Ғұмыр деген осы. Кеше ғана қоғам туралы, заман туралы, болашақ туралы сан қилы сапырылысқан ойларды жіліктеп, реттеп мінберлерден жүйелі сөзін айтып, салиқалы баяндамаларын жасап, басылым беттеріне кешенді мақалалар жариялап жүрген елімізге белгілі ғалым, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, экс-депутат Камал Низамұлы Бұрханов дүниеден өтті.
Камал мырзаны ертеден білемін. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің деканы болып қызмет атқарды. Көптеген шәкірттерді даярлады. Оның шәкірттері бүгінде мемлекетіміздің, қоғамның сан саласында қызмет атқаруда. Камал Низамұлының ғылымға сіңірген еңбегі мол. Ол, әсіресе ғылымды насихаттау ісінде өте шебер еді. Оның талай баяндамаларын тыңдадым. Ойлайтынмын, сонда замандасымның қоғамның аса күрделі мәселелеріне емін-еркін бойлап, тың талдаулар жасағанына таңғалатынмын. Камал мырза тек қазақ елінде ғана емес, әлемнің бірқатар мемлекеттерінде баяндамалар жасап, жұртшылықтың назарына іліккен еді.
Камал мырза, орыс және қазақ тілдерін еркін, тең меңгерген маман. Отандық ғылымда мұндай ғалымдар өте аз. Әсіресе, саясаттану ғылымдары саласындағы мамандар негізінен біртілді, яғни орыстілді мамандар. Камал Низамұлы болса, аудиторияға байланысты орыс, қазақ тілдерінде еркін сөйлеп кететін. Ол еліміздегі саясаттану ғылымының іргесін қалауға көп еңбек етті. Оннан аса ғылым докторларын және кандидаттарын даярлады, ғылыми кеңестердің төрағасы болды. Білім және ғылым министрі жанындағы саясаттану, философия ғылымдары жөніндегі сараптама комиссиясының төрағасы болды. Көптеген жаңа жобаға сараптамашы болып, жас ғалымдардың ізденісіне жол ашты.
Камал мырза адамшылығы мол, кісілікті жан еді. Оның дос-жарандары көп болатын. Мен Камалдың жалғыз жүргенін көрмедім. Үнемі қасында бірнеше адам болып, әлденені талқылап, әлдеқандай мәселелерді көтеріп, дуылдасып жүретін. Камалдың отбасы тамаша еді. Оның отбасылық тойларында, балаларының ғылым дәрежесін алуға арналған той дастарқандарында, үйлену тойларына талай рет қатысып, Камалдың жан-жақты, ауқымы кең, асыл азамат екеніне көзім жетті.
Камал мырза Мәжіліс депутаты болып жүрген шағында елге белгілі қоғам қайраткері ретінде танылды. Оның Мәскеуде, Санкт– Петерборда, Парижге, Лондонға т.б. қалаларға барып, баяндама жасағанының куәсі де болдым. Ол өзінің туған елі, өзінің болашағы туралы өте шабыттана сөйлейтін. Әсіресе, дін мәселесінде бой көрсеткен әсіре діншілдерге дәлелді, нақты тойтарыс бергеніне разы болатынмын. Камал мырзамен сапарлас болған сәттер есіме түскенде, оның бірге жүрген достарына деген ізгі ілтипаты ерекше екенін байқайтынмын. Ол өзінен гөрі қасындағыларға көп көңіл бөлетін сияқты көрінді маған. Бұл оның адамшылық қасиеті, ата-анасынан алған тәрбиесінің жемісі, текті тұқымнан шыққандығының айғағы.
Камал Бұрхановтың қазасы ауыр. Оның елімізге бергенінен берері көп еді. Айтатын ойлары бар еді. Осындайда әттең дегеннен басқа не айтасың?! Бәрі Алланың әмірі. Бұл ғұмырда жақсы ғұмыр кештің, Камал бауырым! Бақи дүниеде жаның жәннатта, иманың жолдас болсын деймін.
Ғарифолла ЕСІМ,
академик, қоғам қайраткері