Өзбекстан 2025 жылға қарай табиғи газ экспортын азайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Өзбекстан премьер-министрі Абдолла Арипов мәлімдеді. «2025 жылға қарай табиғи газдың экспорты азайтылады, оның есесіне ел ішінде шикізатты толықтай қайта өңдеу жүргізіліп, өндірісті кеңейту бойынша шаралар жасалады», – деді Арипов.
Оған қоса, үкімет 2030 жылға қарай электр қуатын өндіруді екі есеге, мұнай өнімдерін 1,8 есеге, табиғи газ өндірісін 1,2 есеге, көмір өндірісін 3,3 есеге арттыру міндеттемесін алған.
Өзбекстан – Орталық Азиядағы табиғи газ қорына бай мемлекеттің бірі. Дегенмен елдегі барланған көгілдір отын қоры туралы дерек әртүрлі кездеседі. Мәселен, British Petroleum (BP) компаниясы Өзбекстан аумағында барланған газ қоры шамамен 600 млрд текше метр болса, мұнай 100 млн тонна көлемінде деп болжайды. Ал мемлекеттік «Өзбекмұнайгаз» компаниясының есебінде мұнай қоры 132 млрд тонна, газ 4 трлн текше метр көлемінде.
– Бір анығы, Өзбекстан осы уақытқа дейін газ экспорттаушы елдердің алдыңғы легінде келеді. Ресми мәлімет бойынша, Өзбекстан сыртқа 2018 жылы 13 млрд текше метр газ шығарса, 2019 жылы көрсеткіш көлемі 15 млрд текше метрден асқан. Осы 15 млрд текше метр отынның жартысынан көбін (8 млрд текше метр) Қытайға сатса, 4,5 млрд – Ресейге, 2,5 млрд – Қазақстанға, қалған 550 млн текше метр газ Орталық Азияның өзге елдеріне экспортталыпты.
Иә, жоғарыда келтіргеніміздей, Өзбекстан көгілдір отынын негізгі импорттаушы мемлекет – Қытай. ҚХР – жалғыз өзбек газын емес, тұтас Орталық Азияның жерасты байлығын сатып алуға дайын тұрған мемлекет. Синьхуа агенттігінің мәліметінше, 2009 жылы «Орталық Азия – Қытай» газ құбыры пайдалануға берілгеннен бастап, он жыл ішінде Бейжің бұл аймақтан 294,6 мииллиард текше метр газ тасымалдапты. Былтырдың өзінде Түркіменстан, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттері Қытайға 47,9 млрд текше метрден астам (көп бөлігі Ашхабад экспортына тиесілі) көгілдір отын сатқан екен.
Айта кету керек, «Орталық Азия – Қытай» құбыры арқылы жеткізілетін көлем ҚХР-да тұтынылатын газдың 15-20%-ын ғана құрайды. Егер Қытай мемлекеті негізгі энергия көзі – көмірден бас тартып, газға ауысатын болса, ішкі тұтыну жылына 700 млрд текше метрге жетеді деп күтіліп отыр.
Сонда, шығыстағы алып көршіміз, Орталық Азия елдеріне ортақ нарық көзі тарапынан осындай сұраныс туып тұрған кезде Өзбекстаннның «экспортты азайтамыз» деуінде не гәп бар?
Былтырғы шілде айында «Өзбекмұнайгаз» компаниясының төрағасы Баходир Сидиков елде өндірілген газ көлемі не себепті тұрғындар мен бизнестің сұранысын жаба алмай отырғанын түсіндірген. «Біріншіден, біз барлау жұмысы мен кен орындарын қайта өңдеу ісін қаржыландыруға толық көңіл бөлмей келдік. Осы себептен, өнім өндіру көлемін арттыруда көптеген проблемамен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұған қоса, біздегі көптеген кен орындары күрделі жағдайда. Сондықтан ішкі нарықты газбен толық жабдықтау ісінде жұмыстар ақсап тұр», – деп атап көрсетті ол.
Негізгі бағыт – ішкі нарық
Иә, экономикасы негізінен шикізаттық бағытқа негізделген елдерде өнімді ең алдымен сыртқа сату ісі алғашқы орынға қойылатыны рас. Әсіресе, пост-кеңестік мемлекеттердің арасындағы газ экспорттаушы елдердің бәріне тән проблема – өз тұрғындарына табиғи отынның толық жетпеуі. Мысалы, әлемдік газ саудасын қыздырып, өз мүддесін өткізуде энергоресурсын көлденең тартатын Ресей Федерациясы халқын көгілдір отынмен толық қамтуға қол жеткізе алған жоқ. Novayagazeta.ru порталының дерегінше, газдың мол қоры бар делінетін Сібір жеріндегі Үркіт облысының тұрғындары 8% көлемінде ғана жабдықталған. Сол секілді, Буриятия – 13%, Новосібір облысы – 29%, Якутия 33% көлемінде болса, Краснаярск аймағы мен Мурманск облысы 0% деңгейінде. Әрине, сібірдегі шашырай орналасқан халықты жаппай қамту үлкен қаржыны қажет ететіні анық. Десе де, Ресейдің «Сібір күші», «Солтүстік ағын», «Түрік ағыны» секілді экспорттық газ құбырларына 6 триллион рубль инвестиция салып жатқанын есепке алсаңыз, мәселе қаржыда емесін де түсінуге болатындай.
Жә, жабдықтау ісінде біздің елде де көрсеткіш мәз емесін білеміз. Әрине, Ресей мен Өзбекстанға қарағанда газ қорымыз аз (шамамен 3,7 трлн текше метр) екені белгілі. Десе де, ел тұрғындарын газбен қамтамасыз етуде 49%-дан енді асқанымыз рас. 2019 жылдың маусым айында сол кездегі Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанда 9 млн адамның газга қолы жеткенін мәлімдеді. 2021 жылға дейін тағы 13 аймаққа газ құбыры жеткізіледі. Солтүстікке тартылған «Сарыарқа» газ құбыры ел астанасынан бөлек, жол бойындағы 171 елді мекенді көгілдір отынмен жарылқайды деп күтілуде.
Бұл тұрғыда өзбектің көрсеткіші көш ілгері. БҰҰ-ның 2015 жылғы есебіне қарасақ, Өзбекстандағы қалалық жерлер 87,5%, ал ауылдық аумақтардың 72,1% газбен жабдықталғаны айтылыпты. Алайда 2019 жылы республикадағы халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету жүйесінде бірнеше рет кідіріс болған. Үкімет басшысы Абдолла Арипов оның себебін елдегі «энергоресурстарға сұраныс оны өндіру көрсеткішінен асып кетіп жатқанымен» түсіндіреді. Осыған орай, Өзбекстан үкіметі биылдан бастап, үш жыл ішінде республикадағы барлық энергоресурс тұтынушыларына газ есептеуіш құралдарын орнатуды жоспарлап отыр. Бұл тұтынушы мен жеткізушінің арасындағы айқындыққа, өнімді тиімді пайдалануға жол ашады.
Кейбір дерек көздері Өзбекстандағы ішкі тұтыну көлемі тәулігіне 1 млн текше метрге жеткенін айтады. Республикадағы бір жылғы газ өндірісі шамамен 61 млрд текше метр екенін есепке алсақ, жоғарыдағы тәуліктік көрсеткіш өте жоғары. Демек, сұраныстың өсуі ел экономикасының жандануының белгісі деген сөз.