Еліміздегі ең ежелгі қала... Ол – Шымкент
Еліміздегі ең ежелгі қала... Ол – Шымкент

Шымкенттегі «Ескі қала­шық» шағынауданы қазір жаңа­ша түрленіп, өзге­ше кейіп­ке енуде. Қаланың та­ри­хи кіндігіне айналған цита­дельде үш жылдан бері архео­логиялық экспедиция жүргізіліп келеді. Биыл көне қамал орны ашық аспан астындағы музейге айналып, оның салтанатты ашылуы «Шымкент —ТМД-ның мәдени астанасы» жы­лы­на жоспарланып отыр.

Археолог Мұзафар Омаров 2019 жылдың қазан айын­да ХҮІІІ-ХІХ ғасырға тән хауыз бен оған апаратын жолды та­уып, топырақтан аршығанын айтады. «Бұл жол мал сүйегі мен керамикадан жасалған. Ме­же­­­ленген жұмысты уақытылы аяқ­тау үшін қажырлы еңбек еттік. Қазір қамалды қайта қал­пы­на келтіру жұмыс­тары жүр­гізілуде. Қазба жұмыстары қай­та жанданады» – дейді архео­лог.

Айта кетейік, тарихшылар Шымкенттің Қазақстандағы ең ежелгі қала екенін осы жерден табылған жәдігерлер арқылы дәлелдеген болатын. Алдағы уақытта бұл жәдігерлер осы жерде салынып жатқан ашық аспан астындағы мұражайға қойылмақ. «Ең басты қуанышымыз, жұмыс басталды. Шымкенттің өз мұра­жайын ашуға жететін дүние қолымызда бар», – дейді бұл тура­лы тарих ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Байтанаев. Ал Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау бөлімінің бас маманы Гүлбану Маханова көне қамал­ды жаңғырту жұмыстары ая­сында бес бағыт бойынша жо­ба­­лық сметалық құжаттар да­­йын­­­далғанын атап өтті. «Нәти­­­жесінде «Археологиялық экс­­пертиза», «Архрест», «Архео­ло­гиялық зерттеулер» ЖШС ғы­лыми-зерттеулер ком­па­ния­лары осы жобаны жүзеге асыр­мақ. Бүгінде мемлекет қа­жеттілігі үшін 234 жер учас­кесін алу қажет болса, алғашқы кезекте 48 жер телімінің 43-і қай­­тарылды. Ал екінші кезең бойынша учаскелерді бағалау жұмы­сы жалғасуда, – дейді сала маманы.

– Цитадель – ТМД-ның мәде­ни астанасын тамашалауға келе­тін туристер аялдап, тама­ша­лайтын бірегей нысан бол­мақ. Бүгінде кез келген елде көне қала аумағы қоршалып, туристерді қызықтыра алатын жағдай жаса­лын­ған. Мысалы, Бакудегі көне қала­шық­та гале­рея­лар жұмыс істесе, Рим Коли­зе­йін таныту үшін де біраз ша­руа атқарылған. Ал Шымкент – еліміздегі орта­ға­сыр­лық ци­та­­дель орны сақталған жал­ғыз қала, – дейді жоба авто­ры, «Қазқайтажаңғырту» мем­­­­ле­­кеттік кәіпорнының жо­ба­­лау филиалының басшысы С.Ағытаев.

Алдағы уақытта цитадель орны­нан бес жүз орындық ам­фитеатр, галерея, тағы басқа нысандар бой көтермек. Ал табылған жәдігерлер осы жерден салынып жатқан музейге қойы­лады. Жобаны жүзеге асыру­шы­лар қамалдың оңтүстік қақпасы мен қасбеті, қалашықта табылған экспонаттар тұратын мұражай құрылысы наурызда дайын бола­тынын айтады. Ал бекіністің үстіңгі қабаты мен айналдыра абаттандыру жұмысы қыркүйек-қазан айларына дейін жалғасады деп күтілуде.  

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы