Түркістан облысында үшем дүниеге келді
Түркістан облысында үшем дүниеге келді
93
оқылды

Түркістан облысы Төлеби ауданында үшем дүниеге келді. Ленгір қаласының 36 жастағы тұрғыны Ақерке Сергебаева облыстық №1 перинаталдық орталығында екі қыз бен бір ұлды өмірге әкелді, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, осымен облыста жыл басынан бері екінші үшем дүниеге келді.

Жаңа туылған нәрестелерге Балжан, Мағжан, Тоғжан есімдері берілді. Мерзімінен ерте туылған үшемдер перинаталдық орталық дәрігерлерінің бақылауына алынған. Медицина қызметкерлерінің көмегімен сәбилер салмақ қосып, денсаулық жағдайлары жақсарған. Үшемдер перзентханадан шығуға әзір. Үшем дүниеге келген отбасының бір ұл мен үш қызы бар. Отағасы да, көпбалалы ананың өзі де мектепте жұмыс істейді.

«Қорқыныш болды, әрине. Алланың сыйына сансыз шүкір. Сәбилерімді бағып, күткен дәрігерлерге шексіз алғыс білдіремін»,  –  дейді үшемнің анасы.

Жыл басынан бері Түркістан облысында 10 мыңнан астам сәби дүниеге келді.