Бітірген түлектер шетелдіктерді алмастыратынына сенім жоқ – жұмысшыларды қысқарту мәселесі
Бітірген түлектер шетелдіктерді алмастыратынына сенім жоқ – жұмысшыларды қысқарту мәселесі

БҚО-да шетелдік жұмысшыларға берілетін квота саны 2 есеге қысқарды, – деп жазады 24.kz.

Дереккөздің жазуынша, бұған дейін елімізде шетелдік жұмыс күшін тартып жатқан 95 компанияның қызметі тексеріліп, арнайы құрылған комиссия мыңға тарта заңбұзушылықты анықтаған.

Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны едәуір қысқарту туралы тапсырма берген болатын.

Президент: «Бірдей жұмыс істейтін қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің айлық табысында алшақтық болмауы керек. Сондықтан шетелдік жұмысшыларға берілетін квота көлемі азаюы тиіс» деген еді. Президенттің тапсырмасынан кейін шетелден келетін жұмысшылардың қатарын азайтуды қолға алды.

Облыстық ЖҚҮӘБ басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереев: «Биыл шыққан Еңбек министрлігінің бұйрығына сәйкес облыс бойынша 1440 бірлік  квота белгіленді. Былтырға қарағанда ол 2 есе қысқартылды деп айтуға болады. Оның ішінде жалпы қысқартылғанының көбі 3-4-ші квота бойынша», – деді.

Оралдағы жоғары мұнай-газ колледжі дәнекерлеуші, құбыр және электр монтаждаушы секілді төртінші санатқа қажет болатын мамандар даярлайды. Колледж директоры Серік Мұхамбетәлиев: «Тап бүгін бітірген түлек шетелдіктерді алмастырып, нақты жұмыс істейді деген үлкен сенім жоқ. Біз әлі оған дайындалуымыз керек. Ол үшін біз біріншіден, мұғалімдерді тәлімгерліктен алыс-жақын шетелдерде өндірістің өзінде 6 ай, 1 жылға жіберіп мұғалімдерді тәлімдемеден өткізуіміз керек. Екіншіден, біз материалдық-техникалық базамызды сол өндіріске жақындатуымыз керек», – дейді.

Шетелден келетін жұмысшылар, негізінен, аса дәлдікті талап ететін жоғары технологиялық жобаларда жұмыс істейді. Сарапшылардың айтуынша, мәселен, құбырларды байланыстырушы, нақты стандарттарға сай дәнекерлеуші мамандар дегендей. Ендігі міндет – қазақстандық кадрларды сол орындарға тарту.

Мұны аймақ басшылары да айтып отыр. «Ол үшін халықаралық деңгейдегі оқу орындарын ашу, білікті оқытушылар құрамын жасақтау басты міндет», – дейді.