«Құтадғу біліктің» жаңа аудармасы оқырманға жол тартты
«Құтадғу біліктің» жаңа аудармасы оқырманға жол тартты
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» еңбегінің жаңа аудармасының таныстырылымы өтті. Қарахандар дәуірінде 1069 жылы жазылған құнды жәдігер PhD докторы, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің аға оқытушысы Бекарыс Нұриманның аударуымен жарыққа шығып отыр. Ж.Баласағұнның шығармасы негізінен ел басқару мәселесіне арналған еңбек. Онда Қарахан мемлекетінің құрылымы, басқару жүйесі, ел басқарудың заңдылығы, билік адамдарының қоғаммен байланысы және халықтың мәдениеті көрініс тапқан. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан орта ғасырдағы Қарахан мемлекетінің заңды жалғасы екенін ескерсек, бұл еңбек өткенімізді бағамдауда маңызды болмақ. «Құтты билік: «Құтадғу біліктен» таңдамалы бәйіттер» кітабында тарихи жәдігеріміздегі ел басқару ісіне қатысты мәтіндер топтастырылып берілген. Аударма еңбек Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, түркі мұраларын кешенді зерттеп отырған Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына арналған. Жиында баласағұнтанудағы өзекті мәселелер таразыланды. Бұған дейін Асқар Егеубаев пен Әбжан Құрышжанов сынды ғалымдар «Құтадғу біліктің» поэтикалық аудармасын жасаса, Берікбай Сағындықов кей бөлімдерін тәржімалағаны белгілі. Б.Нұриман еңбегінде «Құтадғу біліктің» жолма-жол мағыналық аудармасы берілген. Кітаптың тұсаукесеріне ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Сейіт Қасқабасов, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, профессор, ф.ғ.д., Қаржаубай Сартқожа, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры, ф.ғ.д. Өжал Огуз, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры, ф.ғ.д. Хүлия Касапоглу Ченгел, Мимар Синан атындағы Көркем өнер университетінің профессоры, т.ғ.д. Абдулуақап Қара қатысып, ғалымның еңбегіне жоғары бағасын берді. Академик С.Қасқабасов кітаптың бүгінгі оқырманға өте ыңғайлы жүйеленіп берілуіне ерекше тоқталды. Әсіресе, мемлекет құрылымы мен оның басқару жүйесіне қатысты ойларға басымдық берілгендігін атап өтті. Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы түркі дүниесінде ерекше орны бар Жүсіп Баласағұнның еңбегін бірқатар ғалымның зерттегенін атай келіп, Еуразия ұлттық университетінің түлегі Бекарыс Нұриман аудармасының басты ерекшеліктеріне тоқталды. Ең алдымен «Құтадғу білік» сол дәуірдің өзінде Қарахан мемлекетінің маңызды құжаттарының бірі болған. Себебі, кітапта мемлекеттің құрылымы, ел басқарудың заңдылығы, жоғары лауазымды қызметкерлерге қойылатын талаптар, мемлекеттік қызметкердің этикасы туралы кеңінен баяндалған. Ғалым кітаптың мемлекет құрудағы маңызына басымдық берген. Сондықтан да бұл еңбек қазақ мемлекетінің алдағы уақыттағы дамуына ерекше үлес қосады деген ойдамыз. Оның үстіне кітаптың алғашқы нұсқасымен Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев танысқандығын ескерсек, ғалымның зерттеуі әлі талай кәдемізге жарайтыны сөзсіз, - деді. Кітаптың таныстырылымына қатысқан Мимар Синан атындағы Көркем өнер университетінің профессоры, т.ғ.д. Абдулуақап Қара «халық пен билік арасындағы саяси ұстанымдар мен бақыт қонып, құт дарыған мәңгілік ел қандай болу керек екенін түсіндірген еңбектің бүгінгі Қазақстанның стратегиялық бағдарламасымен үндес» екендігін ерекше атады. Толық нұсқасы шамамен 6645 бәйіттен тұратын туынды осы уақытқа дейін дидактикалық, философиялық, әдеби көркем шығарма ретінде зерттеліп келген. Б.Нұриман «Құтадғу білік» еңбегінің Ферғана және Мысыр нұсқасына сүйене отырып аударған. Ескерте кетейін, аталмыш кітаптың үш қолжазбасы бар. Алайда, олардың арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Ең бастысы – «Құтадғу білік» мемлекет басқару жүйесі жайлы еңбек. Осы ерекшелігін зерттеуші айқын көрсете білген. Ғалымның аудармасы түркі дүниесін бұрыннан да жақындастыра түсті десем, артық айтпаймын. Профессор А.Қара жас ғалымның жаңа бағыттағы зерттеулеріне табыс тіледі. Кітаптың таныстырылымына Қазақстан мен Түркияның ғалымдары, студенттер мен магистранттар, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері қатысты.