Куәгерлердің айтуынша, 56 жастағы әйел ҰБТ тапсырып жатқан қызын уайымдап, денсаулығы кенеттен нашарлап кеткен.
18 қаңтар күні Атырау облысы Құлсары қаласындағы №18 мектепте өтіп жатқан ақылы ҰБТ кезінде оқушылардың бірінің анасы көз жұмды, – деп жазады «Ақ Жайық» басылымы.
Дереккөздің жазуынша, әйелдің денсаулығы нашарлаған кезде жедел жәрдем уақтылы келген.
Аудандық жедел жәрдем қызметінің меңгерушісі Ғалия Қалиева: «Жедел жәрдемге шақырту 13.50-де келіп түсті. Оқиға орнына дереу жеткен дәрігерлер әйелді құтқара алмады. Өлім себебі анықталып жатыр», – дейді.
Осы оқиғадан соң Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіровтің айтуынша, ақылы ҰБТ екі күн өткізілген. Оқушыларға ешқандай қысым көрсетілмеген.