«Шырақшы» көрерменге жол тартты
«Шырақшы» көрерменге жол тартты
152
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласын­дағы Saryarka кинотеа­трын­да «Шырақшы» атты жаңа фильмнің тұсау­ке­се­рі өтті. Кино­туынды ре­жис­сері – Ермек Тұрсынов. Продюсері – Қанат Төре­бай. Тұсаукесерге актер Мұрат Мұқажанов, сон­дай-ақ «Қазақфильм» АҚ президенті Арман Әсенов қа­тыс­ты. Фильм 2020 жы­лы 23 қаңтарда отан­дық про­катқа шығады.

Мәдениет және спорт ми­нистр­лігі тапсырысы бойынша Tursunov Film компаниясы қа­ты­суымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Шы­рақшы» фильмі   Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппарат сый­ға алған солдат туралы. Со­ғыс­тан соң елге оралған ол қар­тайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айна­лы­сады.

– Фильмнің басты кейіпкері ауыл аралап, фильмдерді көрсе­тіп жүрген қарапайым адам емес, оның кинопроекторы – шы­­рақ­тың және өткен күннен ес­те­­ліктің нағыз символы. Осы­лай­ша, ел арасында жарық нұрын шашып жүретін «Шырақшы» пайда болды. Осы фильмді тама­шалаған әр көрермен өз шы­рақшысын еске түсірер деп ой­лаймын, – деді режиссер Ермек Тұрсынов.

Фильмдегі басты рөлді 70 жас­тағы кәсіби актер Мұрат Мұ­қа­­жанов сомдады, ал оның жас кезін Қуат Тлеубаев (сон­дай-ақ ол фильмнің қоюшы су­­рет­­шісі) ой­нап шықты. Одан бө­лек, бұл кар­тинаға Ресейдің ха­лық артисі, театр және кино ак­три­­сасы Нина Усатова түсті (же­сір әйелдің рө­лін­де).

шырақшы.jpg

Айта кетсек, фильмнің идея ав­торы – марқұм Меңтай Өтеп­­бер­генов. Режиссер Ермек Тұр­сы­­новтың айтуынша, белгілі қа­­зақ­стандық актер бұл фильмде бас­ты рөлді сомдауы керек бола­тын.

Фильмнің негіз­гі түсірілімі Ал­ма­ты, Талғар және Жар­кент қала­сы­ның маңында жүр­гізілді. Ұлы Отан соғысының көрі­ніс­тері Вен­грияның астанасы – Буда­пешт қаласында түсірілді.

Кинотуындының әлемдік тұ­саукесері 2019 жылы мау­сым айын­да XXII Шанхай халықа­ра­лық кинофестивалінің аясында өтті (Қытай). Сонымен қатар бұл беделді фестивальдің негізгі бағ­дар­ламасына отандық туынды алғаш рет қатысып отыр.

Сондай-ақ туынды Анапада өткен «Киношок-2019» фести­ва­ліне қатысып, басты рөлді сом­да­ған актер Мұрат Мұқажанов «Кино өнеріне адал кейіпкердің образын көркем сомдағаны үшін» қазылар алқасының дип­­ломымен, ал картинаның операторы Мартин Сечанов А.Княжинский атындағы «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесімен марапатталды. Былтыр қараша айында Ресейде өткен Sochi International Film Festival and Awards кинофестивалінде бұл фильм «Үздік фильм» жүлдесіне және «Үздік әйел адамның рөлі» (ре­сейлік актриса Нина Уса­то­ваға бұйырды) жүлдесіне ие болды.

Одан бөлек, «Шырақшы» фильмі АҚШ-та өткен Asian World Film Festival және Банг­ла­деште өткен Dhaka Inter­national Film Festival кинофе­сти­валь­де­ріне қатысып, Франция мен Моң­ғолияда Қазақстан киносы күндері аясында көрсетілген болатын.

«Шырақшы» фильмінің Қа­зақ­стан аумағындағы про­ка­­тын «Мело­ман» компа­ния­сы жүзе­ге асырады.

 

Г.ТҰРҒАНБАЙ