Кореяға кеткен қазақтар

Кореяға кеткен қазақтар

16 қаңтарда Оңтүстік Кореяның Ансан қаласында көз жұмған 29 жастағы бойжеткен Оралдың тұрғыны екен. Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек: «Қалалық полицияның ақпаратына қарағанда, ол ваннада асылып тұрған күйінде табылған. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп, сот-медициналық сараптама тағайын­далды. Қазақстанның Кореядағы елшілігінің консулдық бөлімі марқұмның туыстарына барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде» дейді.

Оралдық қыздың өлімінің сыры тексеріліп жатыр. Бірақ Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жатқан қазақстандардың жағдайы қандай екені туралы нақты деректер бар ма?

Осыған дейін Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жатқан 39 мың қазақстандық бар деген деректер шыққан еді. Алайда Сыртқы істер министрлігі бұл келіп-кеткен қа­зақстандықтардың саны екенін, Оңтүстік Кореядағы консул­дық­тың мәліметі бойынша, 19 мың қа­зақстандық ресми тіркелгенін, олардың арасында жұмыс істей­тіндер де, оқитындар да, туристер де бар екенін айтып, жоққа шы­ғарған болатын. Ал ресми дерек­терге қарағанда, Оңтүстік Кореяда 12 мыңға жуық азамат заңсыз жұмыс істеп жүрген көрінеді.

Бұған дейін қазақстандық­тардың Кореяда балық және ауыл шаруашылығы саласында уақытша жұмыс істеуіне мүмкіндік берілгені туралы да ақпараттар жарияланған. Ол елге 30 күнге визасыз кіру жұ­мысқа орналастыруды қамтамасыз етпейтіні туралы да айтылып келді. Жұмыс күшіне зәру қазақтар көп. Оның орнын өзге елден келетін «гастарбайтерлер» толтыруда. Ал өз қазағымыз жұмыс іздеп, сыртқа «қаңғып» кетіп жатыр. Парадокс дерсің. Шетелдік жұмысшылардың санын азайту туралы мәселе көте­рілгенімен, өзге елде «ұлтан» бол­ғысы келетіндер саны кемімей тұр. Жұмыссыз жүрген адамдар не істейді? Күн көру үшін сыртқа ұм­тылады. Реті келсе, сол жаққа ­бір­жола қоныс аударғысы келіп тұра­ды. Бұл – қазақ та гас­тарбай­тер бола алады деген сөз бе? Болсын делік. Бірақ сол өзге елдің арзан жұмыс күшіне айналған қазақтардың жайына алаңдаған біреу бар ма?

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы соңғы екі-үш жылда сыртқа кету­шілер саны көбейгенін айтқан еді. Оның айтуынша, жоғары білімді мамандардың көшіп кету құбы­лысы барлық елде байқалады. Мұн­да да әртүрлі мотивтер бар. Негізгі себеп – елдегі жалақының төмендігі. Қынжылтатыны, еліміз­ден көшіп кететіндердің арасында қазақтар да бар. Әсіресе, мектеп бітірген соң балалар ҰБТ тапсыр­май, Ресеймен шекаралас Омбы, Орынбор, Томбы қалаларына кө­шіп, сол жерде жоғары оқу орын­дарында білім алып жатады. Ең өкініштісі, көпшілігі қайтып кел­мейді. Мемлекет орта білім беруде әр балаға 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін орта есеппен 3 миллион теңгеге жуық қаржы бөледі екен. Сол азаматтар кейін басқа мемлекетке кетіп қалады. Мұны заңмен шешу мүмкін емес. Мәселені шешудің бір жолы – жоғары оқу орындарының білім беру сапасын көтеру, жалақыны жоғарылату, жұмыс орындарын көбейту. Еліміздің азаматтары да жалақыға наразы болып, шетелге көшіп кетеді. Бұған мемлекеттік тұрғыдан қарау керек. Бір ғана мысал айтайын, Молдавия халқы­ның 2,5 миллионға жуығы Батыс Еуропада жұмыс істеуде. Азамат­тардың жоғары жалақы табу мақ­сатында өзге елге кетуі – әлемдік үрдісте бар дүние.

Жоғары жалақы демекші, Оң­түстік Кореяда жұмыс істеп келген азаматтардың бірі онда бір күндік табыс 100 АҚШ доллары екенін, мұның өзі қара жұмысшыларға беретін ақша екенін айтқан еді. Тіл білмейтіндер үшін алғашқы кезде қиын тигенімен, уақыт өте келе қарапайым сөздерді, тілдесуді тез үйреніп алады екен. Қазақстаннан барғандардың дені құрылыс сала­сында көрінеді. «Жұмыс беруші келгенде қайда апаратынын да білмейміз. Бірден келісеміз. Балық та тазаладық, көше де сыпырдық. Жұмыс уақыты қатаң: таңғы 8-ден кешкі 18.00-ге дейін. Орта есеппен алғанда, бір күніміз үшін 100 АҚШ долларын алдық. Мұндай қара жұмысқа онда ешкім келіспейтіні де белгілі», – дейді есімін айтқысы келмеген кейіпкеріміз. Сондай-ақ қара жұмысшылардың көбі Үндістан мен Бангладештен келеді екен.

Оңтүстік Кореяға заңсыз жұ­мыс істеуге ағылудың ең бірінші себебі – визасыз режим болуы мүмкін. Визасыз режиммен бір айға барып алған туристер ары қарай «қулыққа» көшіп, жұмыс іздей бастайды. Виза уақыты біт­кен кезде заңсыз жұмыс істеуді бастайды.

Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп келген тағы бір жерлесіміз: «2018 жылдың тамыз айынан бастап, олар заңсыз мигранттарды жаппай ұстап, айыппұлдар сала бастады. Айыппұлдың да бағасы көтерілді. Олар ең алдымен «жасыл дәлізді» бір айға орнатты. Сол кезде заңсыз жүрген гастарбайтерлер өз отаны­на кетуге мүмкіндік алды. Сол уа­қыт­та оларды ұстамайды, айып­пұл төлетпейді, депортация жария­ла­майды және т.б. жеңілдіктер бо­лады. Кейін «жасыл дәлізді» 2019 жылдың наурызына дейін соз­ды. Бірақ мен оны күткен жоқ­пын. Жұмысым қиын болғасын, үйге ертерек қайтып кеттім» дейді.

Қазір қара жұмысшылар күн­дігіне 100 доллар тауып жатқан жоқ. Аптасына 200 доллар ақша тап­са, соған қуанады екен. Оның өзі күнделікті жол-пұлдан, тама­ғынан, киім-кешегінен артыл­майды деседі.

Осыдан екі жыл бұрын Оңтүс­тік Корея билігі қазақстандық туристерге деген талапты кү­шейт­кен еді. Медициналық мәселе бо­йынша сапар шексе, ең әуелі ауру­ханаға бронь жасауы тиіс екенін, егер турист болып барар болса, сол елдің тарихы мен көрнекі орын­дарынан хабардар болғаны жөн екенін ескерткен. Олай болмаса, шекарашылар оны кері қайтарады. Іскерлік сапар шеккісі келсе де, Кореядағы серіктес ұйымдардан арнайы шақырту алуы керек.

Заңсыз мигранттардың ара­сында депортацияланып елге қайт­қандары да өте көп. Елге қайтпай, қалып қойғандар да жетерлік. Тіпті Кореяда 7 жасар баланы қағып кеткен отанда­сы­мыздың да заңсыз жүргені анық­талған еді. Әрі көлік жүргізу куәлігі де болмаған. Жол апаты былтыр
16 қыркүйекте болған еді. Апатқа кінәлі азамат Оңтүстік Кореяға ерікті түрде оралып, жасаған әре­кеті үшін кешірім сұраған болатын. Корея соты оны екі жарым жыл бас бостандығынан айырды.

 

P.S.

Ерігіп сыртқа кеткендердің жөні бір бөлек шығар, еріксіз кеткендердің жайын кім ойлайды? «Әр қазақ – менің жалғызым» деп Сабыр Адай айтқандай, Отанынан жырақтап шетте жүрген қазақ азаматтарының бас амандығына ештеңе жетпейді! Олар ерігіп жүрген жоқ. Еңбегін пұлдап, мал табудың жолында жүр. Ендеше әр азаматтың амандығын тілеп қана қоймай, олардың шетке кетпеуінің жолын іздеген жөн шығар.



  Гүлзина БЕКТАС