деп танылған 24 жастағы Игентай Сопыжанов ендігі қалған өмірін ең қатаң колонияда өткізеді.

«Игентай Сопыжановтың кінәсін мойындауы мен өкінуін сот шынайы емес деп санайды, себебі ол тергеу органы бұлтартпас дәлелдер ұсынғаннан кейін әрең мойындады. Сопыжанов қоғам үшін аса қауіпті. Сот оны Қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша 12 жылға, 261-бабы бойынша 12 жылға, 99-бабы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыруға шешім қабылданды» деп үкім шығарды судья Исламхан Есенбаев.

Сонымен қатар судья баланың анасы Ника Васильеваның 10 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды.

Үкімді естігенде Игентай Сопыжанов залға наразылығын білдірді. «Аллаға ант етемін, шын­дықты білгенде сіздер бұл үкім үшін өкінесіздер» деп өзінің жазықсыз екеніне сендіруге тырысты.

Естеріңізге салсақ, былтыр 8 қыркүйекте таңертең үш жасар Максим Гарифулиннің мәйіті Қарағанды облысы Шет ауданы Бұрма ауылының шетіндегі орман ішінен табылған еді. Баланы ұрлады және өлтірді деген күдік сәбиді анасының қолынан жұлып алып кетіп, қоқан-лоқы жасаған танысы Игентай Сопыжановқа түсті. Қылмыскерге ел аумағында іздеу жарияланды. Полицейлер оны қыркүйектің 8-інен 9-ына қараған түні Қара­ған­дыдағы теміржол вокзалында ұстады.

Айта кету керек, бұл – Қылмыстық кодекске түзетулер енгізілгелі баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы таға­йындалған алғашқы үкім.

 

Айдар ДӘУІТҰЛЫ