«ЖКХ-дан» жемқорлық иісі шығады
«ЖКХ-дан» жемқорлық иісі шығады
144
оқылды

Алматы облысы тұрғын үй құрылысы бойынша басқа аймақтардың алдында тұр. Жыл сайын жүздеген пәтер пайдалануға беріледі. Соңғы он шақты жылда Талдықор­ған­ның да іргесі барынша кеңіп, көпқабатты үйлер сап түзеп, жаңа шағынаудандар пай­да болды. Дегенмен қала­лық тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық мекемесінде баспана кезегінде тұратындар саны азаю орнына жыл сайын артып отыратын сыңайлы. Кей­біреулер жылдар бойы кезекте тұрып, заң бойынша тиесілі үйін ала алмай зары­ғып жүрсе, екіншілер бірер жыл­да баспаналы болып шал­қып басады.

Басшылық қызметке тағайын­далып, қаланың ең қолайлы ауда­ны­нан, тұрмысқа қажеттінің бар­лығы ойластырылған элиталы үйден пәтерлі болғандар, бірер жылдан соң басқа жаққа қыз­мет­ке ауысса да, қызметтік баспа­на­ларын өткізбейтіні жайлы әңгі­ме жиі қозғалады. Сонымен бір­ге еліміздің басқа қалалары мен аймақтарын айтпағанда, шет елдерге қоныс аударып, аза­мат­тығын ауыстырғандардың ара­сында әлі күнге дейін Тал­ды­қор­ғандағы тұрғын үй кезегінде тұр­ғандар баршылық екені анық­талуда. Пәтер алғандарына біраз жыл болса да, баспанасының құ­жат­тары жоқ болғандықтан тиісті әлеуметтік көмек пен тағы басқа да жеңілдіктерге қол жеткізе алмай жүргендер де жүздеп саналады. Жақында ғана бес баласы бар әріп­тесіміз биылғы әлеуметтік қол­­­даудағы жақсы жаңалық бо­йын­ша бала-шағасына бұйырған нәпақаны алу үшін құжат жинауға кіріскенінде, осыдан тоғыз жыл бұрын алған қызметтік пәтері орналасқан көпқабатты үйдің қала картасында да жоқ екенін естіп, құлап қала жаздады. Жоғарыда жазылғандарға қарағанда, бы­лай­ғы халық «ЖКХ» дейтін қала­лық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімінде былық көп. Ретін келтірген, қолы жеткендер үйлі болса, нағыз мұқтаж жандар жылдап сарылады кезегін күтіп.

Барлығымыз білетіндей, тұр­ғын үй саласы асқан жауап­кер­ші­лікті қажет етеді. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» демекші, оның азабы мен тозағын баспана мұқтаждығын басынан өткергендер ғана жақсы се­зінеді. Өткен жылы пәтер та­лап еткен көпбалалы аналар қоз­ға­лы­сы­ның Талдықорғаннан бастау алғаны да көп нәрсені аңғарт­са керек. Сол кезде бастал­ған тексеріс осы саладағы талай заңсыздықтың бетін ашты.Ақыры қалалық бөлім басшысы қызметінен кетті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы об­­лы­сы бойынша департаменті бас­­шысының орынбасары Жан­дос Жұмабаев Талдықорған қа­ла­лық тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық бөлімінің қыз­ме­ті­не жүргізілген тексеру бары­сын­да көптеген заңсыздық пен жауапсыздықтың беті ашыл­­ғанын, олардың кейбірінің сыбай­лас жемқорлық сипаты бар екенін айтады.

– Қала бойынша баспанадан үміт­керлердің кезегінде реттілік жоқ. Сондықтан биыл алғашқы ондықта тұрған жанның, келесі жылы жүздіктің сыртына шығып кетуі жиі кездеседі және тұрғындар тарапынан түсінбестік туғызады. Тұр­ғын үй комиссиясының жұмы­сы­нан жариялылық, ашықтық көре алмадық. Соған қарамастан, аталған бөлімдегілер өздеріне сыйа­қы тағайындауда алдарына жан салмаған. Комиссия құрамын жасақтауда бір жақтылық басым. Қоғамдастықтар, үкіметтік емес ұйым өкілдерін, журналистерді комиссияға қосу туралы өтініштер мен талаптар ескерілмеген. Кейінгі екі жылда үйлі болғандардың тізі­мі интернет-ресурстарда орна­лас­тырылмаған. Баспана беру мен оның есебі жөніндегі бірегей электронды автоматтандырылған база жасалмаған. Соған сай «ЖКХ» жұмысына қатысты арыз-шағым өте көп. Жоғарыда айтылғандарға қарағанда, бұл саланы бармақ басты, көз қысты жайлап алған, – дейді Жандос Жұмабаев.


Болат АБАҒАН,
Алматы облысы