Алматыдағы Зерделі ықшамауданындағы қисайған №179 үйдің жағдайы туралы бұдан бұрын да жазғанбыз. Үй тұрғындары өзге пәтерлерге көшіріліп, сараптама жүргізілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ҚазҚСҒЗИ АҚ зерттеу нәтижелерін жария етті.
Өткен жылдың соңғы айларынан бастап сараптама жүргізіле бастады. Үйдің негізі мен тірек конструкцияларын жүйелі түрде зерттеу, ғимараттың күн сайынғы қисаюын өлшеу мен оның мүмкін болатын серпінін қадағалаған институт зертханасы мамандары осы үйде тұру қауіпсіздігіне қатысты алдын ала қорытынды жасады. Мамандардың мәліметіне қарағанда, қисайған үйді қалпына келтіруге болады. Келер айда аталған мекеме қорытындысына сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстары басталмақ.
«Қазір ұсыныстар бойынша ҚазҚСҒЗИ-мен келісе отырып, жұмыс өндірісінің жобасы әзірленбек. Ғимараттың іргетасын күшейту, қисаюдың алдын алу және жою жөніндегі одан арғы барлық жұмыстар құрылыс саласындағы, оның ішінде сейсмикалық қауіпті аймақтардағы проблемалармен айналысатын Қазақстандағы жалғыз мемлекеттік мекеменің бақылауымен жүргізілетін болады. Институттың бұл салада 87 жылдық тәжірибесі бар», – дейді Алматы қаласының жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Қуандық Айтмағанбетов.
ҚазҚСҒЗИ АҚ-ның зерттеу нәтижелері жария етілмей тұрып Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов «Біз Алатау, Саялы және Зерделі шағынаудандарында терек отырғызуды жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, мұндағы көпқабатты тұрғын үйлер жерасты суының көтерілуінен сәл ғана қисайып тұр. Ал терек – жерасты суын өзіне сіңіріп алатын ағаш, ол жерасты суын төменге түсіруге көмектеседі. Сонымен қатар терек бәрінен бұрын көмірқышқыл газын сіңіреді және оттегі бөліп шығарады» деген болатын.
Мамандар бұл үйді қалпына келтіру жұмыстары үш айға созылуы мүмкін дейді. Алдағы уақытта осы аудандағы барлық 32 үйге зерттеу жүргізілмек. Оған себеп: тұрғын үй құрылысының сапасыз деп танылуы. Осы үй бойынша бір айдан астам уақыт зерттеу жүргізген мамандар осындай қорытындыға келіп отыр. Әйтсе де, олар үйдің апатты жағдайда емес екенін айтуда. Тексеру нәтижелерінен кейін осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«2019 жылдың 24 желтоқсанында аталған іске қатысты Қылмыстық кодекстің «сапасыз салынған құрылыс» мәселесін қарастыратын 278-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс полиция департаментіне жолданды. Бүгінде тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Кінәлілер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болады», – деді Алатау ауданы прокурорының орынбасары Ержан Болатханов.
Қисайған үйдің жағдайына алаңдаған тұрғындар әрі-сәрі күйге түскен болатын. Олардың барлығы қала әкімшілігі есебінен жалдамалы пәтерлерге уақытша жайғастырылды. Қыстың қақ ортасында балаларды балабақшалар мен мектептерге орналастыруда біраз қиындықтар туындаған. Қазір бұл мәселелер де біртіндеп шешімін тауып келеді. Арнайы құрылған штаб жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қисайған үйдің тұрғындары өз баспаналарына оралу не оралмау жайында әзірге ешқандай сөз қозғалған жоқ. Бұл мәселе үй қайта түзетілген соң, арнайы тексерістің қорытындысына сәйкес қаралып, шешім қабылданады.