Аналарға құрмет көрсетілді
Аналарға құрмет көрсетілді
166
оқылды

«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай бір топ көпбалалы анаға құрмет көрсетілді. 

Партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткен мерекелік жиында таңнан кешке дейін Түркістан қаласын абаттандырумен, тазалаумен айналысатын «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС-ның 15 қызметкері марапатталды. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев еңбекқор аналарды мерекесімен құттықтады. – 8 наурыз – ардақты аналарымыздың, қарындастармыз бен жеңгелеріміздің, қызғалдақтай қыздарымыздың шуақты мерекесі. Осы мейрамға орай Түркістан қаласының гүлденуіне шынайы үлесін қосып жүрген нағыз еңбекқор, көпбалалы аналарымызды арнайы шақырып, марапаттауды жөн көрдік. Сіздердің жаңа Түркістанды дамыту бағытындағы еңбектеріңіз ерен. Түркістан облысы бала туу саны бойынша рес­публикада көш бастап тұр. Бүгінде өңірімізде 98 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Былтыр «Біргеміз» қоры арқылы партияның ық­палымен 38 907  отбасына бір рет­тік ақшалай көмек берілді. Олар­дың басым бөлігі – көбалалы аналар.  «Nur Otan»  партиясы «Ба­қытты отбасы» жобасы аясында көпбалалы аналарды қолдауды жалғастыра береді. Мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге және отба­сыларыңызға амандық, зор ден­сау­­лық тілеймін! – деген Б.Дәулет­ұлы көпбалалы аналарға алғысхат пен сый-сияпат тапсырды. Таңғы 7 болмай жатып жұмысқа шығып, кешке дейін қала көшелерін, тұрғын үй аулаларын сыпырып-тазалайтын бұл аналар жұмыспен қатар ұрпақ тәрбие­сімен де айналысып отыр. Қиындыққа мойымай, елге адал еңбек етіп жүрген қала патриоттары пар­­тия басшылығына ризашы­лықтарын білдіріп, Түркістанды, жалпы облысты таза ұстауға, экологиялық сауатты болуға шақырды. – Барша қыз-келіншектерді келе жатқан мерекемен құттық­таймыз. Қаланың, ауылдың тазалығына әр адам жауапты екенін білуі тиіс. Туған жерді қадірлейік, көшені таза ұстайық. Еліміз аман, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, – дейді түркістандық көпбалалы аналар.

Әбілмансұр ЖАСАН