Мұнайлы аймақта газ тапшы
Мұнайлы аймақта газ тапшы
130
оқылды

Мұнай-газ өндірісі шоғырланған Атырауда көліктерге арналған газ тапшы. Автокөлік жүр­гізушілері газ құю бекеттерінде ұзын сонар кезекте тұр. Сұйы­тылған газбен қамтамасыз етудегі кідірістерді пай­­даланғандар газ бағасын көтеріп үлгерген.

Жүргізушілердің айтуынша, газ тап­шылығы өткен аптада басталған. Сол себепті кейбір бекеттер 50-53 теңгеден сатыл­ған сұйық отынның бағасын 65 теңгеге дейін кө­теріп жіберіпті. Мәселе өңірді сұйытылған газбен қамтамасыз етіп отырған «Атырау мұнай өндеу зауыты» ЖШС-ның жұмысында іркілістер пайда болғандықтан туындаған көрінеді. Аталған зауыттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаң­тар айында зауытта электр желі­сінде ақаулар пайда болып, кернеу тұйықталуының 21 жағдайы тіркелген. Соның салдарынан CCR технологиялық қондырғысының 90 пайыз катализаторлары істен шыққан. Бұдан өзге де ақау салдарынан зауыт әлі қалыпты технологиялық режимге өте алмай тұр. Бұл жағдай сұйытылған газ өндірісіне әсер еткен. Кәсіпорынға келген шығын 25 млрд теңгеге бағаланып отыр. Ал қалыптасқан жағдайға байланысты Атырау облысының әкімі М.Досмұхамбетовтің тө­рағалығымен жедел отырыс өтті. Аймақ басшысы өңірде соңғы күндері автокөліктерге қажет сұйы­тылған газ тапшы­лығының туындауына қатысты жауапты тұлғалардың салғырттығын сынады. «Жауапты басқарма басшылары мәселені дер кезінде шеш­пей, ушығуына жол беріп отырсыздар. «Атырау мұнай өңдеу зауы­ты» ЖШС мен салалық Энер­­гетика министрлігі тығыз байланыс жасап, мәселені созбақтамай реттегенде мұндай жағ­­дай болмас еді. Осы олқы­лыққа қатысты тікелей жауапты тұлғаларға қызметтік шара қолданылады» деген облыс басшысы орын­басарлары мен тиісті бас­қарма басшыларына Энергетика министрлігімен тығыз байланыс­та болып, мәселені жылдам ше­шуді тапсырды. Аталған проблеманы облыс­тық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Данияр Мұқышев: «Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, ақпан айында наурыз айы үшін облысқа қажетті 4 600 тонна сұйытылған мұнай газын беру туралы кесте жіберген болатын. Алайда «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатқандық­тан, тиісті сұйытылған газды бере ал­май отыр», – деді. Мәселені реттеу үшін өңірде сұйытылған мұнай газын өндірудің уақытша төмендеуіне байланысты қажетті газды алу үшін Энер­­гетика министрлігіне тиісті хат жолданған. Қазір өзге компаниялардан наурыз айына қажетті 4 500 тонна газды сатып алу бойынша жұмыс жүргізілуде. Облыста сұйытылған мұнай газымен жүретін автокөліктер тәу­­­­­­лігіне шамамен 150 тонна газ тұтынады. Ал Энергетика министрлігінің хабарлауынша, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС каталитикалық крекинг қондырғысының істен шығуына байланыс­ты сұйытылған мұнай газын өндіре алмайды. Зауыттың ақпараты бойынша жабдықтың жұмыс істеу қабілетін қалпына кел­тіру наурыз айының соңына дейін жалғасады.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы