Қазақстанда Армения және Қырғызстан нөмірімен жүрген көліктерге арналған жаңа талаптарға қатысты атыраулық автокөлік иелері «Аламан» сауда үйі маңайына жиылып, биліктен әкелген көліктерін тіркеу, кедендік ресімдер және утилизацялық алым төлемдерін төмендетуді талап етті.
Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды шетелдерде тіркелген көлік құралдарын өз елімізде тіркеуге шақырғалы шетелдік көлік иелерінен маза кеткен. Ереваннан еліне көлік айдап әкелуді бастаған ресейліктердің соңынан ерген қазақстандықтар елімізде тіркелмеген көліктері үшін «көресінді көреміз бе?» деп уайымдап жүр.
Сайып келгенде Арменияда кедендік тіркеуден өтіп, сол жақтан әкелінген көліктер шетелдік болып есептеледі. Ал оларды Қазақстанда тіркеу үшін кедендік баж салығын төлеу керек.
Атыраулық шетелдік автокөлік иелерінің де өз талаптары бар. Сондықтан да «Аламан» сауда үйі маңайына жиылғандарға Атырау облысының ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мырзалы Өтеғалиев пен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев көліктерді тіркеу ережелерін түсіндірді.
Жиналған автокөлік жүргізушілері Қазақстанда автокөлікті заңдастыру үшін шетелден автомобиль сатып алуға кеткен ақша көлеміндей қаржы жұмсалатынын, оның өздері үшін қымбатқа шығарын айтып шағымдануда. Әрі шетелдік көліктерін тіркетуге кеткен шығынды өндіріп алу үшін жанталасқан кезде халықтың да зиян шегетінін айтады. Себебі олардың көбі жекеменшік тасымалдаушы болып ақша тауып жүргендер. «Біз көлігімізді заңдастыру үшін ақша табуымыз керек. Ол ақшаны біз такси болып табатынымыз белгілі. Бұл сайып келгенде, Атырауда такси құнының артып, қарапайым тұрғындардың тұрмыстық жағдайына әсер ететіні сөзсіз», – дейді көлік иелері. Сондықтан атыраулықтар Үкіметтен көліктерін заңдастырып беруді сұрайды.
Сонымен қатар олар өңірлерде болатын жол-көлік апаттары мен жол ережесін бұзушылардың барлығын «армениялық» деп айыптауға болмайды деген уәждерін айтуда. «Жол- көлік оқиғаларының болуы көліктің шетелдік болуынан емес, көлікті басқарушылардың мәдениетінде екенін ескерген де дұрыс шығар», – дейді олар.
Жиын соңында «Біз жиналғандардың талаптарын тыңдадық. Жалпы, 212 көлік иесінің талап-арыздарын қабылдап алдық. Көлік иелерінің барлық шағымдары мен ұсыныстарын Үкімет пен Парламентке жеткіземіз. Қазір ереже бұзғандар болмаса, ешқандай шектеулер салынып жатқан жоқ. Заңға сәйкес, 15 күн ішінде жауап береміз», – деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Жасұлан Бисембиев.
Атырау облысы