Қазақстанда кейінгі 5 жылда қанша банк жабылды: себебі қандай, шығынын кім өтеді?
Қазақстанда кейінгі 5 жылда қанша банк жабылды: себебі қандай, шығынын кім өтеді?
315
оқылды
Moody’s Investors Service агенттігінің хабарлауынша, алты жыл ішінде Ұлттық банк Қазақстандағы банктер санын 34%-ға қысқартқан. Экономист Мақсат Сералының пікірінше, 19 миллион халқы бар Қазақстан үшін қазір елде екінші деңгейлі банк саны көп. Ол нарықта бәсекеге қабілетті банктер ғана қалуы керек, соның ішіне мемлекетпен қамтамасыз етілген банктер қалуы қажет, – деп есептейді. Экономистің айтуынша, қазір банктер онлайн банкингке көшіп жатыр. Бұл тенденцияға ілесе алмағандар әлі де қысқара береді. Қазақстанда 2017 жылдан бері қай банктер лицензиясынан айырылды? Олардың жабылу себебін Ұлттық банк қалай түсіндіреді? Салымшыларының мәселесі қалай шешілді? Aikyn.kz анықтап көрді.

AsiaCredit Bank АҚ

Биыл 11 ақпанда AsiaCredit Bank банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызмет жүргізуге берген лицензиясынан айырылды. Сол кезде банк активтерінің мөлшері – 45,4 млрд теңге, несие портфелі – 45 млрд теңге, оның 31,6 млрд теңгесі немесе банктің несие портфелінің 70%-ы үш айдан бері жұмыс істемеген. Сонымен бірге банктің өтімді активтерінің мөлшері 75 млн теңге болды. Клиенттері банкке 8 млрд теңге қарыз болған. "Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2019 жылы қазаннан бастап банктің жағдайын жақсартуға бағытталған 14 шара қолданды және әкімшілік құқық  бұзушылық туралы 73 хаттама жасалды. 2019 жылы қазанда Ұлттық банк AsiaCredit Bank-тің жалғыз акционеріне банкті капиталдандыру жөнінде талап қойды, ол орындалмады. Банк және оның акционері қабылдаған шаралар жағдайды тұрақтандырмады. Банк пруденциялық нормативтерді бұзды және клиенттері алдындағы төлемдер мен аударымдар бойынша міндетін орындамады. Банктің қосымша провизиялар қалыптастыру үшін қажетті меншікті капитал тапшылығы 19 млрд теңге болды",–  делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратқан хабарламада. AsiaCredit Bank АҚ-да 2021 жылы 1 ақпандағы жағдай бойынша 23 174 жеке тұлғаның депозиттері бар, олардың жиынтық қалдығы шамамен 19 млрд теңге. Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 97,7%-ның депозиті Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігімен толық өтеледі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша банк 6,06 млрд теңге шығынға батты. 2019 жылғы 24 шілдеден бастап AsiaCredit Bank-тің жалғыз акционері Орифджан Шадиев болды. Оған дейін бұл банкке Нұрбол Сұлтан иелік етті. 2020 жылы мамырда шыққан "Қазақстан банктерінің рейтингі – 2020" тізімінде 27 банк арасында соңғы орында тұрды. 2019 жылы 28 банк арасында 27-орында болды. "Еуразиялық банк" агент-банкі болып таңдалды.

Tengri Bank

Tengri Bank 2020 жылы 18 қыркүйекте лицензиясынан айырылды. Сот шешімі 2021 жылы 15 ақпанда күшіне енді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, банктің қаржы жағдайы нашарлаған. "Банктің қаржы жағдайының нашарлауы сапасыз несие портфелінен болды".
  • 2020 жылдың басынан бері банктің клиенттері қаражатын жаппай әкетті, ол банктің үздіксіз жұмыс істеуіне кесірін тигізді.
  • 2020 жылы наурыздан бері Tengri Bank төлемдер мен ақша аударымдары бойынша шарттық міндеттемелерін толық орындаған жоқ.
Қаржы жағдайы нашарлағандықтан  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банкке және оның ірі акционеріне 11 шара қолданды және әкімшілік құқық бұзушылық туралы 36 хаттама жасады. Банктер туралы заңның 42-бабы 5-тармағының талаптарына сәйкес банктің ірі қатысушылары банктің меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициентке дейін жеткізуге міндетті.
  • 2020 жылы наурызда Агенттік банктің ірі акционерінен 2020 жылы 30 сәуірге дейінгі 23 млрд теңге  үстеме капиталды толтыруды талап етті, алайда талап орындалған жоқ. Былтыр сәуір-маусымда банктің ірі акционері Punjab National Bank банк капиталын 16,9 млрд теңгеге толықтырды, ол банктің клиенттері алдындағы қарызын өтеуге жұмсалды.
  • Агенттік күшейтілген қадағалау режимінде проблемалық қарыздарды қайта қаржыландыру және өндіріп алу жөніндегі шаралар қабылданды, кейін банктің міндеттемелері 26,4 млрд теңгеге төмендеді.
  • Корпоративтік басқарудың тиімді жүйесінің болмауы және банктің мажоритарлық және миноритарлық акционерлері арасындағы ішкі корпоративтік даулардың сақталуы да банктің қаржылық жағдайын қиындата түсті.
  • Акционер тарапынан банкті үстеме капиталдандыру ниетінің болмауына байланысты Агенттік банкті лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады.
Тengri Bank жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болды. Соған байланысты «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі – ҚДКҚ) депозиторларға кепілдік өтемақы төлейтін болады. Банк салымшыларының, жеке тұлғаларының 99%-ның депозиті ҚДКҚ кепілдігімен өтеледі. Банктің клиенттері жеке тұлғалар, оның ішінде дара кәсіпкерлер. Өтемақы ұлттық валютада төленетін болады және оның сомасы: – теңгедегі жинақ салымдары (депозиттер) бойынша 15 млн теңгеден; – ұлттық валютадағы өзге депозиттер бойынша 10 млн теңгеден; – шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңгеден аспауға тиіс. Айта кетейік, 2020 жылғы ақпанда Tengri Bank, Capital Bank және AsiaCredit Bank-пен бірігу келісімін бұзды. Бірігу туралы шешім 2019 жылы мамырда қабылданған еді. 2017 жылдың басында  Сapital Bank Kazakhstan-мен бірігуді жоспарлады, алайда мәміле болған жоқ. 2019 жылғы қорытынды бойынша Tengri Bank активтері 5%-ға, 124,3 млрд теңгеге дейін қысқарды. 2019 жыл 1 шілдедегі жағдай бойынша банктің негізгі акционерлері: Punjab National Bank (Нью-Дели, Үндістан) – 41,64%; Альфия Қуанышева – 7,65%; Мырзатай Ыдырыс – 7,71%; Ринар Рахимов – 6,2%. Tengri Bank 2020 жылы мамырда шыққан "Қазақстан банктерінің рейтингі – 2020" тізімінде 27 банк арасында 23-орында тұрды. 2019 жылы 21-орында болды. "Еуразиялық банк" агент-банкі болып таңдалды. 2018 жылы сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше банкті сынады. Оның сөзінен кейін елдегі үш банк бірінен кейін бірі мәжбүрлі түрде таратылды. "Жұмыс істей алмаған банктер болашақта мемлекеттен қолдау алады, бірақ ешқандай нәтиже көрсетпейді. Сондықтан Ұлттық Банкке оларға қысым жасауды ұсынамын. Қазір  "ЭксимБанк Қазақстан", "Астана Банкі", Qazaq Bank-нің акционерлері нашар басқарып жатыр, салымшыларына қарызын өтеп бере алмағаны үшін көрсеткіштері нашар. Олар қалай жұмыс істейді?"– деген еді Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк қызметінің қорытындысы жөніндегі кеңесте. 

"Астана банкі" АҚ

"Астана банкі" 2018 жылы 19 қыркүйекте лицензиясынан айырылды. 2019 жылы 9 қаңтарда соттың "Астана банкін" мәжбүрлеп тарату туралы шешімі күшіне енді. ҚР Ұлттық банктің  мәліметінше, 2018 жылдың 1 мамырындағы көрсеткіш бойынша "Астана банкіндегі" жеке тұлғалар депозитінің көлемі 53 миллиард теңге болған. "Ұлттық банк басқармасының 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № 214 қаулысына сәйкес "Астана Банкі" АҚ-ы (бұдан әрі – Банк) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы заң) 48-бабы 1-тармағының в), г) және м-1) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша төлем және аудару операциялары бойынша шарттық міндеттемелерін жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет), пруденциялық нормативтерді және (немесе) орындалуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзғаны, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның үстеме капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамағаны үшін банктік және өзге де операцияларды жүргізуге Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі  Банкке 2015 жылғы 20 сәуірде берген № 1.1.32 лицензиядан 2018 жылғы 19 қыркүйектен бастап айыру туралы шешім қабылданды", – делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада. 2018 жылы шілдеде шыққан "Қазақстан банктерінің рейтингі – 2018" тізімінде 32 банк арасында 20-орында тұрды. Сол кездегі активтері 340,1 млрд теңге, клиенттерінің депозитінің көлемі 260,5 млрд теңге болды. 2017 жылы 34 банк арасында 16-орында тұрақтаған. 2017 жылы 31 желтоқсандағы дерек бойынша "Астана банкінің" ірі акционері – Олжас Тоқтаров (52,39%). 2015 жылы оның акциясы 69,7% болды. 2015 жылы "Астана банкінің" 30,29% акциясына Кеңес Рақышев иелік етті. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2019 жылдың 26 қаңтарынан бастап салымшыларға өтемақы төлей бастады. Еуразиялық банк агент-банкі болып таңдалды. 2020 жылдың басында қор салымшылар алдындағы міндеттемелердің 98%-дан астамын (37 млрд астам теңге) төледі. Салымшылар қайтарылмаған өтемақыны алу үшін 2021 жылдың 29 шілдеге дейін "Еуразиялық банктің" кез келген бөлімшесіне жүгіне алады.

"Эксимбанк Қазақстан"АҚ

Нұрсұлтан Назарбаевтың сынынан кейін мәжбүрлі түрде таратылған банктердің бірі – "Эксимбанк Қазақстан" АҚ. ҚР Ұлттық банкі 2018 жылы 28 тамызда екінші деңгейлі банкті лицензиясынан айырды. "Эксимбанк Қазақстан" АҚ "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" ҚР Заңының 48-бабы 1-тармағының г), з), м-1) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша пруденциялық нормативтерді, нормативтік құқықтық актілерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзғаны, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамағаны үшін банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге ҚР Ұлттық банкі банкке 2017 жылғы 18 қаңтарда берген № 1.2.48/232 лицензиядан 2018 жылғы 28 тамыздан бастап айыру туралы шешім қабылданды", – делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада. 2018 жылы шілдеде шыққан "Қазақстан банктерінің рейтингі – 2018" тізімінде 32 банк арасында 27-орында тұрды. Сол кездегі активтері 92 млрд теңге, клиенттерінің депозитінің көлемі 37,5 млрд теңге болды. 2017 жылы 34 банк арасында 24-орында тұрақтаған. 2018 жыл 1 сәуірдегі дерек бойынша банктің акционерлері: "ОАОЭК" АҚ – 23,83%, "БЖЗҚ" АҚ – 11,52%, "Импульс-R" ЖШС – 9,27%, "Трасттехноинвест" ЖШС – 9,26%, AG Invest – 9,04%, "Астана-Инвест" инвестициялық үйі" АҚ – 9,02%, "АТП-Инвест" ЖШС – 7,26%, Орталық-Стройэнерго " ЖШС – 6,98%," Алатау "ЖШС Қазтехком" – 6,62% және "Ерунэкспорт" ЖШС – 5,33% Төлем агенті ретінде ұлттық пошта операторы – «Қазпошта» АҚ тартылды. Салымшыларға төлем 2019 жылдың 4 ақпанында басталды.

Qazaq Banki АҚ

Qazaq Banki 2018 жылы 27 тамызда лицензиясынан айырылды. Ұлттық банк аталған банктерден лицензиясын олар келісімдегі міндеттемелерін "тиісті түрде орындамай", "пруденциялық нормативтерді жүйелі түрде бұзғаны үшін" тартып алғанын хабарлады. 2018 жылы шілдеде шыққан "Қазақстан банктерінің рейтингі – 2018" тізімінде 32 банк арасында 22-орында тұрды. Сол кездегі активтері 392,2 млрд теңге, клиенттерінің депозитінің көлемі 226 млрд теңге болды. 2017 жылы 34 банк арасында 13-орында тұрақтаған. 2018 жылғы 1 сәуірдегі дерек бойынша банктің ірі акционерлері: Бақыт Ибрагим – 10,71%, Дінмұхамет Ыдырысов (Forbes Kazakhstan ең бай бизнесмендерінің рейтингінде 23-орында) – 8,99%, Ақмарал Сунатуллаева – 7,95%, Уәлихан Нұрмұхамедов – 7,32%, Нұрхан Нұрланов – 8,11%, Ержан Достыбаев (Forbes Kazakhstan №39) – 6,06%.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2018 жылдың 24 желтоқсанынан бастап салымшыларға өтемақы төлей бастады. Банк ВТБ (Қазақстан) банк-агент болып таңдалды. 2020 жылдың басында қор салымшылар алдындағы міндеттемелердің 99%-дан астамын (20 миллиардтан астам теңге) төледі. Салымшылар қайтарылмаған өтемақыны алу үшін биыл 24 сәуірге дейін Банк ВТБ-ның (Қазақстан) кез келген бөлімшесіне жүгіне алады.

Delta Bank АҚ

Ұлттық банк 2017 жылы 3 қарашада Delta Bank-ті лицензиясынан айырды. Ұлттық банк Delta Bank-тің бірнеше норманы бұзғанын хабарлады. "Ұлттық банк Delta Bank-тің заңнама талаптарын жекелеген бұзушылықтарына қадағалаушылық реттеу және «ҚР банктер және банк қызметі туралы» ҚР заңы 48-бабының 1-тармағы в) және г) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша, төлем және аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерді үнемі (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) тиісінше орындамау және үнемі (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) пруденциялық нормативтерді және (немесе) басқа сақталуы міндетті нормалар мен лимиттерді бұзғаны үшін ішкі бақылау жүйелерін жақсарту қажеттілігі шеңберінде қабылдады",– делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада. 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мерзімі өткен, берешегі бар қарыздар банктің несие портфелінің 99,7% (314,8 млрд теңге) болған 2017 жылғы шілдеде шыққан "Қазақстан банктерінің рейтингі – 2017" тізімінде соңғы орынға тұрақтаған. 2016 жылғы дерек бойынша банктің акционері – 9 жеке тұлға және "Агроопторг-07" ЖШС. Жалғыз ірі акционер – Артықбай Самзаев, үлесі – 24,5%. Қалғандарының үлесі – 10%-дан төмен. Таратылатын банктердің барлық салымшысы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының есебінен өтемақы алуға құқылы болды. Өтемақы ұлттық валютада төленеді, ал оның сомасы: – шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңгеден; – ұлттық валютадағы депозиттер бойынша 10 млн теңгеден аспауға тиіс.