Коллектордың қиянатына қарсы заң
Коллектордың қиянатына қарсы заң
90
оқылды

Қазақстандағы темекі өнімдерінің акцизі Еуразиялық одақ елдеріндегі ставкамен үйлестіріледі. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс тиісті келісімді ратификациялайтын заң жобасын мақұлдады. Палата Спикерінің байламынша, бұл бір жағынан Қазақстанның мүдделерін сақтауға, екінші жағынан ЕАЭО келісімдері аясында мемлекет міндеттемелерін орындауына септеседі.

Жиында депутаттар «Еуразия­лық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңының жобасын құптап, Сенатқа жолдады. Келісімге сәйкес, 2024 жылдан бастап, Еуразиялық одақ елдері шылым атаулыға 1 мың талы үшін 35 еуро көлеміндегі индикативті ставканы енгізуі тиіс. Алым-салық көлемін бұдан 20%-ға азайтуға не көбейтуге ғана мүм­кіндік беріледі. Нәтижесінде, темекі ары қарай қымбаттай түс­пек. Осылайша, одақ аясында темекі өнімдерінің акциз салығы кезең-кезеңмен ор­тақ бір шамаға келтіріледі. Талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бір жайтқа назар аудартты: мысалы, егер одақтың қандай да бір елінде еуроның ұлттық валютаға шаққандағы бағамы күрт өссе не болмақ? Онда темекі құны да шығандап кетпек. Бұл халықтың шылымқор бөлігінің үлкен наразылығын ту­ғызуы ықтимал. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, ұлттық валюта бағамы күрт өзгерген жағдайда ЕАЭО-ға мүше елдердің әрқайсысы ұлтүстілік орган – Еуразиялық экономикалық комиссияға жүгініп, акциздердің индикативтік мөлшерлемесін қайта қарауды сұрауға құқылы. Алайда одақтың өзге елдері құптаса және толық ымыра болса ғана ол елге темекі салығын арзандатуға рұқсат етіледі. Отырыста депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстанда  микроқаржылық  және  коллекторлық қызметті реттеу  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасын екінші оқылымда құптап, Жоғары палатаға жолдады. Жо­баға депутаттар бірқатар түзету енгізді. Олар азаматтардың борыш жүктемесінің шамадан тыс өсуіне жол бермеуді, дауларды реттеу және борышкерлердің құқықтарын күшейту тетігін жетілдіруді қарастырады. Кредиторлардың қарыз алу­шылар өтінішін қарау және проб­лемалы берешекті реттеу мерзімдері 180 күннен 90 күнге дейін азайтылады. Бұған қоса микрокредиттер бойынша тұрақсыздық айыппұлы мен өсімпұлдың мөлшерін шектейді. Сондай-ақ ипотекалық қарыздардың барлық түрі бойынша мерзімі өткен (180 күннен кейін) сыйақылар мен комиссияларды есепке жазуға тыйым салынады. Коллекторлық ұйымдардың арам әрекетіне жол бермеу үшін оларға бөтен телефон нөмірлерінен борышкерге телефон шалуға тыйым салынады. Олардың үшінші тұлғаларға қарсы әрекеті де шек­теледі.

Айхан ШӘРІП