Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту – өзекті мәселе. Деңгейді теңестірмей PISA бастаған арнайы тесттерде ілгері нәтиже көрсете алмаймыз. Осы мақсатта НЗМ «Ауыл мектебі» жобасын дайындады. Бұған дейін де бірнеше жоба болған. «Білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасының» да діттегені – алшақтықтың алдын алу.
«Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек». Біз де жобаның жай-жапсарын білуге бекіндік. «Ауыл мектебі» жобасы ауыл мектептерінде білім беру сапасы мен материалды-техникалық базаны жақсарту үшін кешенді шара қабылдайды. Аталған білім ордаларының күшті және әлсіз тұсына талдау жасап, басты қажеттілікке назар аударады. Жобамен танысу үшін НЗМ-ге барғанында вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастамаға жылы қабақ танытты. Білім және ғылым министрлігіне жобаны Қызылорда, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысында пилоттық режимде іске асыруға тапсырма берді.
Ел Президенті де Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап бара жатқанын айтты. «Негізгі мәселе – ауылды жердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы» деп атап көрсетті. Шынымен де, білікті кадр – білім бастауы. Бұл да алшақтыққа әсер ететін фактор. Осы мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру керегін айтты. Бағдарлама бойынша білім беру саласында ауылға 42 745 маман келді. Десек те, оқушылар қала мектебіндегідей білім көрсеткішіне жетпеді. Бұған не себеп?
Елімізде барлығы 2 мыңнан астам ауылдық округ пен 6,6 мыңға жуық ауыл, ауылды жерде 5 338 мектеп бар. Ал ауылдағы білікті кадр мен білім сапасының қаладағы көрсеткіштен айырмашылығына бірнеше мысал келтірейік. Біріншіден, ақпараттық-коммуникациялық технологияның қолжетімсіздігі. Өйткені ауыл мектептері толықтай интерактивті құралмен жабдықталмаған. Электронды оқыту жүйесі де мықтап қолға алынбаған. Жаңа технологиямен жұмыс істей алатын оқушы ақпаратты жылдам қабылдауға, жаңаны тануға бейім келеді. Екіншіден, ауыл мектебіндегі интернет сапасы көңіл көншітпейді. Аталған мәселені ұстаздар біраздан бері күн тәртібіне енгізуді сұрап жүр. Ауылдағы интернеттің жылдамдығы мұғалімді әуреге салады. Салдарынан олар kundelik.kz, BilimLand сияқты электронды платформаны жөнді пайдалана алмайды. Баланың таным деңгейін кеңейту үшін алдымен ұстаз дамуы қажет. Жылдамдығы секундына 1,5-2,9 мбит/с интернетпен бұл мүмкін болмай тұр. Үшіншіден, материалды-техникалық базаның ауқымы. Ауыл мектептерінің біразы ескі. Тіпті, кей өңірде мектеп жетіспейді. Осыған байланысты Премьер-Министр Асқар Мамин 2025 жылға дейін елімізде 800-ге жуық жаңа мектеп, тірек елді мекендерде 114 интернат салынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ үшауысымда оқыту және апатты жағдайдағы мектептер толығымен жойылатынын айтты. Ал апатты жағдайдағы мектептің дені – ауылда. Мектептің жағдайын түземей білім көшін оңалта алмайтынымыз белгілі. Оған лингафонды және мультимедиялық кабинеттің, интерактивті тақтаның жайын қосыңыз. Модификацияланған кабинеттердің ахуалы бөлек әңгіме. Ауылда мұндай жүйедегі пәндік кабинетті ілуде бір кезіктіресіз.
Жоғарыдағы мәселені шешу үшін елімізде бірнеше жоба басталды. Бастапқысы – «Цифрлы Қазақстан». Келешегі бар ауылды елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуге арналған бағдарламаның жоспары тәуір еді. Олар 2020 жылы 1,2 мыңнан астам ауылды кеңжолақты интернетпен қамтуды мақсат етті. Ал бағдарлама сәтімен іске асса, 2025 жылға қарай 4 мыңнан астам ауылдың кеңжолақты интернетке қолы жетеді. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік банк пен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы бар. «Орта білімді модернизациялау» бойынша ауыл мектептері мультимедиа құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Жобаның жалпы құны – 75 миллион доллар. Қаражаттың 8 миллионын мемлекет, 67 миллион долларды Дүниежүзілік банк береді. Бірлескен жоба нәтижесінде қала мен ауыл мектебі арасындағы айырмашылықты жою – басты мақсаттың бірі. Сонымен бірге бөлінген қаражат есебінен мұғалімдердің біліктілігін арттырып, оқушыларды жан-жақты дайындауға көңіл бөлінеді. Егер бастама жемісін берсе, ауыл мен қаланың ақпараттық, техникалық мүмкіндігі теңеліп, ұстаз бен оқушыға көмек болады. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасының байланысын ұмытпау керек. Ауылды, елді мекендерді топтастырып, санын қысқарту шарасы – білім жүйесін көтерудің тұтқасы болуы мүмкін. Сонда кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету, мектеп пен бала саны мәселесін шешуге кішкене болса да септігі тиеді.
Білім – ұлттың келешегін құнттайтын құрал. Сондықтан әр жобаның жан-жақты жоспарланып, лайықты іске асқаны қажет. Әр істің басын бір шалмай, бар жобаны өзара байланыстырып, нәтиже шығарған абзал. Қазір ұрпақтың «көзі – ашық, көкірегі – ояу» болуы – қабылданған бағдарламаға байланысты болып тұр.
Нұрмұхамед ДОСЫБАЕВ,
Astana Garden School жеке
мектебінің негізін қалаушы,
Кембридж университетінің түлегі:
– Біріншіден, сапалы білім қайдан шығады? Сапалы білім төмендегі бес компоненттен құралады. Олар: оқу бағдарламасы, оқу құралдары, мотивациясы бар білікті ұстаз, білім беру ортасы мен бірге оқитын сыныптастардың ынтасы. Бірінші мәселеге келсек, оқу бағдарламасы ауыл мен қалада бірдей. Өйткені ол мемлекеттік стандартпен бекітіледі. Осыған қатысты екеуара айырмашылық жоқ. Екіншіден, оқу құралдары, оқу ресурстары мен ақпарат. Әрине, бұл тұста қолжетімділікке қатысты ауыл мен қала баласының арасында айырмашылық бар. Қала баласында интернет жылдамдығы жоғары. Олар қазір 99 пайыз ақпаратты интернеттен табады. Қалада кітапханалар желісі, музей мен танымдық деңгейді көтеретін орталық көп. Бұл ой-өрісті дамытады. Ал ауыл баласында аталған мүмкіндік шектеулі. Ауылда кітапхана қоры да кедей. Балалар кітап оқу арқылы жетіледі. Үшінші мәселеде ескерері – мотивация мен энергияны қатар алып, білім мен білігі келіскен мұғалім қай ортада болмасын беделді. Мұндай мұғалімдерді ауылдан жиі кезіктіресіз бе, әлде қаладан ба? Әрине, қаладан. Өйткені ауылдан шыққан баланың өзі де қалаға ұмтылады. Қалада мүмкіндік көп. Қарапайым ғана мысал, ауылда университет жоқ. Ұстаз болу үшін де қалаға бару керек. Оқуын оқып, практикасын да қала мектебінің бірінен өтеді. Артынша сонда жұмыс істеп қалады. Мүмкіндікті көрген соң ауылға қайтқысы келмейді. Ал ауылда мүмкіндік шектеулі. Қала мен ауыл ұстазының жалақысын теңестіре алғанымызбен, мәселе мүмкіндікке келіп тіреледі. Мәселені шешу үшін қаржылай көмек пен идеологияны қолға алу керек. Төртіншіден, білім беру ортасына не жатады? Мектеп, сынып және ондағы атмосфера. Пәндік кабинет пен ішіндегі жиһаздар да рөл ойнайды. Бәрі талапқа сай болса, оқушының ынтасы артады.
Бесіншіден, орта адам баласына ерекше әсер етеді. Мысалы, Кембридж бен Гарвардқа әлемнің түкпір-түкпірінен білімді студенттер жиналады. Олардың арасында жүрген ақымағының өзі ортамен араласу арқылы көп нәрсе үйренеді. Бұл да оның сапалы білім алуына жағдай жасайды. Қаланың мектебінде мүмкіндік жоғары болғандықтан, олар бір-бірін дамытуға ықпал етеді. Ауылдың мектебінде олай емес. Ауылдан шықпай, ауылдағы көргенімен шектелсе, дамуын шектейді. Бірақ білікті ұстаз қай жерде болмасын орта қалыптастыра алады. Сондықтан үшінші компонентке баса назар аударған жөн.