Бүгін Көкшетауда Қазақстан Республикасының халық әртісі, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ драма театрының актрисасы –Жібек Бағысованың өнері мен өмірі тоғыстырылған “Өмірлік өнер мектебім” атты кітаптың тұсауы кесілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Арқа төсінен түлеп ұшып, өнерімен талай жерді аралаған сахна ханшасы, Қазақ театр өнерінің саңлағы – Жібек Бағысованың 80 жылдығына арналған аталмыш кітап өнер ордасының 25 жылдығы мен халықаралық әйелдер мерекесінің қарсаңында жарық көрді. Кітаптың тұсаукесеріне облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Сәбит Жәмбек, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, ҚР жазушылар одағының мүшелері Серік Жетпісқалиев пен Ерболат Баятұлы және театр ұжымындағы әріптестері қатысып, құттықтау лебіздерін жеткізді. Кеш барысында өнер иесі Талдықорған, Қызылорда және туған өлкесі Көкшетау өңірлеріндегі өмір жолындағы естеліктерімен бөлісе келіп, кітаптың шығуына ықпал еткен өнер жанашыры Марал Жақыповаға және әкімшілік құрылымдарына алғысын білдірді. «Мен осы өңірде туып өстім. Алғаш өнер әлеміне деген қадамым да осы өз елімде басталды. “Қазақфильм” ұжымы Көкшеге келіп Сәбит Мұқановтың “Ботагөз” романы желісінде түсірген киноға түстім. Осы арқылы атақты кино әртісі Ботагөз рөліндегі Гүлфайруз Исмайловамен танысып, алғаш рет бала жүрегім сол кісідей жұлдыз болсам деген арманды кешті. Міне, содан бері өнер дейтін құдіретті бойыма сіңіріп, еліме, Отаныма қызмет етуді мақсат етіп келемін. Қазақстанның қай өңіріне қызмет бабымен барсам да, Көкшемді жүрегімде сақтап, оған кір келтірмеуге тырыстым»,– деді өнер иесі көпшілік алдында. Кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсімінен соң көкшелік зиялы қауым өкілдері өнер иесінің өмірі мен шығармашылығы туралы ойлары мен түрлі естеліктерін ортаға салды. Кітапта өнер қайраткерінің сахна төріндегі 60 жылдық ерен еңбегі мен өнегелі өмірі әдеби көркем тілмен өрнектелген. Сонымен қатар өнер иесінің боямасыз шынайы өмірінен сыр шертетін әңгімелері, қызылордалық, көкшетаулық қаламгерлердің әр жылдары Жібек Бағысова туралы жазған мақалалары, жыр жолдары, БАҚ өкілдеріне берген сұқбаттары мен фотосуреттері енгізілген. Кітапты құрастырып, Жібек Бағысова туралы естеліктерді жарыққа шығарған облыстық «Рухани Жаңғыру» өңірлің жобалық кеңсесінің басшысы Марал Жақыпова шығарыпты. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы