«Almaty CPS» компаниясының өкілдері «Рахат» базары саудагерлерінің талабына жауап берді

«Almaty CPS» компаниясының өкілдері «Рахат» базары саудагерлерінің талабына жауап берді

Алматыдағы «Рахат» базарындағы саудагерлердің наразылығынан кейін «Almaty CPS» компаниясының өкілі Нұрбек Бекбау журналистерге арнайы сұхбат беріп, жағдайдың мән-жайын түсіндірді. Бұл туралы Azattyq-ruhy порталы хабарлады.

Нұрбек Бекбаудың сөзінше, «Almaty CPS» ЖШС-не жиһаз фабрикасын салу үшін Алматыдағы жер телімі толықтай заңды негізде жалға берілген. Ал, дәл осы жерде орналасқан «Рахат» базары басшылығы – «ТКМ» компаниясы жерді босатудан қашып, заңсыз әрекет жасап отыр. Ал «митингке» шыққан жүздеген саудагер – «манипуляция құрбандары». Ресми өкілдің айтуынша, базар иелерінің сатушыларды митингке итермелеуі – әкімдік қаулылары мен сот шешімдерінің күшін жою үшін жасалған арандату мен айла-шарғыдан басқа ештеңе емес.
«Жалпы, қала жерін пайдаланған 20 жыл ішінде бұл компания («ТКМ» - ред.) түк істемеді. Міне, нақты фактілер: соңғы 16 айда базардағы орындарды жалға алған саудагерлер «ТКМ» компаниясына 120 млн. теңге төледі, ал өз кезегінде компания бюджетке тек 1 млн. теңге салық төлеген. Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көлеңкелі экономикамен күресуді тікелей тапсырды, ал мұнда оның өркендеуі мен заңсыз кәсіпкерлік қызметі айқын көрінеді.
Адамдар қандай жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр екенін қараңыздар. Базар деп айту да қиын. Тек контейнерлерді қойып, жалақысын алып отыр. Толық антисанитария және қауіпсіздік нормаларын елемеу. Тым болмағанда, дұрыс дәретханалар жоқ. Қыста қалай жылытатыны түсініксіз, өрт қаупін тудырып, адамдардың өміріне қатер төндіруде. Бұл – сатушылар мен сатып алушылардың тағдырын тәлкек ету. 21 ғасырда Алматы сияқты қалада осындайға жол беру дұрыс па?» – деді өкіл. Белгілі болғаны, базарға қатысты бұрынғы жалдау шарты 2018 жылы сот шешімімен тоқтатылған. Алайда, базар басшылығы осы уақыт ішінде сатушылардан жалдау ақысын заңсыз жинауды жалғастырған. Яғни, ресми өкілдің айтуынша, жерді жалға алып отырған «Рахат» базарының басшылығы – «ТКМ» компаниясы заңға бағынбай отырған көрінеді.
«Жер комиссиясының шешімімен бізге 4 жыл 11 ай мерзімге жалға жер телімі бөлінді, яғни оны бір адам емес, тұтас комиссия шешті. Біздің инвестициялық жобамыз барлық деңгейлерде егжей-тегжейлі қаралып, есептелді. Бұл – бәсекеге қабілетті өнім беретін заманауи, технологиялық өндіріс.
Өкінішке қарай, екі жыл бойы (2018 жылғы сот шешімінен кейін – ред.) қолымызда бекітілген жоба мен ақша бола тұра, біз мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырдық. Тіпті, біздің эскизге де келісім берілмеді. Бұл – шенеуніктер тарапынан жасалған кемшілік. Құзыретті органдар қайда қарап отыр? Біз осы уақытқа дейін өндірісті іске қосып үлгерер едік. Адамдарда жұмыс болар еді және бюджетке салық төленер еді. Егер сұраныс болса, біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жұмыссыз қалған адамдарды оқытуға және жұмысқа орналастыруға дайынбыз. Оған қоса, біз Алматы сияқты әдемі қалада өркениетті еңбек жағдайлары болуы тиіс деп есептейміз. Жобаға «Рахат» базарының кәсіпкерлері үшін жекелеген коммерциялық үй-жайларды қосатын өзгерістер енгізуге дайынбыз», – деді Нұрбек Бекбау. Оның айтуынша, «Almaty CPS» ЖШС – әлеуметтік тұрғыда жауапты компания. Ол 3 млрд теңгеден астам инвестиция салып, 490 тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Жыл сайын бюджетке салық түрінде шамамен 55 млн теңге төлейміз деді ресми өкіл. Еске салайық, кеше, 3 қаңтар күні Алматының солтүстік-батысында орналасқан «Рахат» базарында 200-ден астам саудагер мен кәсіпкерлер митингке шықты. Олар базардың жабылуына қарсылық танытты. Алматы әкімдігі «Алматы CPS» компаниясына жиһаз фабрикасын салу үшін 1 гектар жер телімін берген болатын. Қазір базар басшылығы – «ТКМ» ЖШС-сының арызы бойынша сот жүріп жатыр. Бұған дейін сот олардың талаптарын екі рет қабылдамай, жер бөлудің заңдылығын растады.
«Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің туыстары мен «Almaty CPS» компаниясының байланысы туралы мәлімдемеге келетін болсақ, мұның бәрі жалған ақпарат және өтірік жабылып отырған жала деп нақты айта аламын. Біздің ойымызша, базар басшылығы сот пен әкімдікке қысым көрсету үшін әдейі жағдайды саясиландырып отыр», – деді Нұрбек Бекбау.
https://youtu.be/H2kxguAwzIU